» » Кенеден кесір келмесін

Кенеден кесір келмесін

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы адамдарға кененің тікелей шағуы, малды кенеден қолмен тазарту, жүнін қырқу кезінде және осы дертпен ауырған адамды күту барысында жұғады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі – өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуы. Вирус жұқтырған адамның 30-70 пайызы өкінішке орай өмірден өтіп жатады.
Ауруды қоздырушы вирустың табиғат пен жануарлар арасында айналымға түсуіне байланысты медицинада қазіргі таңда ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін болмай отыр.
Біздің ауданымыздың халқы негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатындықтан, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошақтары бар елді-мекендерде аурудың кездесу ықтималдығы да өте жоғары болып саналады.
Аудан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқандықтан жыл сайын аталған індеттен «қолайсыз» болып табылатын елді мекендерде жоспарлы түрде профилактикалық шаралар жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма тарапынан аурудың алдын алуда және болдырмау мақсатында санитариялық ағарту жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Басқарма мамандары аудан және елді мекен тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, санбюллетень шығарып, үнпарақшаларды ұдайы таратып тұрады.
Мамандардың айтуынша, кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқан кенені байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медициналық көмекке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаған абзал. Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша кенені қарапайым медициналық қысқышпен (пинцетпен) немесе резина қолғап киіп, шүберекпен неғұрлым тұмсығына жақын жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек. Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет. Кенені шыны ыдысқа салып, медициналық мекемеге өзімен бірге апару керек (қажетті жағдайда кене зерттеледі) немесе Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалына тапсырып, ақылы түрде зерттеуге болады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алып, кене шақпас үшін бірінші сақтандыру киімін қолдану қажет. Мейлінше ашық жер қалдырмай киіну. Жеңі ұзын жейде, шалбар кию, кене тез табылуға көмек беретін ақшыл түсті киімді таңдау да сізге кенеден қорғануға үлкен мүмкіндік. Екіншіден, малдан адамға жұқтырмау шараларын қарастыру керек, оған жануарларға күтім жасағанда, жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалану. Үшіншіден, адамнан адамға жұғу қаупін азайту, оған науқаспен қатынаста болған жеке адамдардың және медицина қызметкерлері тарапынан жұқтырмау шараларын қарастыру, ауру күткенде арнайы медициналық киімдерді пайдалану, жеке басының гигиенасын сақтау керек.
Кене шағып алғанда немесе кенемен жанасқанда, жануарларға күтім жасағанда, жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда, табиғат аясында демалғанда, қансыраған науқас адаммен жанасқанда ауру жұқтыру қаупі көбейеді.
Ал егер, жоғарыда көрсетілген жағдайдан кейін адам өзін нашар сезініп, дене қызуы көтеріліп, кем дегенде бас және бұлшық ет ауырғанда, жүрек айнығанда, лоқсу сезімі пайда болғанда, іш ауырғанда немесе іш өткенде, яғни, аурудың алғашқы белгілері кезінде дереу медицина мекемелеріне қаралу қажет. Сақтансаң, сақтаймын деген. Сіз де кенеден сақ болыңыз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
18 шілде 2024 ж. 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930