» » Отандық өнімнің орны бөлек

Отандық өнімнің орны бөлек

Қазір қай салада болсын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін отандық табиғи, таза өнімдердің құрауы аса маңызды.

Бүгінде дүкен сөрелерінде тұрған тауарлардың дені шетелден келеді. Әрине, олардың қатарында отандық өнім де жоқ емес. Қазір жеміс-жидек пен көкөністің пісімшілік уақыты. Сауда сөрелерінде бау-бақша өнімдері де көбейіп тұр. Олардың бір бөлігі елімізде өндірілсе, енді бірі сырттан келеді. Жалпы еліміздегі отандық өнімнің жай-күйі қалай? Өнеркәсіпті дамытуға не кедергі? Төл өнім қаншалықты сұранысқа ие? Саралап көрсек.

Елімізге арзан бағамен келетін шетелдік жартылай фабрикаттар, ұзақ мерзімге сақталатын мұздатып қатырылған құнарсыз өнімдер қазір қай дүкеннің болсын сөресінде сіресіп тұр. Жасыратыны жоқ бүгінде көрші елдерден келген арзан тауар біздің нарықты жаулап алған. Қарапайым халық та бірінші кезекте қалтаға қонымдысын қалайды. Өзімізде өндірілген заттың бағасы «тәп-тәуір» болса оны қуана алар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өнімді қолдауды жиі айтып жүр. Мойындау керек, сырттан арзан әрі сапалы тауар ағыны артқанда бұқараның соған ұмтылары анық. Бұл тұрғыда импортты ырықтандырудың жалғыз жолы бар. Ол отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерді әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Демек, «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана тауар өтімді болып, сырттан келіп бізді ешкім жарылқамайды.

Өз өніміміз тұрғанда өзгенікін қайтеміз?
Біздің елде қандай өнім шығарылады? Осыған тоқтала кетсек.  Ол үшін күнделікті өзіміз тұтынатын тауарларды бір шолып шықсақ та жеткілікті. Ең бірінші кез келген тамақты істеуде қажетті күнбағыс майын алайық. Жұртшылық көп пайдаланатын «Маслозавод №1» майы Қазақстанда,  нақтырақ айтқанда, Өскемен қаласында шығарылады. Тәулігіне 150 тонна дайын өнім шығаратын «Май» АҚ сонымен қатар, бәрімізге танымал «Күнкей», «Забота», «Майское» сұйық майы да өндіреді. Алматы мен Қарағандыда екі бірдей үлкен өндіріс ошағы бар «Eurasian Foods Corporation» АҚ өндіретін «Шедевр» майын тағы қосыңыз. Бұл кәсіпорын барлығымыз күнделікті тұтынатын «3 желания» майонезі мен өзге де көптеген май өнімдерімен танымал.

Сүт өнімдерінен сыртқа тәуелді емеспіз. Солтүстіктен шығатын сүт өнімдері қазір еліміздегі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Сондай-ақ
Жамбылда өндірілетін ағарғанның сан түрі бар. «Меркі» ірімшік зауытының айраны, қаймағы мен өзге де өнімдеріне «Бурненский» ірімшік зауытының өнімдерін тағы қосыңыз. Олар тек айран-сүт қана өндіріп қоймай, халықаралық талаптарға сай келетін сулунгуни, моцарелла, голланд сынды түрлі ірімшіктерді де елге ұсынып отыр.

Енді макарон мен ұн өнімдеріне тоқтала кетсек. Қостанайдың «Коронасы» мен Түркістан облысының «Мадинасын» бар. Мұнан өзге атақты «Арзу» мен «Асату» жаймалары да Жамбылда өндіріледі. Күріш, қарақұмық сынды өнімдер де қазір «Қазақстанда жасалады».

