» » МЕКТЕПТЕГІ ПАРЫЗ: сабақ па, намаз ба?

МЕКТЕПТЕГІ ПАРЫЗ: сабақ па, намаз ба?

Фото
Кешегіге дейін білім ошағында мектеп үлгісіне, соның ішінде хиджабқа қатысты қоғамда қызу талқылар болған-ды. Дін өкілдері мен білім саласының мамандары, ата-аналар өз пікірлерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, көбісі бұл мәселеге қатысты дүрбелең туғызудың қажеті жоқ, мектеп формасын сақтау керек дегенге саяды. Енді жақында әлеуметтік желіде бір топ оқушының мектепте намаз оқып отырған видеосы желдей тарап, көпшіліктің талқысына түсуде. Бұған қоғам да «бала сабақ уақытында білім алуы керек, мектеп құлшылық жасайтын орын емес» деп уәждерін жарыса жеткізуде.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаев бұл жағдайға былай деп ашық пікірін білдірді.
– Мектептерде ешқандай діни рәсімдер болмауы керек. Бұл мектептердің ішкі ережесінде бекітілген. Ол министрліктің бұйрығымен бақыланып отырады. Ал мына жағдайды біз тексеруге аламыз. Жағдай нақтыланған соң шара қабылданады, – деді министр.
Желідегі бейнероликте спорттық киім киген бір топ баланың жайнамазда отырғаны анық көрінеді. Айналасында мектеп партасы бар. Бірақ нақты қай білім ордасы екені белгісіз. Көпшілік осыған қарап мектеп намаз оқу үшін емес, сапалы білім алуға бағытталуы тиіс. Намаз оқитын арнайы мешіт орны бар, сонда құлшылық жасасын дейді. Осы тұста тілшілердің министрге «Жалпы мектептерде намазхана болуы керек пе?» деген тікелей сауалы да қойылды. Оған Ғани Бисембаев «Ең алдымен мектеп – білім мен тәрбиенің ошағы. Сондықтан мектепте міндетті түрде ұстаздарымыз балаларға білім беруі керек. Бұл туралы біз үнемі айтып жүреміз. Осы ұстанымнан біз тайған емеспіз. Мұнда басқа мәселені көтерудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Жалпы мектеп – сапалы білім мен тәрбиені үйретуге арналған орын. Сондықтан бұл мүлдем мүмкін емес» деп жауап берді.
Былай қарағанда, жастардың имандылыққа бет бұрғаны да қуантады. Имандылық – тәрбиенің негізі десек, жастарымыз осы жолға келу арқылы жаман әдеттен тыйылмақ. Себебі қазір мектеп жасындағы балалардың жанжалдасуы, топтық төбелес, темекі, нашақорлыққа әуес болуы, бір-біріне суық қару қолдану жиілеп кетті. Алайда жастардың құлшылық жағын да қадағаламасақ жат ағымның құрықтар қақпаны да бар. Интернет пен әлеуметтік желідегі экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі жастарды жарға жығуға бірден-бір оңай құрал болып отыр. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен келу де жастарды адасушылыққа әкеліп соқтырмақ. Сол үшін де әуелі мектептен талапқа сай білім алып, сауат ашу да қажет. Себебі білімді жастар еліміздің маңызды құрамдас бөлігі, олар алған жақсы білімнің арқасында қоғамға барынша пайда тигізеді.
Тағы бір мәселе, бүгінде сәждеге бас қойған, адал жүріп, ақ сөйлеуге ниетті, иманы кәміл игі жақсылар қатарында құлшылық үшін сабағын тастап, мешітке келіп жүрген мектеп оқушылары баршылық. Түскі уақытын жұмаға арнаған ересектер үшін мұның жарасы жеңіл болғанымен, білім алу үстіндегі оқушылар үшін мешітке келу мәселесі де мінберде қозғалды. Мұсылмандарға ілім алу да парыз, жұма намазға бару да парыз. Осы екі парыздың өтелу уақытының қатар келуінен қоғамда түсініспеушілік орын алуда. Бірақ бір парызда отырған мұсылман оны тастап екінші парызға кетуі шариғатқа қайшы болмақ. Бұл тұрғыда дін өкілдері дәл қазір оқушылар үшін парыз – білім алу деп түсіндіреді.
– Бұхар жырау бабамыз «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, біреуі қаза қалмасқа» дегендей, мен мұсылманмын деген балиғатқа толған ақыл-есі дұрыс адамға бес уақыт намаз – парыз. Ал балиғат жасы шариғатымыз бойынша ерлерге 13 жас, қыздарға 9 жас деп қояды. Егер белгілері білінбесе ортақ 15 жас деп алынады. Мектеп жасындағы, яғни 9-1011 сыныптағылардың балиғат белгілері толық көрінеді. Осы тұста білім алудың нәпіл намаздан да артығырақ екенін ескерсек, балиғатқа толған оқушы барынша білім алуға ден қойып, парыз намазын мүмкіндігінше үйінде немесе мектептен тыс жерде оқығаны дұрыс. Мектеп зайырлы қоғамның білім алатын ордасы, құлшылық орны емес деген пікір басым заманда мектеп ішінен намазхана ашып, балиғатқа толған оқушының құлшылығына мүмкіндік беретін заманның ауылы алыс. Қоғам оған әлі дайын емес, – дейді Қармақшы ата мешітінің бас имамы Рахат Қожанов.

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
11 наурыз 2024 ж. 359 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930