» » Баба тарихын тану – мұрат

Баба тарихын тану – мұрат


Әр ұрпақ өз ата тегін, бәйтерек шежіресін біліп өскені керек. Кешегі солақай саясаттың кесірінен талай абызишандарымыз, данагөй ақсақал, қарияларымыз зорлықтың құрбаны болып кете барды. Олармен бірге халық ауыз әдебиетінің небір шежірелі тарихы, ұлы дала мектебінің рухани бай мәдениеті кетті. Өкінішті-ақ!
Артында қалған жас ұрпаққа не істемек керек? Әрине, асылдан қалған ұнтақ болғасын аманат арқалайсың, қолыңда бармен ертеңгі ұрпаққа қалдырар мұра болса, тауып беру, мәуелі бәйтеректің сынған жерін бүтіндеу, бүршік атуына себепкер болу керек-ті.
Осы орайда, жас жазушы, зерттеуші Нұрасыл Бекмат (ов) атасы Қадырқұл ишан Оразмағанбетұлы жайлы тарихи хамса кітабы орынды дүние дегім келеді. Кітаптың идеясын беташарындағы: «...Әр әулеттен ақ қағаз бетіне қара сиямен түскен кішігірім тарих пен із қалуы тиіс деп есептеймін» дегенінен-ақ түсінуге болады. Мұны аманат арқалаған ұлдың өмірлік миссиясы деуге келетін құндылық деп қабылдаңыз.
Естелік еңбек — Қадырқұл ишанның тұлға ретінде зерттелу мәселелерін қамтыған. Бабаның жүріп өткен жолы, ұрпақтары жайында және тарихи шежіре мен естелік суреттерден тұрады.
Кітаптағы «Қадырқұл ишан есімі көмескіленіп барады» мақаласы қадірлі тұлғаның әулеттің ғана емес, ел тарихындағы орны ерек адам екендігі айтылады. Мақала авторы – өлкетанушы Тынышбек Дайрабай Қадырқұл ишан жайлы алғаш газет бетіне жазған адам. Ишанның өмір жолын айта келіп, әлі де зерттелу керек екендігі айтылады.
«Өткеніңді білу — тарихыңды қастерлеу», «Жер басқанға мәз болма...», «Көкілташтың түлегі», «Ишан ұрпақтарымен сыр шерту», «Қадырқұл ишан кім болған?», «Ел қадір тұтқан — Қадырқұл ишан»сынды мақалалардан Меккеге үш рет барып қажы атанғанын, Ақтайлақ-Томарөткел деген жерде мешіт салып, балажанға бағбан болып, дәріс бергенін біле аламыз.
Ал «Көкілташ медресесін кім салған?» мақаласы өзіндік танымдығымен ерекше. Сонда білім алған тағы бір жұрт жақсысы  Садыр ахунның Қаныш Имантайұлы Сәтбайды емдеген кісі екенін біліп пе едіңіз? Міне, жаңа дерек, тың мәлімет.
Ишанның ғұмырнамасына көз жүгіртсек, 1927 жылы қудалауға да ұшыраған. Ақтөбе асып, сонда мешіт ашып, бала оқытқаны тағы бар. Абай сынаған «дүмше молда» емес, 7 жыл Көкілташта білім алып, бала оқытқан Қадырқұл бабаның бекер «ишан» атанбағанын көре аламыз.
Екінші тарауда атадан қалған ұрпақ жайы айтылып, тараған өнегелі отбасының бір қауым ел болғанын, өскелең ұрпаққа берері мол әулет болғанын көре аламыз. Бекмат Маханбетұлының естеліктері және асылдан ұшып түскен ұнтақтың ыстық суреттерін көріп, Тынышбек Дайрабайдың «Ишанның ұрпақтары да ишан атанады» дегені жәй сөз емес екендігі осыған дәлел. Бабаның құрметіне балалары дәстүрлі түрде білім жарыстарын өткізіп тұратыны көз қуантады.
Автордың «Өсіп келе жатқан жас ұрпақ өзінің кімнен тарағанын, ата-бабалары мен әулеті қандай болғанын біліп өсуі керек. Сонда ғана бала тектілікті сезініп, ту көтереді» дегендей,  Қадырқұл ишанды қағаз бетіне түсіру арқылы аманатқа адал бола білді деп есептеймін.
Сайын далада еркін жүріп білім қуған, санаулы ғұмырын бала оқытуға жұмсаған жақсының аты өлмейді. Тағылымды тағдыр жолы үрім-бұтағына, бізге де өнеге. Әр әулет ата тегін түгендеп, асылдардың атын шығара берсе, жаман болмаспыз. Қадырқұл ишанның есімі қайта жаңғырды, ұрпағымен табысты. Ендігі міндет жоғын түгендеп, насихаттап, дәріптеу. Ұрпақ еншісіндегі ақ аманатты адал орындауға жазсын!
Кітап өз оқырманына жетсін!
Зерттеушілік жолға ниет қылған Нұрасыл бауырдың жолы болсын!
Елдос Тоқтарбай,
жазушы, алаштанушы-ғалым,
ҚР  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
17 шілде 2024 ж. 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031