Сот жүйесінің абыройы-биліктің абыройы
Сот-мемлекеттік биліктің бір тармағы. Мемлекет атынан төрелік ету құзыреті берілген сотты үшінші билік дейтініміз сондықтан. Бұдан бөлек заң шығарушы және атқарушы биліктің тәуелсіз елдің болашағын баянды етудегі міндеті ауқымды. Биліктің үш тармағы өзіне жүктелген функцияларын толық айқындап, теңгерімде қызмет етіп келеді. Соның ішінде сот билігінің құзыреті мемлекеттегі заң үстемдігімен, әділ төрелікпен, елдің қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Осындай зор міндеттер жүктелгендіктен сот билігінде үнемі реформалар жүргізіліп, ірі жобалар, бастамалар жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары сот саласында жасалынған жүйелер мен жаңашылдықтардың нәтижесінде саладағы мәселелер шешіліп, жаңғырып, жақсы бағытқа қарай өзгеруде. Елбасы Жолдауында жүктелген тапсырмалар мен Ұлт жоспарында берілген міндеттемелерді орындаудың нәтижесінде сот құрылымының жұмысы жаңа сипатқа ие болды. Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті.
Сот отырыстары 100% бейнетаспаға жазылатындықтан сот мәжілісі хатшыларының жұмысы жеңілдеді. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы электронды нысанда жолдауына мүмкіндіктер ашылды.
Мемлекет басшысы жариялаған «Ұлт жоспары-100 нақты қадамға» сәйкес еліміздегі сот жүйесі жаңғырып, сот төрелігіне деген сенім артуда. Қазіргі таңда ата-бабамыз аңсаған тәуелсіз сот жүйесінің ойдағыдай жұмыс жасауына толық жағдай туғызылғанын ашып айта аламыз. Заңдылық пен әділеттілік өркениетті елдің тірегі болса, оны іс жүзінде қамтамасыз ету әр судьяның, әр сот қызметкерлерінің басты міндеті. Осыған орай судьялар мен кеңсе қызметкерлеріне үнемі сот жүйесінің антына адал болу, білімдерін жетілдіріп отыру, тек заң мен арды басшылыққа ала отырып сапалы жұмыс жүргізу, халықпен байланыс кезінде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеттері қойылып келеді.
Сот билігі өз үкімін орындата алумен құнды. Судьяның шешімі мен үкімі орындалмай орта жолда қалса, заң мен соттан бедел кетеді. Сондықтан судьяның шығарған шешімі заң үстемдігінің үлгісі болуы керек.
Р.Бисенова,
Қармақшы аудандық сотының
бас маманы