Сәнді ыдыс сапаға сай ма?
Қазір дәрінің де, дерттің де түрі көбейген уақыт. Астарына үңілсек мұның түптөркінінде біздің қимыл-қозғалысымыздың аздығы, дұрыс тамақтанбауымыз жатыр. Ал осыны реттеуге кірісіп, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс әрі табиғи тамақтануды қолға алдық делік. Дәл осы кезеңде біз тұтынатын ыдысымызға мән береміз бе? Мұны білмекке әлеуметтік желіге сұрау салдым. Жауап берген жандардың біршамасы ыдыстың сапасына емес сәніне қызығатынын айтса, енді бірі мүлде ыдыс туралы ойланбайды екенмін дейді. Ал бұл ойланарлық дүние. Бүгінде саны көп, сапасы жоқ жылтырақ ыдыстар қаптап кетті. Тіпті киім секілді бірнеше уақыт сәнге айналып, келесі жылы орнына жаңа нұсқасы келуде. Бұрын адамдар ыдысты қажеттіліктен тұтынса, қазір сән қуып та ыдыс алуға құмармыз. Ал осы самсаған ыдыстардың пайда-зияны қандай деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Ыдыста да ырыс бар
Қазақ халқының ежелгі нанымы бойынша аузы жоғары қараған іші қуыс ыдыс-аяққа Тәңірі несібе бұйыртады екен деседі. Сонымен бірге халық арасында дәм-тұз деген киелі ұғым бар. Көшпелілер мәдениеті бойынша бір дастарқаннан, бір ыдыстан дәм татқан адамдар бір-бірін жаманшылыққа қиюы күнә саналған. Қыздың жасауына шешесінің өз қолынан табыстаған ыдысы қыздың көрегендігінің айғағы іспеттес. «Шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп, асын іш» деген мақал да бекер айтылмаса керек. Дәм салынған ыдыс-аяқта құт-береке бар деген.
Ас ішкен ыдыстың тазалығына көп көңіл бөлетініміз сияқты, сол асты дайындайтын ыдыстың сапасына да ерекше мән берген абзал. Неге? Өйткені сіздің қолданып жүрген өте сәнді ыдысыңыз сапасыз материалдан жасалған болса, басты байлығыңыз саналатын денсаулыққа кері әсерін тигізіп, жоқ жерден ауру тауып алуыңыз да бек мүмкін. Сондықтан ас дайындайтын, күнделікті қолданатын ыдыстардың сәнінен бұрын сапасына баса назар аударған жөн.
Ауру астан ғана емес…
Әлем бойынша санэпидемиология мамандары бүгінде сәнге айналған арзанқол керамика, болат, күміс ыдыс-аяқтардың құрамында қорғасын, мырыш, кадмий сынды адам денсаулығына қауіп төндіретін химиялық заттардың мөлшері белгіленген қалыптан әлденеше есе артық екенін айтып дабыл қағуда. Олардың айтуынша, мұндай ыдыс-аяқтардың беткі қабаттарын әрлеген бояулардың химиялық құрамы белгісіз болғандықтан оны арнайы жабынмен өңдемесе, оларда дайындалған немесе құйылған тамақтардың температурасына байланысты түрлі реакцияға түсіп, салдарынан ағза орасан зор зиян шегуі мүмкін. Сондықтан олар мұндай ыдыстарды мүлде қолданбауға кеңес береді.
Айта кеткен жөн, пластмасса ыдыстарға, әсіресе көпбалалы отбасылар құмар. Себебі шыны, фарфор, керамика ыдыстар сияқты қымбат емес, әрі сынбайды. Шыны ыдыстары шақ келмейтін балалы үйге қолайлысы да осы болғанымен, денсаулыққа келтіретін зияны өлшеусіз екені белгілі. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан мына уақытта қалтасы таяз қарапайым халықтың қымбат ыдыс алу тұрмақ, сапалы азық-түлік алуының өзі қиындап бара жатқанда, «қымбат ыдысты неге қолданбайсың?» дей алмасымыз анық.
