Сот мемлекеттік биліктің бір тармағы
Қазақстан әлем халқы үшін тек демократия жолындағы мемлекет ретінде емес, құқықтық құндылықты қастерлейтін ел ретінде танылғаны белгілі.
Мұндай жетістікке жетуде сот құқықтық реформаларының көмегі көп. Әсіресе, ел дамуында, мемлекеттің оң имиджін қалыптастыруда сот билігінің орны мен мәртебесі айрықша рөл ойнады.
Сот – мемлекет тірек еткен үш биліктің бірі. Заң шығарушы және атқарушы биліктен айырмашылығы сот билігі тек заңға сүйеніп жұмысын жүргізеді. «Судья – сөйлейтін заң, Заң – сөйлемейтін судья» деген тәмсілдің төркіні осында. Елдегі азаматтар құқығы мен бостандығының сақталуына, әділдік пен теңдіктің салтанат құруына кепіл болған сот билігіне жүктелер міндет, артылар жауаптылық жоғары. Сондықтан заңдардың сапасын жақсартумен бірге, осы заңдарды дұрыс тәпсірлеп, түзу қолдана алатын мықты судьялар корпусын қалыптастыру қай кезде де өзекті. Судьялыққа үміткер жандарға қойылатын талаптың жылдан-жылға күшейтілуінің мәні мен маңызы да осында.
Қазақстандағы сот беделі мен судьялардың мәртебесі жоғары. Оның құқықтық тетігі «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңда толық дәйектелген. Аталған заңға сәйкес, судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз әрекет етеді әрі тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Бұл өз кезегінде сот төрелігі жүйесін дамытып, азаматтардың талаптары мен мүдделерін қорғаудың ерекше моделіне қол жеткізуге жол ашпақ.
Сот билігі – әділдік айнасы. Әрбір сот отырысы – судьяның білімі мен кәсіби біліктілігін көрсетіп, сол арқылы сот билігінің туралығы мен тазалығынан хабар береді. Тараптардың көңілінен шыққан әрбір сот актісі – сот билігіне деген сенімнің негізі. Бұл жалпы сот жүйесінде ғана емес, сот корпусындағы кез келген судьяның үнемі ізденісте жүріп, заң шеңберінен шықпауын талап етеді. Міне сондықтан да «судья – тәуліктің 24 сағатында да судья» деген пікір қалыптасқан. Өйткені басқа мамандық иелеріне күнделікті өзіне жүктелген жұмысты атқарса жеткілікті. Ал судья қызметтен тыс уақытта да қоғамдағы мәртебесіне лайық болып, биік парасат пен адамдықтың, кісілік пен кішіліктің үлгісін көрсетуі керек. Судьяның қызметтен тыс уақыттағы болмашы қателігі де сот билігінің беделіне нұқсан келтіретінін ұмытпағанымыз абзал. Бүгінгі судьялар салқын ақыл, жоғары интеллект, үздіксіз білімін жетілдіру арқылы еліміздегі сот жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ол үшін қазылар қауымы «Судьялардың әдеп кодексінде» көрсетілген ортақ тәртіпке сөзсіз бағынып, сот билігіне қылаудай көлеңке түсірмеу жағын басты назарда ұстауы шарт. «Теңіз тамшыдан құралады» дейді бабаларымыз. Сол сияқты, бедел де бір күнде қалыптаспайды. Судьялардың жылдар бойы шығарған әділ шешім, сауатты қадамдарының негізінде қоғамда сотқа деген оң көзқарас орнығады. Бұл соттың абыройын ойлаған әрбір судья ақылмен іс істеп, парасатпен шешім қабылдауға итермелеуі керек.
Қ.МЫХАНОВ,
аудандық соттың төрағасы