» » Ерлік пен еңбек үлгісі

Ерлік пен еңбек үлгісі

Сейсенбіде К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Нұржігіт Нақыповтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерлік пен еңбектің үлгісі» тақырыбында танымдық конференция өтті. Оған аудан тұрғындары, мәслихат депутаттары, ардагерлер, жастар, мекеме қызметкерлері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйым өкілдері және ардақты азаматтың ұрпақтары қатысты.
Іс-шарада алдымен майдангердің өмір және еңбек жолы бейнебаян арқылы көрсетілді.
Н.Нақыпұлы 1923 Жосалы кентінен 20 шақырым жердегі Қараөзек бойындағы Шалқар көлінің жағасында, өзінің темір ұсталығымен елге танылған Тоқымбет Керей руынан шыққан Нақып Өтеуліұлының отбасында дүние есігін ашқан. Әкесі Нақып пен анасы Жібек қазақы дәстүрмен сәбиіне елге сыйлы, парасат-парқы биік Нұржігіт деген қарияның есімін береді. Көп ұзамай Кеңес билігінің жаппай колхоздандыру саясатының нәтижесінде қазақ халқына жаңа нәубет келіп, тіршілігінің өзегі болған жұрт бар малынан айырылып, ашаршылыққа душар болады. 1931 жылы әкесі Нақып отбасын ашаршылықтан аман сақтап қалу үшін сол уақыттағы «Абыла» ауылынан үдере көшіп, қазіргі Жалағаш ауданындағы М.Шәменов атындағы ауылға, сол уақыттағы «Белсенді» колхозына қоныс аударады. Осылайша Нұржігіт әкеміздің балалық шағы мейірімді нағашыларының ортасында өтеді.
1937 жылы отбасы Абылаға қайта көшіп барады. Әйтсе де, мұнда мектеп болмағасын Жалағаш стансасындағы Сталин мектебінде оқып, 1941 жылы Қызылорда қаласындағы педучилищеге сырттай оқуға түседі. Сол жылы соғыс басталады. Елбасына күн туған сәтте 18 жасқа толмаған өрімдей жас әкесіне білдірмей, қатарластарымен бірге қайта-қайта әскери комиссариатқа барып, өздігінен соғысқа баруға сұранады. Алайда жасы жетпеген бозбаланы әскери комиссариат соғысқа жіберуден бас тартады. 1942 жылы 18 жасқа толысымен ол майданға аттанып, Ржев, Курск доғасы, Днепр үшін шайқастарға қатысып, кескілескен ұрыста өжет мінезімен батылдық танытады. Жау жағадан алғанда жігері жасымаған ол Еуропа елдерін азат етуде және Берлин шабуылында кеудесін от пен оққа тосады. Сұрапыл соғыста еркіндік үшін мұз жастанып, қар жамылған жауынгерге «Ерлік үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» жауынгерлік медальдары тапсырылып, «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, Жоғарғы қолбасшының бірнеше алғысымен марапатталады.
1946 жылы соғыстан аман-есен оралған соң бейбіт замандағы еңбек жолын Қызылтам стансасындағы мектепте ұстаздықтан бастайды. Кейіннен кеңес-партиялық қызметке ауысып, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, хатшысы қызметтерін атқарып, тәжірибе толыстырып, қоғам өміріне етене араласады.
1947 жылы Жұбатқан анамызбен шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. 1958-1979 жылдары Қармақшы аудандық, 1979-1985 жылдары Жалағаш аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы қызметін абыроймен атқарып, 1985 жылы Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығады.
Н.Нақыпұлының тікелей бастамасымен аймақтың тұтыну кооперациясы саласында Қармақшы ауданының әрбір елді мекенінде халық сұранысына сай сауда орындары бой көтеріп, кооперация желісі жандана түсті. Осы жылдары Жосалы кентінде облыс аудандарының арасында бірінші болып «Универмаг» сауда орталығы бой көтерді. Заманауи «Қармақшы», «Ақмаржан» мейрамханалары, «Сыр гүлі», «Сырдария» гастрономдары мен «Кооператор» сауда үйі салынып, халық тұтынатын тауарлардың қолжетімділігі арта түседі. Жалағаш ауданының орталығында да «Универмаг» салынып, сауда орындары қайта жаңғыртудан өткізіледі. Бұл ғимараттар қазірдің өзінде екі аудан орталығының келбетіне ажар қосып, самаладай жарқырауына жол ашты.