Десе де сала мамандары бүгінде тамақтың құрамынан бұрын оның қандай ыдыста дайындалғанына да жете мән берген жөн деп есептейді. Өйткені ауру тек астан емес, ыдыстан да туындауы мүмкін.
Асқазан-ішек жолдары аурулары, өттің қабынуы, бауырдың зақымдануы, тіпті обырдың басты себебі сіз қолданып жүрген ыдыс болуы бек мүмкін. Оның ішінде әсіресе күмістен, пластиктен жасалған түрлері аса қауіпті болып саналады. Мәселен, табанында РР белгісі бар полипропиленнен жасалған пластикалық ыдыстар кофе, шай секілді ыстық тағамдарға арналғандықтан спирт ішімдіктерін құюға болмайды. Бұл жағдайда ыдыстан формольдегид пен фенол көп мөлшерде бөлінетіндіктен адам ағзасы уланады. Сондай-ақ бір рет қана қолданылатын бұл ыдыстарға майлы тағамдарды да сақтамау керек.
Қауіпті ыдыстар қолданыста жүр
Сарапшылар поливинилхлоридтен жасалған ыдыстар пластикалық ыдыстардың ішіндегі ең қауіптісі екенін ескертеді. PVC (ПВХ) таңбасы бар бұл ыдыстар әдемі безендірілген, тағамды өзіңмен бірге алып жүруге қолайлы. Бірақ ыдыс құрамындағы винилхлорид деп аталатын канцерогенді химиялық зат қатерлі ісік ауруларының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл ыдыстан бас тартып, PS немесе PP деген таңбалар басылған ыдыстарды пайдаланған жөн. Меламиннен жасалған ыдыстар қыш ыдысқа ұқсас келеді. Алайда меламин қышқылы улылығы жағынан химиялық элементтер арасында ең қауіптісі. Оның құрамында өте көп мөлшерде формальдегид пен улы заттар бар. Мұндай ыдысқа ыстық тағам салынса, ол бірден улы формальдегид қышқылын бөліп шығарады. Ал ыдыс әртүрлі бояулармен боялған болса, қорғасын мөлшері де арта түседі. Нәтижесінде, соңы өлімге әкеп соқтыратын аурулардың көбеюі ықтимал. Бүгінде пластикалық ыдыстардың құрамында аса көп мөлшерде кездесетін асбест, формальдегид те адам ағзасында қатерлі ісіктердің пайда болуына, бүйрекке тас жиналуына, қуық жолдарының ауыр дертіне шалдықтырады.
Бақылау болғанымен...
Ал енді зиянды екені белгілі болып тұрған соң, мемлекет неге шектеу қоймайды деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Оған келсек, шет елдерден шекара асып келетін сапасыз ыдыстарды тексеру үшін кеден қызметінде «Янтарь – 1А» сынды радиациялық сәулелердің мөлшерін анықтайтын қондырғылар орнатылған. Алайда осыған қарамастан пайда табу мақсатында контрабандалық жолмен жеткізілетін ыдыстардың жолы кесілер емес. Қорабы мен жасап шығарған фирманың таңбасы мен атауы көрсетілмеген, қай елде жасалғаны белгісіз ыдыс-аяқтар барлық жерде самсап тұр десек, артық айтқандық емес. Тіпті үйімізде де ол ыдыстар баршылық. Ыдыс сататын қай дүкенге бас сұқсаңыз да мұндай ыдыстардан аяқ алып жүре алмайсыз.
Стандарты да, сапасы да талапқа сай қымбат ыдыстарды халықтың жұқалтаң қалтасы көтермейді. Осы орайда ыдыс сататын кенттегі 2-3 дүкенге бас сұқтық. Сатушылардың жауабы ұқсас.
