» » Қайырымдылық керуені

Қайырымдылық керуені

   Жақсылық пен қайырымдылық – егіз ұғым. Жақсылықты ту етіп, қайырымдылықты қалыпты жағдай деп түсінетін қазақ халқы өз тарихында қанша жанның жанына жалау, көңіліне медеу болды.  Туыс пен бауырға, ауылдас пен қарындасқа жетпегенін жеткізіп, болмағанын толтырып отыратын ата салтымыздан сіңген қасиет емес пе? Ағайын арасындағы татулық осы көмек пен қолдаудың арқасында тұтастай бекіп, бір-бірімен береке-бірлікте өмір сүрмей ме?
   Тарихқа көз жүгіртсек, ертеден қанымызға сіңген осы дәстүрдің дәлелдерін көре аламыз. Атышулы ашаршылық кезеңде ауылдасымен соңғы нанын бөліп жесе, алыстан ат арытып келген қонағына астындағы атын да сойып ас қылғаны туралы деректер қазақ тарихында аз емес. Себебі біздің ел «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген тәмсілді ұстанады. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген.
    Мәселен, бұрын қазақтың байлары жан-жағының жағдайын ойлап отыратын қазіргі тілмен айтқанда менеджер іспетті болған. Олар мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен, сақилығымен де сый-құрметке бөленген. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген қазақ бір ауыз сөзбен-ақ ауқатты адамның қоғамдағы рөлін анықтаған. Себебі халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Сондықтан байлар да Құдайдың сүйікті құлы атану үшін туған-туыс, малшы-жалшысына қол ұшын созып, барынша көмектесуге тырысқан. Бұл көбіне-көп рулық қатынастардың негізінде орын алды. Осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында құл деген болмаған. Байдың малын баққандар оны өз малым деп есептеген. Өйткені ертең өз басына күн туса, байдың шарапаты тиетінін кәміл түсінген. Ал сараң байдың халық арасында қадірі қашқан. Ондайларды «сасық бай» деп атаған. Тіпті, ауыл-ауылды аралап жүретін сал-серілер де шықберместердің үйіне аттап баспаған. Атақты Ақтамберді жыраудың «Қайырлы болса баяжан, айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең» дейтіні де сол.
   Ал тарих парағының бер жағына үңілсек, басымызға қандай күн келсе де, халқымыз бір-біріне көмектесуге қашанда әзір. Оны тосыннан келген тілсіз жау төнгенде аңғарып жүрміз. Мәселен, өрт болса өшіруге болысып, жер сілкінісінде өз үйіне шақырған халқымыз, су тасқыны кезінде де қарап қалмады. Наурыздың соңғы күндерінен бері елді әбігерге салып, сай саланы қамтыған судан зардап шеккендерге де еліміз көмек қолын ұсынуда.
   Тасқын сумен алысып, бар жиған-тергенінен бір-ақ сәтте айырылып қалу оңай емес. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнекөріністерді жүрек сыздамай көру мүмкін емес. Қарғын судың кесірінен көмекке мұқтаж болған жерлестеріміз үшін Қазақстан халқы жұдырықтай жұмыла іске кірісті. Жер-жерден гуманитарлық көмектер ұйымдастырылып, межелі жерге жеткізілуде.
Мұндай қайырымды істен аудан халқы да қалыс қалмады. Ең бірінші аудан мен қаланы жақындатып, қолжетімді бағада қызмет көрсетіп жүрген ерікті жігіттер 3 көлікпен Ақтөбеге аудан халқының жылуын жеткізді. Одан кейін де кент, ауылдық округтерден, аудан кәсіпкерлерінен бірнеше рет көмек жіберілуде. Сауапты істен құр қалмауға тырысқан әрбір жан қолында барын айтпай келетін апаттан зардап шеккендерге ұсынуда.
   Осыған қарап, қайырымдылықты ту еткен халқымыздың қасиеті қанымызға сіңгендігін, оның әрі қарай жалғасып келе жатқанын аңғарамыз. Бұл ретте қайырымдылық ұғымын терең зерттеген ғұлама әл-Фараби: «Адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» деген. Осы ретте қайырлы іске үлес қосқан жомарт жандардың көптігі қуантады. Оларға Алла мол сауаптан жазсын дейміз. Өзгеге ізгі ниетпен берілген көмек – жақылықтың бастауы, несібенің қайнар көзі. Кең жүректі, мейірімді жандар көп болса, ізгіліктің шырағы өшпесі анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
09 сәуір 2024 ж. 294 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 281

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 376

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930