» » Ертегі ескерусіз қалып бара ма?

Ертегі ескерусіз қалып бара ма?

qarmaqshy-tany.kz ХХІ ғасыр – жаңалықтар мен технологиясы дамыған жаһандану процесіне ұласты. Әсіресе, бұл бүлдіршіндеріміздің әрқайсысының қолына бір-бір «айпад» немесе «планшет» деген құралды ұстатып, сол арқылы ғаламтордан кез келген мәліметті алатын болды. Сонымен қатар мультфильмді тамашалайды. Жасыратын несі бар, олар сол көгілдір экранның арғы жағындағы виртуалды әлеммен өмір сүріп жатыр. Роботтар арасындағы бітпейтін «жаһандық» соғыстың қимыл-әрекеттерін қызықтайды.
Осындайда ондағы кейіпкерлердің бойындағы сезімдер мен қылықтардың адамгершілік құндылықтарынан алшақтығы ойлантады. Оның ешқандай тәлім-тәрбиелік маңызының жоқтығы, жақсылық пен мейірімділіктің шуағы сезілмейтіндігі қинайды. Ал ескіден ел аузымен танылған ертегі – әпсаналар, жыр-дастандар бүгінгінің баласына қызық емес. Бұл технологияның дамығаны деп аспанға бөрік ата қуанар дүние ме, жоқ әлде қазақ ертегісінің орнын Marvel-дің комиксі басқанын мойындағанымыз ба? Балаға ақ-қараның аражігін ажырата түсіндіретін, туған тіл мен ділдің қадірін қастерлеуге шақыратын ауыз әдебиеті саласының өгей баланың күйін кешуіне не себеп? Ертегінің ескерусіз қалуына кім кінәлі? Болашақ ұрпаққа берері мол ертегінің орнын толтыра аламыз ба? Саралап көрсек.
Балаға ертегі не үшін қажет?
Қазақ фольклорының қара сөзбен ауыздан-ауызға жеткен қайталанбас мұрасының бірі – ертегі. Ол белгілі бір ұлттың ауызша айтатын көркем әңгімесі. Осынау көркем әңгіме арқылы еңбекші халық бақыт, еркін өмір, жайлы мекен туралы үміт-армандарын баяндап келген. Ертегі тарихтың атасы десек те жаңылмаймыз. Сол ертегі бабаларымызға бағдар бола білді. Санаға жамандықтың ұятқа, жақсылықтың мұратқа жеткізерін ұқтырды. Өткеннің балабақшасы ата мен әже тәрбиесі болса, сол тәрбиенің басты қаруы осы ертегі еді. Ең біріншіден ертегі қиял мен логиканы дамытады. Баланың армандау, құрастыру, шығармашылық дамуына ықпал етеді. Ертегіні айту барысында дауысты өзгерту, алдау, қорқу, жасыру жиі кездеседі. Оны бала ата-анасымен, достарымен ойын кезінде қолдана алады. Әрі оқығанын, естігенін талқылайды. Бала сюжетті еске түсіріп қана қоймай, оқиғаның жалғасын өзі құрастырып та кетеді. Ертегіні тыңдап болған соң логикалық ойлауды, оқиға арасындағы байланысты іздеп қорытынды жасайды. Осы арқылы дүниетанымы кеңейеді. Әлем халықтары ертегілерінде әртүрлі ұлт өкілдерінің сәулеті, дәстүрі, табиғи жағдайы туралы баяндалса, жануарлар ертегісінде олар туралы айтып қана қоймай, жан-жануардың әдеті, мінезі, тамақтануы, қайда, қалай өмір сүретіні туралы ақпаратты меңгереді. Сондай-ақ ертегілерде қайғылы оқиғалар да кездеседі. Мәселен, өгей ата-ана бөтен баланы тәрбиелейді, жануарлар жарақат алады. Осындай оқиға бала өмірінде де кездесуі мүмкін. Ата-ана балаға оны түсіндіре алмайды. Ал ертегі сюжеті арқылы балада өмірдегі түрлі келеңсіз жағдайлар туралы да түсінік пайда болады. Күнделікті заттарды, әлемді, оқиғаларды дұрыс түсінеді. Қиын жағдайдан шығуды, жол табуды үйренеді. Ертегі арқылы жақсылық пен жамандықты айырады. Ертегінің тағы бір артықшылығы – есте сақтау қабілеті жақсаруына сеп болады. Кейде балаға бір нәрсені ұрысып үйреткеннен, кешкісін ертегімен дұрыс істерге баулыған жөн. «Мақтақыз бен мысық», «Ұр, Тоқпақ!», «Қаңбақ шал» секілді ертегілер көп болса да, жас аналарға айтатын бір кеңесіміз бар. Егер, балақай бірдеңе бүлдіріп қойып, кінәсін түсінбей жүрсе, ұқсас оқиғалы қызықты ертегіні өзіңіз құрастырып айтуға болады. Қиялында біраз ойланып, ақ-қарасын ажырата алуына септігін тигізеді.
