Судья – әділдік айнасы
Сот саласын ілгерілету, халықаралық талаптарға сәйкестендіру бағытында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Мұның бір тетігі судьялар мәртебесін көтеріп, тәуелсіздігін арттырумен тікелей байланысты. Себебі, судья – сот саласындағы негізгі тұлға. Сондықтан қазақстандық қазылардың кедергісіз қызмет етуіне қаншалықты қолдау көрсетілсе, тиісінше олардың біліміне, білігіне, әдебіне, кісілік келбетіне деген талап та жыл сайын өсіп келеді.
Бүгінгі күнге дейін мемлекет тарапынан сот жүйесін дамытуға, судьялар жұмысын жүйелеуге тұрақты қолдау көрсетілді. Мемлекет басшысының әрбір жолдауында үшінші биліктің ертеңіне, нәтижелі жұмысына бағдар берер тапсырмалар қамтылып отырды. Бұған қоса, 1996 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республика судьяларының съездері де саланың түрленуіне серпін берді. Әр төрт жыл сайын елорда төрінде өтетін съездердің судьялар қауымы үшін орны бөлек, маңызы зор. Президент жолдаулары мен съезд мінберінен айтылған ұсыныс-пікірлердің арқасында ел өмірінде үлкен өзгерістер орын алды. Оның біріншісі сот төрелігінің мінсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық заңнамалардың сапасын көтерумен өзектес. Қазіргі кезде елімізде азаматтық, құқықтық қарым-қатынастар заң шеңберінде реттеледі. Тәжірибеде кездесетін олқы тұстар өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы бір арнаға түскен.
Қоғамдағы судьяның рөлін айшықтап, беделін өсірудегі келесі қадам - біліктілікті көтеріп, тәжірибені шыңдаумен байланысты. Кәсіби шеберлік бір күнде қалыптаспайды. Оған жылдар кетеді. Сонымен бірге, шеберлік ізденісті, еңбекті талап етеді. Өйткені, сот корпусын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету үшін судьялықтан үміткерлерге қойылатын талаптың жыл өткен сайын күшейтілгені бәрімізге белгілі. Яғни, қазіргі іріктелген кадрлар үлкен сұрыптаудан, қатал сүзгіден өткендер. Бірақ, әділдіктің айнасы атану үшін судьяға үнемі білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдау керек. Бұл мәселеге Жоғарғы Сот та шетін қарамайды. Соған орай судьяларды ұдайы оқыту, біліктілік деңгейін арттыру арқылы білімін тереңдетуге басымдық берілуде. Жас судьяларға білікті судьялардан тәлімгер тағайындау осы қамқорлықтың бастамасы іспеттес. Тәлімгерлер жастарға жол көрсетіп, заңдарды бірізді қолдануына, сот отырысында өзін дұрыс ұстауына, тараптармен теңгерімді сөйлесуіне бағыт-бағдар береді. Тәлімгерлік мектебінің қалыптасуы аға буын мен жас буын арасындағы байланысты нығайтуымен құнды. Сондай-ақ, мұндай мектеп қателіктердің алдын алып, істерді сапалы қарауға түрткі болады.
Судьяларға көрсетілетін қолдау туралы айтқанда сот жүктемесіне қатысты мәселені айтпай кету мүмкін емес. Расында соңғы жылдары сот өндірісіне түсетін іс материалдары еселеп артты. Соның әсерінен судьялардың жүктемесі де көбейген болатын. Ал бұл өз кезегінде істердің өз мерзімінде қаралмауына, созбалаңға салынуына, азаматтардың өкпе-ренішіне алып келді. Медиация институтының енгізілуі – судья жектемесін шешуге жасалған алғашқы талпыныс. Тәжірибеге медиаторлардың, Билер кеңесінің енгізілуі, адвокаттардың партисипативтік келісім жасау арқылы дауды сотқа дейін, сотта шешуге көмектесуі сот жүктемесін айтарлықтай азайтты. Сонымен бірге, даусыз істердің құзырлы орындар қарауына берілуі де сотқа түсетін істердің көлемін кеміткені анық. Мұндай өзгеріс ең алдымен судьялардың өз бетінше ізденуіне жол ашты. Уақытын үнемдеген судьялардың назарын неғұрлым күрделі істерге аударуына ықпалын тигізді. Бұл да сот әділдігіне кепілдік берер тетіктің бірі.
Бүгінде судьялардың еш кедергісіз қызмет етуіне толық жағдай жасалған. Ендігі жерде әр судьядан сот жүйесінің абыройын көтеру, сот процестерінің ашықтығына қол жеткізу, судья әрекетіне арыз-шағымдарды болдырмау талап етілуде. Кез келген судья соттың бейтараптығы мен адалдығына күмән келтірмейтіндей, судьяның мәртебелі атағына және сот билігіне дақ түсірмейтіндей әрекет жасауы тиіс.
Самат ЖЕЛДЕРБАЕВ,
аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы