» » Көктемдегі дәстүрлер

Көктемдегі дәстүрлер


Қазақтарда

    Қыстың қаһары қайтып, күн жылына бастаған мезгілдің өзі қазақ үшін мереке. Көктем шығып, жер бусанып, жаңа тыныс ашылғанда ата-бабаларымыз әртүрлі салт-дәстүрлерді, ырым-тыйымдарды қолға алған.
   Көктемнің басында орындалатын дәстүрдің бірі – «Қап қағар» деп аталады. Немесе «ет қайтар» деп қыстан қалған соғымның соңғысын асып жейтін, көрші-көлемді шақырып, сол асты бөлісіп жейтін әдет болған. Әдетте қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Сол аз етті қаптан алып, асады, яғни бұл «ет азайды» деген ұғымды бiлдiредi. Бұл жерден қолындағы соңғы асы болса да бөлісіп жейтін қазақтың дархандығын көреміз. Бұл әрине туыстықты, бауырмалдылықты, мейірімділікті арттыратын көрініс.
    Мұнан соң қолданыста болған тағы бір дүние – «Шөміш қағу» ырымы. Бұл ырым күн жылына бастаған сәуір айларында жасалынады. Сол кезде жиі жаңбыр жауып, көкте найзағай ойнайды. Мұндайда ел-жұрт еңсе көтеріп, жадырай серпілісіп «Күн күркiредi, көк дүркіреді» десiп жатады. Осыған орай жасалатын ырымды «шөміш қағу» деп атаған. Үйдiң босағасына, мандайшасына, табалдырығына шөмішті тигізіп: «Құдайым, жарылқа! Береке мол болсын! Ынтымақ артсын. Адалдық болсын, амандық болсын. Ырзық көп болсын, уайым жоқ болсын» десiп игі тілегін айтқан.
   Сондай-ақ ел арасында «Жетпіс тас» ырымы бар. Ол қуаңшылықта жаңбыр тілеп өзенге тас лақтыру ырымы. Ертеде қасиетті жұма күні жаңбырды шақыру мақсатында өзен, көлдердің жанында қой сойылып, тасаттық беріледі. Сол кезде молда Құран аяттарын оқиды, оқылған әр аяттан кейін балалар суға бір тастан лақтырып отырады. Лақтырылған тастардың саны жетпіс болуы – міндетті шарт.
   Тірлігі төрт түлікпен тығыз байланысқан халқымыздың тағы бір көктемдегі ісі – қоздату. Бұл  саулық қойдың көктемдегі жаппай төлдеуі мен қозы аяқтандыру науқанына қатысты айтылатын ұғым. Қоздату науқаны еліміздегі аймақтардың климаттық жағдайына байланысты наурыз айынан басталып, мамыр айына дейін созылады.
  Сонымен қатар, көктемде халқымыз Наурызға қарсы үй ішін, қора-қопсысын, ауыл-аймақты тазалаған. Өздерін де ретке келтіріп, шашын алып, жаңа киім киген. Онымен қатар, рух тазалығына да мән беріп, қарызын өтеп, жасаған күнәлары үшін кешірім тілеп, тәубесіне келетін болған. Ел арасында бұл мерекеге қатысты мынадай сенімдер де кездеседі.
   Мәселен, Наурыз мерекесінде қар жауса, ол жылдың берекелі, ырысты, құтты болатынын аңғартқан. Бұл күні жауған қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктемнің ерте келерін, батпай бетінде жатса, көктемнің қырық күн кеш келетінін білдіреді. Көктемде алғаш найзағай ойнағанда, бақыт пен ақ мол болсын деп ырымдап үй іргесіне сүт құйған. Сондай-ақ қазақ ұғымында көктемгі уақытта ашық аспан астында ұйықтауға болмайды. Көктем – қыс пен жаздың, суық пен ыстықтың арасындағы шекара. Сондықтан далада түнеген адамның бет-аузы қисайып, жан ауруына душар болады деп сенген. Отардағы түлікке салқын тиіп, ауыруы мүмкін деген сеніммен көктем уақытында малшы далаға жалаң бас, жалаң аяқ шықпаған.