Сондай-ақ елімізде тәтті өнімге де таңдау көп. Әйгілі «Қазақстан» шоколадын өндіретін «Рахаттың» сан түрлі тәттісінің дәмін татпаған адам кемде-кем. «Баян сұлу» да дәл сондай. Үйге қонақ келгенде немесе өзіміз отырып жақсылап бір шай ішерде кәмпиттің жанымыз қалаған түрін таңдап аламыз. Бәрі де отандық өнім. Дәл сол секілді тәтті тоқаш пен бәліштердің, күлше мен торттардың да өзімізде өндірілетіні қуантады. Ауданымызда да шағын кондитерлік цехтардың өнімдері бүгінде тұрғындар тарапынан жоғары бағаланып, сауда орындарында сұрыныстан түспейді. Тіпті «Жосалы тәттілерінен» шығатын өнімдер нарықтағы «Яшкинодан» еш кемі жоқ.

Аймақтағы жай қалай?
Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көрсеткішінің өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Биылғы жылдың 5 айында экономиканың осы секторы 6,3% өсім көрсеткен екен. Ал инвестициялар көлемі 40%-ға өскен. Оның 80% – жеке салымдар. Айта кету керек, 2024-2028 жылдар аралығында 8,4 мың жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 76 жобаны іске асыру көзделген. Осы жылдың өзінде 32,4 млрд теңге сомасына 15 жоба іске қосылмақ.

Биыл өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар қолға алынуда. Тиісінше, осы жылы өнеркәсіп өндірісі көлемін 101%-ға, өңдеу өнеркәсібін 107%-ға, сауда айналымын 104,5%-ға, шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 23%-ға жеткізу межеленіп отыр.

Аймағымызда кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы айтарлықтай жанданып келеді. Мәселен, былтыр кәсібін тұрақты жүргізіп отырған кәсіпкерлер саны 67 180 бірлікті құрап, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 125 мың адамға жеткен. Нәтижесінде, аталмыш саладағы өсім көрсеткіші 7,6% құрады. Сондай-а, кәсіпкерлік саласында 540,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бизнестің жалпы өңірлік үлесі 17,7% құрады. Өткен жылы аймақта мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,6%, өңдеу өнеркәсібі 33,5%-ға, сауда 4,7%-ға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,2%-ға артты.

Ауданымызда кәсіпкерлікті дамытуда ең бірінші басымдық өңдеу өнеркәсібі саласына беріледі. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және құрылыс материалдар өндірісін айтқан жөн. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында елде сапалы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларға басымдық беруді тапсырған болатын. Мәселен, облыста құс етіне қажеттілік жылына 14,1 мың тонна. Осыған дейін оның барлығы сырттан келді. Енді өнім өзімізде өндірілетін болды. Осы орайда Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы іске қосылып, өнімі шығарылды. Сонымен қатар, Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газоблоктар өндіретін шағын зауыты мамыр айында жұмысын бастады. Мұнан өзге Жаңажол ауылдық округінде наубайхана және кондитерлік цехы, Төретам кентінде «С-тройка» өндірістік кооперативінің бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылды.
Иә, өңдеу өнеркәсібін өзектендіру – уақыт талабы. Мемлекет басшысының серпінді жобаларды, өңдеу өнеркәсібін шикізатпен жеткілікті көлемде және тиімді бағамен қамтамасыз ету тапсырмасы орындалу үстінде.

Түйін
Расымен өзге емес, өзіміздің өнімдерді брендке айналдыру – заман талабы. Осы жолда аянбай еңбек етіп, бәсекелестікті дамытып, тиісінше, сапалы өнім ұсынуды қолға алған дұрыс секілді. Ендігі мәселе жергілікті жерлерден шығарылатын тауарлардың сапасының жоғары, көлемінің мол, бағасының қолжетімді болуы. Шынтуайтында, өзгеге телміртпейтін өз өніміміз көбейсе деген ой біздікі. Себебі төл өнімнің төрге шығатын күні де алыс емес секілді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
30 шілде 2024 ж. 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031