Ардақты азаматтың осындай ел дамуына қосқан елеулі үлесі еленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Ерлік еңбегі үшін» медалімен және Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Ол зейнеткерлікке шықса да елдің ақылшы ағасы ретінде іргелі істердің бел ортасынан табылып, қоғамдық-саяси өмірінен қол үзген емес. Өмірінің соңына дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, ардагерлердің қо- ғамдық қозғалысының нығайып, қалыптасуына елеулі үлес қосады, жақсылыққа дәнекер болады. Жосалы кентінен соғыс ардагерлеріне ар- найы тұрмыстық қызмет көрсететін «Ардагер» сауда үйінің салынуына мұрындық болып, Алты алашқа пір болған «Марал ишан» қорымына келушілерге арнап қонақүйін салдыртуға ықпал етеді. Осылайша елде туризмнің қанат жаюына да қолтаңбасын қалдырды. Ілкі істердің жанашыры ретінде де ұрпақ тәрбиесін бәрінен биік қоя білді. Аудан ардагерлерін өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жұмылдырып, білім беру ұйымдарының қоғамдық шараларына да белсене араласты.
Абзал азамат 1999 жылы Жеңістің 54 жылдығын мерекелеуге дайындық үстінде жұмыс орнында кенеттен өмірден өтті.
Саналы ғұмырында Жұбатхан анамызбен бірге 5 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсіріп, ел қадірлеген өнегелі отбасы атанды. Мәуелі бәйтеректей жайқалған әулеттің балалары адал еңбектің түрлі саласында қызмет атқаруда. Олардан қазіргі уақытта 33 немере, 52 шөбере, 1 шөпшек тараған.
Ардагердің есімін ел есінде мәңгілік қалдыруда өзінің туған жері – аудан орталығы көшелерінің біріне есімі беріліп, естелік тақта ілінген. Арада қанша жыл өтсе де аудан орталығының сәулеттік келбетіне осы уақытқа дейін сән беріп тұрған бірнеше ғимарат бар, сондай-ақ асыл азаматтың бастамасымен және ұйымдастыруымен тұрғызылған кенттегі ең үлкен сауда үйі – «Нұржігіт» осы кісінің есімімен аталады.
Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов жүргізіп, жиналған көпшілікті Жеңіс мерекесімен құттықтады.
– Қазіргі уақытта ауданда майдангер аталарымыз бен әкелерімізден ешкім қалған жоқ. Бірақ олардың жауынгерлік жолдары, ерлік рухы кейінгі ұрпақтарын, бүгінгі жас Отан қорғаушыларды әрқашан асқақ арман мен ерлікке жетелейді деген сенімдеміз. Нұржігіт әкеміз 18 жасында туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен. Соғыстан аман-есен оралған соң бейбіт замандағы еңбек жолын Қызылтам стансасындағы мектепте ұстаздықтан бастайды. Кейіннен кеңес-партиялық қызметке ауысып, жауапты қызметтер атқарады. Тынымсыз еңбек, білікті ұйымдастырушылық, адамгершілік, ақыл-парасатының арқасында еліне сыйлы, қадірлі бола білді, – деді ол.
Конференцияда ауданның құрметті азаматтары, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұртілеу Салықов, еңбек ардагері Исағали Жұмағұлов, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиевтер майдангер жайында естеліктерімен бөліссе, соғыс ардагерінің перзенті, құрылыс саласының ардагері Тілеуберген Нұржігітұлы ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауындай болып әкесі туралы өнегелі әңгімелерін ортаға салды.
Танымдық конференцияға аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, кәсіпкер Үрзада Бекмұрзаевалар қатысып отырды.
Атпал азаматтың қайраткерлік өмір жолына арналған экспозициялық көрме ұйымдастырылды.
Конференциядан соң соғыс және еңбек ардагерінің ұрпақтары ас беріп, рухына Құран бағыштады.
Дайындаған Сәрсенкүл АҚКІСІ
11 мамыр 2024 ж. 269 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031