» » Біз туберкулезді жеңеміз!

Біз туберкулезді жеңеміз!

Соңғы 5 жылдың ішінде елімізде туберкулез бойынша елеулі оң өзгерістер байқалады. Өткен жылғы статистикаға сүйене отырып, Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 2 есеге төмендеген. ҚР заңнамасына сәйкес туберкулезбен ауыратын науқастарға психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Жалпы туберкулез жұқтыру барысында аурудың дамуы мен оған ықпал ететін факторлар көп. Бұл – әлеуметтік тұрмыстың нашарлығы, дұрыс тамақтанбау, психологиялық күйзелістер, ілеспе аурулар (қант диабеті, жарақаттар, созылмалы өкпе аурулары, АИТВ/ЖИТС), зиянды әдеттер.
Бұл аурудың негізгі белгілері – он төрт күннен ұзақ жөтелу, салмақ жоғалту, тершеңдік, кеуде тұсының ауруы, қан түкіру, жалпы әлсіздік, тез шаршау, дене қызуының ұзақ уақыт көтеріңкі болуы, тәбеттің төмендеуі. Егер осы белгілер байқалған жағдайда жедел түрде дәрігерге баруға кеңес береміз.
Өкпе туберкулезімен ауыратын науқастарды стандартты емдеу бірнеше айға созылады. Алғаш рет анықталған өкпе туберкулезі бар пациенттердің ауруға эмоционалды жағдайы әсер ететінін атап өтуге болады. Пациенттердің психологиялық проблемасының белгілері – стресс, алаңдаушылық, депрессиялық күй, қорқыныш, эмоционалды теңдіктің бұзылуы, аса сезімталдық, өз-өзін бақылауды төмендету, өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруы. Мұндай жағдайда аурудың асқынуына, емнің дарымауына ықтималдық жоғары болады.
Сондықтан, мұндай кездерде психологиялық қолдау өте маңызды. Пациент психолог кеңесіне жүгініп, өзін жоғары бағалауды, өзін-өзі тану сапасын көтеруді, өзіне деген сенімділікті арттыруды, әлеуметтік ортамен қарым-қатынасын қалпына келтіруді, өзіне жауапкершілікті қолға алады. Психолог ішкі стигманы, комплексті жоюға көмек береді. Алдына қойған өмірлік мақсаттарын айқындап, болашаққа үмітін арттырады.
Сондай-ақ жақын жандардың қолдауы, қоғамда стигматизацияның болмауы да жақсы жағынан әсер беріп, стрестен шығуына, ауруды жеңуіне оң мүмкіндік береді. Ал туберкулезге қатысты химиятерапияны жалғастыру кезеңінде пациенттерде психологиялық жағдайдың тұрақты болмауы дәрі-дәрмектің ем-домына теріс әсер етеді.
Ауруханада ұзақ мерзімде болуы, жұмысынан айырылуы, елеулі материалдық қиындықтар, отбасылық қатынастардан алшақтауы, өмір сапасының төмендеуі – өз кезегінде олардың төзімін әлсіретіп, терең депрессияға әкелуі мүмкін. Жұқпалы ауру жағдайында пациенттерде науқастығынан ұялу, өзін кінәлау (отбасында туындаған қиыншылықтар үшін өзін кінәлау), реніш сезімі («неге бұл менде ғана болды?»), қоғамнан тыс қалу, қорқыныш сезімі, оқшаулану, ауруды жасыруға деген ұмтылысымен бірге әлеуметтік, психикалық саулығының өзгеруі, стигманың салдарынан өзгеге деген өшпенділік, дұшпандық, күдік пайда болады. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген абзал.
Туберкулездің алдын алу шараларының бірі – саламатты өмір салтын ұстану. Арнайы вакциналарын (екпелерін) перзентханадан бастап, уақытылы алып отырумен қатар, жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау, дұрыс тамақтану, тұрақты түрде денешынықтырумен айналысу және дене белсенділігін арттыру, қалыпты демалыс, таза ауада серуендеу, зиянды әдеттерден, оның ішінде темекі, есірткі, алкоголь өнімдері, фастфуд өнімдерінен бас тарту, жеке гигиеналық құралдар мен ыдысаяқтарды пайдалану, ет-сүт өнімдерін міндетті түрде пісіріп тұтыну, қоршаған ортада анықталмаған науқас адамдармен қатынаста ауруды жұқтыру қаупінен сақтану – сіздің денсаулығыңыздың кепілі.
Маңыздысы – ішкі жан дүниеңізде өзіңізге деген сенімділік пен ағзаның иммунитеті мықты болуы. Өз өміріңіз өз қолыңызда. Сіз бақытты болуға лайықтысыз! Ұзақ та мәнді өмір сүремін десеңіз, өзіңізге деген жауапкершілікті бүгіннен бастап арттырыңыз. Өмір сізбен ғана ғажайып!
Әмина ТАХИРҚЫЗЫ,
аудандық емхананың психологі
22 наурыз 2024 ж. 307 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 281

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 376

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930