Осындай берері мол ұлттық мұрамызды ескермей кеткеніміз жасырын емес. Десе де соңғы уақытта, балалардың мінез-құлық мобилін қалыптастыру үшін «ертегі терапиясы» деген ұғым кеңінен қолданылып жүр. Оның жақсы әсері соншалық, ем ретінде арт-терапия, танато-терапия, дене-қимыл терапиясымен тең дәрежеде тиімді саналады. Яғни, ертегінің баланы емдеу-сауықтыру шарасына ықпалы өте күшті. Ертегі тыңдап өскен бала өзінің алдағы өміріне дұрыс бағдарлама қалыптастырып үйренеді. Ертегі кейіпкерлері батырлардың болмысына қарап, ондағы оқиға желісін ой елегінен өткізіп, өз бойын түзейді. Баланың мінез-құлқын қалыптастырудағы ертегінің ықпалы ермексаз игенмен бірдей. Сол себепті де, алдымен Еуропа елдері, одан кейін Ресей, қазір біздің еліміз ертегі терапиясына мән бере бастады.
Біз қандай ата-анамыз?
Әрбір ата-ана өмірге перзент әкелген соң, оның болашағына да жауапты екенін сезінгені жөн. Оның саналы, салиқалы азамат, қоғамға пайдасын тигізер тұлға болып қалыптасуы сол қасиетті бойына сіңіру үшін еңбектенуі қажет. Ертегілердің сан алуан түрі болғанымен, оның астарында баланы тәрбиелікке, имандылыққа, алға ұмтылуға жетелейтін мән-мағынасы болады.Сондықтан да, тәрбиенің бастауын тал бесіктен беру – ата-ананың міндеттерінің бірі.
«Мама, ертегі айтып берші!» «Жұмыстан шаршап келдім, күнім. Ұйықтай қойшы». Бір күн өтеді. «Мама, ертегі айтып берші». Шаршаңқы анасы тағы да баланың бетін қайтарады. Тіпті, бала тілегін орындай салайын десе, қолдан ол да келмейді екен. Күнделікті тұрмыстың қамымен жүрген соң, ойы он саққа шашырап, тіптен, бір ертегіні толық білмейді. Сонан соң баласы тағы да: «Ертегі айтып бересің бе?» деп қиылғанда: «Ерте-е-ең ертегі кітап сатып әперемін, содан соң, өзің оқып үйренетін боласың» дейді баланың өзіне жүк артып. Бірақ, мұны ұқпайтын бала тағы қиыла түседі: – Қазір тым болмаса, қысқа бір ертегі айтып беріңізші. Бұдан соң мойындамасқа амал бар ма? «Ертегі есімде жоқ, шын айтам. Кейін кітаптан оқып беремін, жарай ма? Әріп таныған соң өзің де оқитын боласың. Ал, қазір, дем ал. Мен де шаршадым. Ұйықта!» Бұл бес-алты жастар шамасында баласы бар әр үйде күнде кешкілік орын алатын диалог секілді. Дұрыс болмаса да, шындық – осы. Оны мойындауымыз керек. Балалықтың бал шырынының дәмі аузынан кетпеген бөбектеріміз осылай бізден ертегі сұрайды. Көңілінде алаңы жоқ, басында уайымы жоқ, тәтті түстей ғажайып қиял әлеміне, ертегілер еліне бір уақ сүңгігісі келеді. Ақыл мен ойды балалық сананың бесігінде тербейтін ертегімен жандүниесін сусындатқысы келеді. Ертегі кейіпкерлерін іштей сараптап, жақсысына еліктеп, жаманына жан-тәнімен қарсы тұрып, өзінің күрескерлік болмысын, таң қалу, сүйсіну, жақсы көру және жирену сезімдерін осылай шыңдағысы келеді. Қысқасы, олар өзінің балалық шағына шап-шақ әңгіме тыңдап, шынымен де бала болғысы келеді. Ал, біз... олардың бала болып өмір сүруіне де мүмкіндік бермейміз. Қалтамызда ақша жоқ болса, тәтті балмұздақ сатып әпере алмаймыз. Қолымыз қысқа болғандықтан, күнде үлкен ойын-сауық орталықтарына апарып, неше түрлі әткеншекке отырғызып, көңілін көтермейміз. Олардың сұрағанының бәрін ертеңнің еншісіне қалдырамыз. Уәде береміз. Бірақ, оны орындайтын да мұрша бола бермейді. Неге?