– Тұрғындардың басым бөлігі ыдысты бағасына қарап алады. Қолжетімді болғанын қалайды. Ал сәнді сүйетін сұлулар әдемілігіне, үйлесімділігіне қарай таңдап жатады. Бірақ сапасын сұрайтын тұтынушылар кемде-кем. Тіпті өзім де ыдыстың сапасына мән бермейді екенмін. Сіздің сұрағыңыздан кейін ойланып қалдым. Негізі дүкендерде сапалы ыдыстар бар. Бірақ олардың құны да жоғары. Оны әрбір отбасы ала алмайтыны тағы бар, – деп ағынан жарылды Айнұр есімді сатушы.
Ал дәрігерлер сапасыз ыдыс-аяқтардан уланудың тамақтан уланудан айырмасы жоқ екенін айтады. Бір ескертетін жайт, улану диагнозымен ақ халаттылар алдына барғанда, оның ішкен тамағы ғана тексеріліп, ыдысы көлеңкеде қалып қоятыны да ақиқат. Сондықтан ас үйде күнделікті пайдаланатын ыдысты сатып аларда оның қандай материалдан жасалғанына аса мән берген абзал. Мәселен, керамикалық ыдыстар өте әдемі әрі көбіне қауіпсіз, денсаулыққа тигізер зияны да жоқ. Бірақ ерекше бір кемшілігі – жабын астындағы зиянды, уытты материал. Олардың құрамында кадмий (жалтырауық жұмсақ ақ металл), қорғасын және алюминий көптеп кездеседі. Керамикалық жабын тез зақымданатын жұмсақ болып келетіндіктен, олар тез бүлінеді. Оларды ас үйдегі түрлі қырғышпен қырып тазалауға болмайды. Қоспасыз, сапалы, таза керамикалық ыдыстардың денсаулық үшін ешқандай зияны жоқ. Ол асты күйдірмейді, тез жуылады әрі ұзаққа шыдайды. Күюге қарсы тефлонды жабынмен қапталған қазандар мен табалардың түрі көп. Кез келген дүкеннен, базардан табуға болады. Олар жеңіл, тез тазаланады және қолдануға өте қолайлы. Тек тефлонды ыдыстарда қауіпті зат – перфтороктан қышқылы бар. Мұндай ыдысты қарапайым шойын ыдыстармен алмастырған жөн. Шойын ыдыстар – қауіпсіз, жақсы қызады әрі ыңғайлы. Тіпті табиғи жолмен адам ағзасында темірдің көбеюіне көмектеседі. Өте сәнді, әдемі көрінетін мыстан жасалған ыдыстар ас үйге арналмаған. Арнайы жабынмен қапталмаған мыс ыдыстарды қыздырғанда өзінен көп мөлшерде улы қышқыл бөледі. Сондықтан мұндай ыдыстардың орнына тот баспайтын болаттан жасалған ыдыстарды қолданған тиімді. Ол – ыстыққа төзімді, қолдануға қолайлы және сәнді, берік, сызаттарға да шыдамды.
Ыдыстардың ішінде өте кең тарып, көп қолданылатыны – алюминий ыдыстар. Ол жеңіл, шыдамды, әмбебап әрі қолжетімді ыдыстар қатарында. Бірақ ғалымдар бұл металдың жүйкежүйесіне зияны бар екенін айтады. Егер ағзада оның мөлшері көбейсе, ұмытшақтық пен орталық жүйке жүйесінің қабынуына шалдығу қаупі бар көрінеді. Мұндайда оңтайлысы еш қоспасыз шыны ыдыстар болмақ. Тез тазарып, иіс сіңірмейтін бұл ыдыстардың бір кемшілігі отқа төзімсіздігі. Сондықтан ыстық тағамдарды дайындауда мұндай ыдыстарды абайлап қолданған дұрыс. Ең дұрысы «ГОСТ» белгісі басылған эмальды ыдыстарды пайдалану. Онда тамақты дайындауға да, сақтауға да, ысытуға да, суытуға да болады.