Өзге елдерде

 Көктем – жаңа өмірдің және бүкіл табиғаттың ұзақ ұйқыдан оянуының символы. Сондықтан адамзат оны құрметтеп, көктем келуімен жер бетінде тек қар ғана емес, барлық бақытсыздық пен ауру міндетті түрде жойылады деп сенген. Әрбір елдің көктемнің келуін өзгеше атап өтетін ерекше дәстүрлері бар. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.
 Қытайлықтар көктемді күтуге ең шыдамсыз халық болып шықты. Қытай халқы 21 қаңтардан 21 ақпанға дейінгі күндерді тойланатын Қытай Жаңа жылы көктемнің келуімен байланысты атап өтеді. Көктем мерекесі – Аспан империясындағы ең маңызды мереке. Дәл осы күні қытайлықтар табиғаттың оянғанына және жаңа жылдық циклдің басталғанына қуанады.
Groundhog dayмерекесін тойлайтын америкалықтар мен канадалықтар да көктемді ерте қарсы алатындар қатарында. Қыс әлі кетпей тұрған 2 ақпанда олар ауқымды мерекелер ұйымдастырып, көктемнің қашан келетінін есептейді.
Ал Үндістанда көктемді шын мәнінде сиқырлы түрде тойлайды. 19 наурыз шамасында атап өтілетін «Холи» елдегі ең маңызды мерекелердің бірі болып табылады. Осы уақытта нағыз бұқаралық мерекелер өтеді.
Наурыздың бірінші күнінен сәуірдің соңына дейін Жапонияның күншығыс елі «ханами», яғни сакураны тамашалау мерекесін өткізеді. Жапонияның түкпір-түкпірінде жүздеген ағаштар бозғылт алқызыл гүлдермен көмкеріледі. Дәстүр бойынша жапондықтар туыстарымен, достарымен табиғат аясына шығып, шие ағаштарының түбінде отырып, сұлулыққа тамсанып, әңгімелеседі. Мереке құрметіне барлық жерде фестивальдер мен салтанатты шаралар өтеді.
Гректер Масленица мерекесі үшін үш апта бөледі. Көктемді қарсы алуға мұқият дайындалып, үйлерін гүлдермен, гүл шоқтарымен және түрлі-түст шамдармен безендіреді. Көшелерде мерекелік шаралар мен карнавал шерулері жалғасады. Мерекенің басты белгісі – ағаш таяғы. Гректер құймақтарды қатты жақсы көреді, бірақ оларда ет көп. Олар оны үш апта бойы әртүрлі формада жейді. Ал мерекенің соңғы күндері «Цикнопемти бейсенбісінде»көшелер жабайы көңіл көтеруге толады. Барлығы «Қош бол, ет!» деп қуырылған цикнизо шошқа етін жейді.
Мексикада осы күнге дейін көптеген мәдениеттердің пұтқа табынушылық өткенінен бастау алатын салт-жора тойланады. Наурыздың 20-сы мен 21-і аралығында күн мен түн теңеледі, Күн өз сәулелерімен екі жарты шарды да жарықтандырады. Көптеген туристер Чичен Ицадағы әсерлі жарық әсерін көруді күтеді – қауырсынды жылан жерге түседі. Күн сәулесі пирамиданың тас баспалдақтарымен жылжып келе жатқандай жылан бейнесіне ұқсас көлеңке түсіреді. Сонымен қатар, дәстүрлі билердің қойылымын, түрлі-түсті мерекелер мен театрландырылған көріністерді көру бақыты бұйырады. Мексикалықтардың егер сіз көктемнің келуін білдіретін осы мерекені пирамидалардың басында тойласаңыз, сіз жыл бойына оң энергия зарядын аласыз деген нық сенімі бар.
Испанияның ең танымал көктемгі мерекелерінің бірі – Фаллас. Ол жанама түрде күндізгі сағаттың ұлғаюымен байланысты және Әулие Джозефке арналған. Фаллас бүкіл Испанияда тойланады, бірақ Валенсияда ерекше атап өтіледі. Бұл мерекені от фестивалі деп те атайды. Барлық жерде отшашулар атылып, петардалар жарылады, ал финалда фалалар деп аталатын алып қуыршақтар өртенеді. Қуыршақтар көбінесе адамзаттың, саясаткерлердің, ертегі кейіпкерлерінің кейбір кемшіліктерін бейнелейді, олардың өлшемі 20 метрге жетеді.
Дайындаған АРДАҚ СҮЛЕЙМЕНОВА
20 наурыз 2024 ж. 179 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930