» » БАЛАНЫ ҰРЫП ТӘРБИЕЛЕУ ДҰРЫС ПА?

БАЛАНЫ ҰРЫП ТӘРБИЕЛЕУ ДҰРЫС ПА?

Бала күнімізде көрші Мергенбайдың үйінде айғай-шу жиі шығатын. Бой жетіп қалған қыздары мен ер жетіп қалған ұлдары Мәкең ішіп келсе, қора-қопсы, көше кезіп кететін. Үйге бармаса болды. Ауыл үлкендері сан мәрте айтты, қоймады. Айтайын дегенім, балаларын көк ала көк торғайдай сабап, абыройдан жұрдай ететін. Ес біліп қалған Есеттің өзі жұртты көрсе қуыстанып, «осы әкем туралы бірдеңе деп қоймай ма екен» деп көгерген көзін шәпкінің күнқағарымен жасырып қоятын. Мен сонда бұл балалардың тәрбиесі қалай болар екен деп ойланатынмын. Тоқпақтай бермей, төтесіне тартсақ, баланы ұрып тәрбиелеген дұрыс па?
Психологтардың айтуынша, бала жастайынан таяқпен өссе, ол болашақта жасқаншақ, өз ойын еркін айта алмайтын, қорқақ болып өседі. Қазақтың жауға «Абылайлап» шапқан қай ұрпағы өз баласын таяқтың астына алды? Бертін келе пайда болған үрдіс тәрізді. Қазақ ертеректен «балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, жеті жастан соң құлыңдай жұмса, он төрт жасынан досыңдай сырлас» деп қалдырған еді... Бұл – өз пікірім. Өзгелер не дейді екен? «Аюға намаз үйреткен таяқ» дейтіндей бипылдап жүрген бүлдіршін аю емес. Тентектік жасаса тезге салу өз алдына бөлек тақырып. Таяқпен өскен танысым тестілеуден өте алмай қалып, үйіндегілерден қорыққаннан өзенге ағып кете жаздаған. Жабылып жүріп, жағаға шығарып, аман алып қалдық. Айтпағымыз, ұр тоқпақ қайда бағыттайды?
Редакцияға қоңырау шалған кент тұрғыны Майра Қайырбер­генова жасы алпысқа тақап, қазір немере тәрбиелеп отыр. «Балаңызды ұрып тәрбиеледіңіз бе?» дегенде анамыз «Құдай сақтасынмен» бастады. «Бала – жемісің, жақсы өнім берсе, ол сенің жеңісің. Сондықтан аялап өсіріп, дұрыс бағыт беру керек. Сонда ғана сенің миссияң орындалады» деді бізбен әңгімесінде.
– Жасым 58-де. Үш балам бар. Баланы ұрып тәрбиелеу дегеніңіз дұрыс емес. Отбасымызда тамақтың өзін әке бастамай, ешкім қолға қасық ұстамайды. Бұзықтық жасап жатса, «әкеңе айтам» дедік. Міне, біздің тәрбиенің басты тетігі «әкеңе айтам». Әкесі, отымыздың ағасы көзбен жұмыс істейді. Бала оның қас-қабағына қарап-ақ, тура жолдан танбады. Қазір жаман болған жоқ. Егер де ұрып тәрбиелесе жасқаншақ, қорқақ болып өседі ғой. Аллаға шүкір, қазір балалар ер жетті, бой жетті. Бұл күнде немере бағып отырмыз. Тәрбиелеу әдісіміз осылай жалғасты, – деді Майра апай.
Қазір заман дамыған. Әлемжелідегі азаматтар арасына тастаған сауалымызға кенттегі кәсіпкер замандасымыз да пікір білдірген. Есімі – Айдос.
– Мен балаларымды ұрмай­мын. Бірақ, үйде біреуден сескеніп өсу керек. Қажет кезде қаттылық танытып, керек кезінде еркелету керек. Әр нәрсенің өз мөлшері болады. Балаларымды ұрмаймын. Бірақ анасының «әкең келе жатыр», «әкең біліп қоймасын» деген мағыналы тәрбиесінен соң менен сескеніп отырады. Шектен шығып бара жатса, қабағымды түйіп, көзіммен түсіндірем. Жат десем, жатып, отыр десем, отырады. Біз де солай тәрбиелендік, – деді Айдос.
Әңгіменің ашығы сол, бала күнімізде Айдос айтқан тәрбие талайымыздың басымыздан өтті. Бұл – әке қорқынышты айдаһар деген сөз емес, тек әр отбасында бала тайсалатын бір адам болу керек. Әйтпесе, «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмадының» кері келері анық. Қай нәрсенің дұрыс, қай нәрсенің бұрыс екенін түсіндіріп, жай ғана қас-қабақпен танытса, жылы-жылы сөйлеген қазақ жыланды да інінен шығарған.
Зейнетке шығып, шаңырақ­та немере тәрбиелеп, бүлдіршін­дерді көңілінің ауласында ойнатып жүрген Сұлушаш Қожановаға да бұл тақырып бөтен емес. Ата-ана қыз баланы қырық үйден тыйған емес пе?! Қазіргілер жұмсақтық танытқанмен көненің көзінен тәлім алған бұ кісілер ол тыйымдарды жақсы біледі.
– Үнемі айтқан ақылды тыңдап шауып жүре беретін бала бар ма?! Өзіміз шешемізден талай рет қамшы жедік, керней ұшты. Түнгі сауық-сайран дегенің мүлдем жоқ. Бала күніміз сиыр сауу, малдың астын тазарту, шөп шабумен өтті. Сөйтіп жүріп, сабақты да жақсы оқыдық. Ал өзімде бір түйір қыз болған соң, ұруға қолым бармады. Бірақ қатал тәртіпте ұстадым. Ал екі ұлымды 8-сыныпты бітіргенше таяқпен өсірдім. Сабама түскен соң, «сені неге ұрғанымды білесің бе? Маған ренжулі емессің бе?» деп сұраймын. Қазір әрқайсысы белді қызметте. Жаман болған жоқ. Ұрып өсірсем де, өзіммен қатар көріп, сырласатынмын. Өз ойларын еркін айта алады. Жасқаншақ емес. Бұл әдісті қазір немерелерге қолданамын. Қазіргі ата-аналар жыласа болды, қолына айфон, айпаттарды ұстата салады. Ондай жаңа технологияға жағдайым жетіп, әпердім. Бірақ өз уақытымен ұстатамын. Темірдей тәртіп керек, – деді С.Қожанова.
Танысым темекі тартып отыр. Аулада ата-анасы жүрген. «Ұялмайсың ба?» деп ем, «Әй» деп қолын бір сілтеді. Алақанда аялап өскен жалғыз ұл. Жегені артында, жемегені алдында. Бәріміз қызығып өскенбіз. Кейін «ата-ананы сыйламасаң, қолдағы бар дүниеден не пайда» дедік. «Таяқта не, әлпеште не, алдымен балаға сана берсін» деуші еді үлкендер. Мен кәдімгідей ойланып қалдым. Ал сіз ше, оқырман?! Баланы ұрып тәрбиелеген дұрыс па?
Аян СПАНДИЯР.
14 қыркүйек 2018 ж. 3 975 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031