Бір реттік ыдыс жайлы білмейтініміз көп
Жыл сайын көлемі мен тереңдігі әртүрлі, қызылды-жасылды пластик стақандар, тәрелкелер, қасықтар мен шанышқылар тонналап өндіріледі. Қазір басқосу кештері, жұмыс кеңсесіндегі атаулы күндерді тойлау, қызмет бабындағы кофе-брейктер, сонымен қатар табиғат аясына серуендеуге шыққан адам міндетті түрде бір реттік ыдыстарды пайдаланады. Бұл ыдыстардың басты артықшылығы – уақыт пен қалтаны үнемдейді, пайдалануға жеңіл. Ал зиянды тұстары екі есе көп.
Бір рет пайдаланғаннан кейін, пластикалық ыдыстарды отқа жағуға болмайды, сондықтан қоқысқа тастауға тура келеді. Ал өте көп мөлшерде тасталған ыдыстар қаланы түгел қоқыс аумағына айналдырып жіберуі мүмкін. Адамның денсаулығына әкелетін зияны ұшан-теңіз. Бірақ, өндірушілер оны жоққа шығарады.
Аты айтып тұрғандай, бұл ыдыстарды тек бір рет пайдалану керек. Бірнеше қайтара жуғанмен де, ол түбегейлі тазармайды. Есесіне, құрамынан улы заттарды бөліп шығарады. Пластикалық ыдыстарды нақты белгілеріне сүйеніп пайдаланса, зияны азая түспек. Дүкендердегі йогурт ыдыстары сүт қышқылымен реакцияға түспейді. Сондықтан, олар зиянсыз болып саналады. Бірақ, бұл ыдыстарға басқа сұйықтықтарды құю қауіпті. Біржолғы стақандарға газды су, қышқыл шырын, ыстық шай құйылса, ол қауіпті ыдысқа айналады. Ыдыстың зияны адамның сезу мүшелеріне білінбегенімен, ішкі мүшелерінің қызметін бірте-бірте әлсіретеді.
Бір реттік ыдыстардың ішіндегі ең қауіпсізі – қағаз ыдыстар. Олар табиғи заттардан жасалатындықтан пайдаланған соң адамға да, тағамға да, қоршаған ортаға да пластикалық ыдыстар секілді зиянын тигізбейді. Сондай-ақ ас температурасын ұзақ уақыт сақтап, микротолқынды пеште қыздырылғанда да улы заттар бөлмейді, қолды күйдірмейді. Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған біржолғы ыдыстарды ұқыпты қолданыңыз.
Ағаш ыдыста да қауіп көп
Ата-бабаларымыз ұлт тұрмысында ас сақталатын ыдыс аяққа да үлкен мән берген. Олар ыдысты көбіне ағаштан (еменнен, қайыңнан), малдың (жылқының, ешкінің) терісінен, металдан (мыстан, жезден) жасайтын болған. Біз бүгінде мұндай ыдыстарды ұмыт қалдырып барамыз. Қарапайым деген шәугімнің орнын тефаль, күбінің орнын сепаратор басқан заманда мұны білу маңызды.
Иә, салтымызда қолданыста болған ыдысаяқтар мән жағынан тек тұтыну бұйымы ғана емес, дәстүрлі дүниетанымда алар орны ерекше. Үй жиһаздары мен ыдыстардың табиғи таза өнімнен жасалуы тегін емес. «Шеберлердің қолында, кәсіп болған бұл ағаш» деп, Қашаған жырау жырлағандай, қазақ халқы өзіне қажетті бұйымын ағаштан ойып, қашап, жонып жасаған. Ол үшін шеберлер ағаштың емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, қара ағаш, жаңғақ ағашы, тораңғыл секілді түрін арнайы таңдап алады. Әр заттың сыр-сипаты мен істің ерекшелігіне қарай ағашты сұрыптап, пайдалана білген. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, енді кейбіреуі иілгіш, тіпті су сіңбейтін болып та келеді.
