Қадырқұл ишан атындағы II стипендия табысталды
qarmaqshy-tany.kz Өткен жылдан бастап ишан ұрпақтарының бастамасымен аудан оқушылары арасында Қадырқұл ишан атындағы стипендия табысталып келеді. Жобаның мақсаты – ишан есімін жаңғырту, ол туралы тың деректерді жинақтау, оқушылардың үздік шығармаларын отбасылық шежіре кітабына енгізу.
Оқушылар стипендияға қатысу үшін арнайы бекітілген ережеге сәйкес Қадырқұл ишан туралы тың деректер мен ақпараттарды жинақтап (кітаптар, мақалалар, архивтер мен қолжазбалар) шығармалар жазады. Ең үздік атанған шығарма иелеріне ишан ұрпақтарының атынан арнайы стипендия табысталды.
Биыл байқаудың 3 жеңімпазы анықталды. Олар – Ақжар ауылдық округінен Балғын Алмас, Жосалы кентінен Зарина Исақай және Төретам кентінен Бейбарыс Сартаев. Мұндай стипендия алдағы уақытта да жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалады.
– Қадырқұл ишан өз заманының күрескері, ишан, емші болған адам. Ол Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде 7 жыл бойы діни білім алған. Мешіт салдырып бала оқытқан. Бабамыз туралы деректер Сыр сүлейі Нұрымбетсары Шегебай Бектасұлы мен зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабайдың еңбектерінде жазылған. Қазір атам Бекмат Махамбетұлының бастамасымен «Өткенге салауат, болашаққа аманат» атты отбасылық тарихи кітап жазылып жатыр. Барлық дерек пен ақпаратты бір кітапқа жинақтаудамыз. Келер жылдың ортасында кітаптың тұсаукесерін жасаймыз. 2025 жылы ишанның дүниеге келгеніне 175 жыл толады. Осы дата аясында республикалық деңгейде еске алу шараларын ұйымдастырып, ишан аруағына арналған ас беріледі деп жоспарлануда, – дейді Қадырқұл ишанның шөпшегі Нұрасыл Жасұланұлы.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА