» » Ертегі айтып жүрсіз бе?

Ертегі айтып жүрсіз бе?

«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...»  деп басталатын ертегіні бала күнімізде кітаптан жиі оқитынбыз. Қала берді радиодан «Зәмзәгүл әженің ертегілері» айдарымен шығатын аудио ертегіні тыңдап ұйқыға кететінбіз. Ол кез де өзінше қызық екен. Ал қазір ше? Ертегі айтатын әже азайды ма, жоқ әлде балақайлар ертегі тыңдамай ма, беймәлім. Әйтеуір «ертегі айтып берші» деп жүретін баланы, «айтып берейін» дейтін әжені кездестіру қиын. Әрі-беріден соң бүгінгі өскелең ұрпақтың ауыз әдебиетіне деген әуестігі жоқ секілді. Бала қиялы ғаламтормен, қалтафонға байланып қалған.

Рас, бүгінде ұлттық тәрбиенің негізі саналатын ертегі өгейсіп тұр. Шындығында ата-ананың ертегі айтуға уақыты жоқ. Бала өтінішін орындамай тыныш отырса болды деп телефон ұстата қояды. Күн ұзағына күнкөріс қамы деп шаршаған ата-ананы да түсінуге болады, әрине. Дей тұра бала тәрбиесі бәрінен биік тұрады емес пе? Бір мезгіл бала тәрбиесіне көңіл бөліп, уақыт табуға болмас па еді. Тиынның да екі жағы болады. Бүгінгі жас ата-аналарды да біржақты қаралай беруге болмас. Заманауи әжелеріміз де жетіп жығылады. Әрине, заманына қарай адамы. Дегенмен ұлттық құндылықты сақтай отырып оны заман ағымымен ұштастыру да керек.

Ертегі тыңдап өскен бала болашақ өміріне бағыт қалыптастыра алады. Кейіпкердің батыр тұлғасына қарап, үлгі алады, бой түзейді. Мамандар баланы ұйықтатар алдында қандай да бір ритуалдың болуын дұрыс деп есептейді. Демек, күнделікті қайталанатын әрекет баланы өздігінен ұйықтатуға дайындайды. Мәселен, ұйықтар алдында беті-қолды жууды әдетке айналдырады емес пе?! Сол секілді жатар алдында баламен сөйлесу, әңгімелесу, жақсы сөз айту тиімді саналады. Сондықтан балаңызға жатардан бұрын ертегі я болмаса мағыналы әңгіме айтуды әдетке айналдырғаныңыз жөн.

– Түнгі ұйқы алдында балаға ертегі оқып беру өте пайдалы. Бала дүниетанымын қалыптастыруда ертегі маңызды рөл атқарады. Ертегіде халықтың басынан өткен оқиғаның ізі жатыр. Балаға ертегі оқып беру арқылы оны адалдық пен тапқырлыққа тәрбиелейді. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан олардың тағдырына бейжай қарамай, ұлттық құндылықты үйретіп өсіргеніміз абзал. Немереме күнде кешке ертегі айтып беремін. Өйткені, ертегіні тыңдап өскен бала жаман мен жақсыны ажырата біледі. Ертегі айтатын әжелер азайған уақытта балақайларымызды теледидардағы адам түсінбейтін, атыс-шабыс шетелдік мультфильмдерден шеттетуіміз керек. Өз қолымызбен-ақ қазақ баласының психологиясын бұзып жатырмыз. Сондықтан біз, әжелер балалардың ертегі тыңдап өсуін қадағалауымыз керек, – дейді Мейрамкүл есімді әжей.

Қазір дамыған заман деп жатамыз. Мәселен, «Инстаграм» әлеуметтік желісінде «Қазақ ертегілері», «Ертегілер елінде» деген бірыңғай ертегілер жарияланып тұратын арнайы парақша бар. Кітапты қалтафон алмастырған мына қоғамда электронды оқулық пен әлеуметтік желіні өз пайдаңызға қолдансаңыз жетіп жатыр. Уақытыңызды да үнемдей аласыз. Балаңызға ертегі оқып беріп, оның таным көкжиегінің кеңеюіне де сеп боласыз.

Ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бала тапқыр болсын деген ниетпен жұмбақ шешімін табуға үйретеді, тілі таза болсын деп жаңылтпаш жаттатады, ойы шыңдалсын деп өлең оқытады. Иә, «Тәрбие – тал бесіктен» деген қазаққа ұлттық құндылығымыз жоғалмасын десеңіз ертегі оқуға ерінбеңіз.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 шілде 2024 ж. 166 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031