Тарихқа сүйенсек, ағаш өнерінің дамуы XIX және XX ғасырдың басында кең етек алды. Сол тұста ағаштан жасалған үй ішілік жиһаздар қолданысқа енді. Оның құрамына ағаш төсек, сандық, кебеже, жүкаяқ, астау, табақ, тостаған, ожау, ағаш шелек, оқтау секілді басқа да бұйымдар кірген. Ағаштан жасалған ыдыстар көшпелі қазақтар үшін өте қолайлы, оңайлықпен бүлінбейтін әрі жеңіл болған. Сондықтан жазда жайлауға, қыста қыстауға қоныс аударып жүретін аталарымыз барлық тұрмыстық ыдыс-аяқтарын ағаштан немесе мал терісінен жасауды құп көрген. Сонымен қатар, музыка аспаптары, ыдыс-аяқ, үй жиһазының көпшілігі ағаштан жасалатын болған. Кейін заманның қиыншылығына қарай өзімізге тән ұлттық бұйымдар біраз уақыт қолданыстан шығып қалды. Алайда тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктедік. Мемлекет тарапынан ұлт руханиятын дамытуға байланысты бірнеше бағдарламалар қабылданып, рухани серпіліс алдық. Соның арқасында тағылымға толы тарихымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жаңғырды. Бүгінде мәдени жәдігерлер қатары толығып, ұлттық бұйымдарды қолдану үрдісі қайта қолға алынды.
Қазіргі уақытта қазақ салтында қолданылатын табиғи материалдардан – ағаштан, теріден жасалған ыдыстарға сұраныс артқан. Бұл қуантарлық дүние. Базарлар мен дүкендерде түрлі ою-өрнектермен әсемделген бұл ыдыстардың да түр-түрі тұр. Алайда бұл жерде сапа жайлы ойланған жөн. Оны жасаушылар да, сатушылар да алдымен пайданың көзін ойлағандықтан оны әрлеуге қолданатын бояулардың табиғи болуына аса мән бермейді. Оларға бастысы көз тартарлық әдемі болса болғаны. Ал оның құрамына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Табиғи ағаш қой деуіңіз мүмкін. Бірақ оларды сәндеп, сізге әдемі етіп ұсыну үшін химиялық бояулармен өңделетінін еске ұстаған абзал. Жәдігерлерді аңдап қарасақ, олардың түсі қанық, жылтырсыз келеді. Сондықтан сапасына көз жеткізбей тұрып, ағаш ыдысты қолданудан аулақ болғаныңыз жөн.
Қазақ халқының даналығының тағы бір көрінісі – сынық, кетік, жарық ыдысты ұстамауында. Тіпті кетік ыдыстан сайтан су ішеді деп те ырымдап жатады. Бұл бір жағы тазалық үшін болса, бір жағынан қауіпсіздікті сақтау мақсатында болса керек. Тереңдеп түсіндіріп жатпай-ақ, оның санитарлық талаптар тұрғысынан да дұрыс екенін аңғару қиын емес. Айталық, ыдыстың жарылған, сынған, кетілген жерінде жиналатын протейн таяқшасы шіріткіш бактериялардың қатарына жатады. Ол сынығы бар ыдыстарда көпке дейін сақталып, сол жерде көбейеді де, ауыз қуысында ойық жаралардың пайда болуына, ауыздың уылып кетуіне себеп болады. Ары қарай не боларын өзіңіз де болжап отырған боларсыз…
Түйін Сөз соңында айтарымыз, ыдысты таңдаған кезде дайындалған материалы басты рөл атқарады. Қалғанында ыңғайлылық пен сыртқы түрін басшылыққа алуға болады. Егер сіз пайдалы және дәмді тағамдарды жегіңіз келсе, тамақ дайындау үшін дұрыс ыдысты таңдаңыз. Қандай ыдыс қолдансаңыз да алдымен оның сәніне емес, сапасына көңіл бөліңіз. Еліміз аман, дені сау болсын деген ниетпен азды-көпті ақпарат ұсындық. Әрине, қандай ыдысты қайдан алып, қалай қолдану да, таңдау да сіздің еркіңізде.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