Ерте бастан еңбекке баулу керек
Фото
Саналы ата-ана үшін бала тәрбиесінен асқан маңызды шаруа жоқ. Яки әке де, ана да өз перзентінің ақылды, парасатты адам болуы үшін көп еңбектенуі қажет-ақ. Бізден бұрын өткен ата-бабаларымыз «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деп бекер айтпаса керек.
Қазақ – ұрпақ тәрбиесіне әуелден ұқыпты қараған халық. Сол себепті де ер азаматтар мұндай жауапты істің басын ибалы, ұятын сақтаған жар таңдаудан бастаған. Жақсы әйелден жаман бала тумайды. Тектілік осыдан келіп шығады. Ардақты Пайғамбарымыз «Бала кезде үйретілген нәрсе тас үстіне қашалған жазба сияқты» деген екен. Кім өзін қаншалықты құрметтесе, баласын да соншалықты құрметтейді. Қорқыту арқылы дегенін істету – жақсылыққа апаратын тәрбие емес. Ертең оның зардаптары болады. Қалай десек те таяқ арқылы жөнге салу басты құралға айналмауы шарт. Ақылмен жұмсай білу – кез келген ата-анаға оңай соқпайды. Жас баланы аяқтаған жұмысы үшін мақтап отыру оның кезекті бір тапсырмаға жігерін оятады. Орнымен сыйлық беру де тамаша тәсіл.
Ал енді баланы еңбекке ерте баулуға тоқталсақ. Расымен, баланы еңбекке баулудың пайдалы жағы көп. Үй тірліктеріне араласатын баланың мектепте үлгерімі жақсы болатыны байқалған. Мұндай балалар өз-өзіне сенімді, тәрбиелі, ерік-жігері мықты болып өседі. Сондай-ақ тұлға ретінде қалыптасуына да оң әсерін береді екен.
Халқымыз «Баланы жастан» деп текке айтпаса керек. Неғұрлым еңбекке ерте бейімделген бала соғұрлым іске епті келеді. Сол себепті балаға ойнап болған соң ойыншықтарын жинатып немесе бірге жинап, шаң сүрту, гүлге су құю сынды қарапайым іс-әрекеттерді жасата берген жөн. Себебі еңбек – бала тәрбиесінің ең маңызды бөлігі. Ол баланың адамгершілігінің қалыптасуына орасан зор әсер етеді. Еңбек ету арқылы бала сол істерге қатысты ептілікті бойына жинақтай береді. Әрі денесі де шыныға түседі. Бұл баланы ұйымшылдыққа, жігерлі іске, көркем шығармашылыққа, іскерлікке баулиды. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ата-баба сөзін еске алсақ, бұл қасиет адамның бойына еңбек арқылы ғана қалыптасады. Бала жастайынан еңбекке машықтанса, болашақта «сегіз қырлы, бір сырлы» болатынына күмән жоқ.
Кейбір ата-аналар балаларды үш жастан бастап жұмсау керек деп ойлайды. Басқалары болса екі жастан я одан да ерте бастауды жөн көреді. Негізінде, кішкентай балалар ата-анасына көмектескенді, олардың істерін қайталауды жақсы көреді. Әсілі, баланы жасына қарай жұмсаңыз. Үш жасар бөбекке ойыншықтарын жинатуға, төгіп алғанын сүртуге я болмаса кір киімді түсі бойынша бөлуді тапсыруға болады. Үлкенірек балаларға шаң сорғызып, машина жуғызуға, тіпті тамақ істетсе болады. Не тапсырсаңыз да, балаңыздың қабілеттеріне қарай көсіліңіз. Сонда оның үй шаруасына деген ынта-ықыласын көріп, өзіңіз де таңғаласыз. Кейде балалар тапсырған ісіңізді атқара алмай бүлдіріп қоюы да мүмкін. Ондай кезде мұның бәріне алдын-ала дайын болып, оған дауыс көтермей, түсіністікпен қараған абзал. Сондай-ақ баланың әрбір жақсылығына алғыс айтуды, оны арқасынан қағып жігерлендіріп тұруды әдетіңізге айналдырған дұрыс. Міне, сол кезде ол өзін нағыз «адам» ретінде сезініп, өзгелерге пайдасын тигізуге құлшынып тұратын болады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