Психологтар бүгінде баламен ашық әңгіме құра білу керектігін айтады. Тіпті, бала тілегін орындай алмай қалған күнде де «жоқ, болмайды» дей салмай, оған себебін айтып, түсіндірген дұрыс деп кеңес береді. Бірақ, өкініштісі сол, ол да біздің қолымыздан келе бермейді. Мәселені тәптіштеп, айтып, түсіндіруге уақыт та жоқ, ал, жоқшылықта болсақ, «жоқ» деп тағы айтқымыз келмейді. Сонда не істеуге болады? Біз қандай ата-анамыз?
Балалардың аянышты халін көрсек, жүрегіміз қан жылайды. Баламыз сыртта әлдекімнің қолындағы ойыншығына немесе жеп отырған балмұздағына жұтынып қарап отырғанын көрсек, жанымыз егіледі. Тіпті, балабақшада болсын, мектепте болсын, оның өз қатарластарынан жұпыны киінгенін көрсек те, қарауға дәтіміз шыдамай, ортасынан бөліп әкеткіміз кеп тұрады. Бірақ... мәселе сонымен шешіле ме? Біз неге әлсізбіз? Рухымыз неге бәсең? Балаларымызды киімге немесе тұрмыстық жағдайға тәуелді етіп неге өсіреміз? Ата-ана бола тұра балаларымыздың көңілін толтырып, еңсесін түсірмей өсіруге неге дәрменсізбіз? Бұл да біздің дұрыс ата-ана бола алмағанымыздан болса керек. Әйтпесе, аты әлемге мәшһүр ғұлама-ойшылдардың, ақын-жазушылардың, атақты суретші, музыканттардың көбі сондай жоқ-жітіктен шыққандар емес пе еді? Бірақ сонда да олар адамдықтың биік шыңынан түспей-ақ өтті ғой.
Исламда «жақсы сөз айта білудің өзі үлкен сауап» делінеді. Ол дегеніңіз – қайыршыға садақа тастағанмен бірдей. Қазақ та «жақсы сөз жан семіртеді» дейді. Ендеше, балаларымызды балалықтың бал дәуренінен ажыратпауға тырысу – бәріміздің міндетіміз. Балалардан тәп-тәтті балалық шағын тартып алуға біздің хақымыз жоқ! Сондықтан, бәріміздің де үйімізде тым болмаса, бір-екі ертегі кітап тұруы тиіс. Ұйқы алдында олардың өтінішін аяқасты етпей, ертегі айтып беруге біз міндеттіміз. Ол – өз мүддеміз. Неге десеңіз, бала күнінен ертегі тыңдап, ертегі кітапқа қол созған өркен ертең кітап оқуды әдетке айналдырады. Ал, кітап – рухани сабақтастықты жалғайды. Балаларымызды, ертеңгі ұрпақты өзімізден алыстатпаудың, ертегідей үйлесімді өмір қалыптастырудың жолы, расында, осы болса керек.
Түйін Бұрын елді де, ерді де тәрбиелеген ертегі еді. Ертеде Альберт Эйнштейнге «Балаларымызды қалай ақылдырақ етуге болады?» деген сұрақ қойылады. Ғалымның жауабы қысқа да нұсқа болып шықты. Ол «Егер сіз ақылды бала қаласаңыз, оған ертегі оқыңыз. Егер одан да ақылды болсын деп армандасаңыз, одан да көп ертегі оқыңыз» десе, ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Әр адам 3 жастан 12 жасқа дейінгі аралықта өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің нәрін де ертегіден алады» дейді. Ертегі тыңдаған бала өзіне сенімді, ақылды, әдепті болып өседі. Сондықтан да, ертегінің орнын ескеріп, ұрпақ тәрбиесінде ұтылмайық!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
31 қаңтар 2023 ж. 287 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031