» » Мектептегі орамал мәселесі: шешім қандай?

Мектептегі орамал мәселесі: шешім қандай?

Қазір қоғамда мектеп формасын өзгертуге қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Қақ жарылған қоғамдық пікірдің бір жағында оқушы қыздардың мектепке орамал тағуына рұқсат беруді құптайтындар тұрса, екінші жағында баласын білімнен шеттеткен ата-ананы жауапқа тарту қажеттігін айтатындардың да қатары көп. Осы орайда бұл мәселенің кеше-бүгін туындамағанын да айта кеткен жөн. Бұл даудың нақты бір шешім таппай келе жатқанына да біршама уақыт болды. Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл мәселенің де қоғамға әсер етер біршама тұсы болып тұр. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі». Қайтпек керек?

Орамалды оқушы мектепте оқи ала ма?
Жасыратыны жоқ, кейбір ата-ана баласының болашағын орамалға байлайды. Орамал таққан қаншама оқушы мектепке кіргізілмеген соң, Ресейдің онлайн оқуымен сауатын ашып жүр. Ал министрлік мұндай балаларға оқуды қолжетімді қылмақ… Орамалмен оранған оқушыны мектепке кіргіземіз бе? Бар мәселе – осында.
Осы орайда Оқу-ағарту министрі мектептерде орамал тағу мәселесі үнемі көтеріліп келе жатқанын, тек Қазақстанда ғана емес, басқа да бірқатар елдерде осыған қатысты талқылаулар жүріп жатқанын айтуда.
– Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де зайырлы мекеме. 2016 жылдан бері қабылданған бұйрық бар. Ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине, мектеп формасын сақтау керек. Алайда шындыққа тіке қарап, проблеманы жасырмауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты балалардың мектепке бармай жүрген фактілері де бар. Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды, яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін.
Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мысалға, ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Шындығында олар Қазақстанның шекарасынан сыртқа шығып, ешқайда бармайды. Елімізде онлайн білім беру болмағандықтан көрші мемлекеттердің онлайн мектептерінен білім алып жатыр. Ал кейбірі тіпті мектепке баруды мүлде қойған. Мұндайға жол беруге болмайды. Балаларымыз міндетті түрде білім алуы керек, – деген болатын министр Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында.
Осы мәлімдеме шыққалы бері халық өре түрегеліп, лап қойды. Әлеуметтік желіде түрлі пікірлер қаптады. Әрқайсысын оқып, ойымыз онға, санамыз санға бөлінді. Көп ұзамай министрлік мынадай мәлімдеме жасады.
– Мектеп формасы туралы бұйрық өз күшінде, ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Біз барлық баланы біліммен қамтамасыз етудің түрлі мүмкіндіктерін талқылаймыз. Бұл – эмоцияға беріліп шешілетін мәселе емес, қоғамда әртүрлі пікір бар екені рас. Ең алдымен балалардың мүддесі мен заңнамадағы нормаларды негізге алуымыз керек, – деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Комитет төрағасының айтуынша, қазір түрлі ұсыныстар түсіп жатыр, соның ішінде оларды өзіміздің отандық мектептерде онлайн оқыту мүмкіндігі және оларды оқу үдерісіне тарту бойынша ұсыныстар. «Ең бастысы – еліміздегі барлық баланы біліммен қамту маңызды» дейді маман.
Ел не дейді?
Қазір қоғамда ата-анасының қалауымен, бәлки амал жоқтан ресейлік ақылы оқу оқып жүрген қазақтың қаракөздері бар. Мектепте оқып, сыныптас­тарымен, достарымен ойнауды олар да қаламайды дейсіз бе? «Киімді адамның іші киеді» деп жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы айтқандай, баласының болашағын орамалға байлап қойған ата-аналарды қоғам түсіне алмақ емес. Түрлі ой айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.
– Министрліктің мектеп формасына байланыс­ты арнайы бұйрығы бар. Сол бұйрыққа сәйкес, әрбір өңір, әр мектеп ата-аналармен ақылдаса отырып, мектеп формасының үлгісін таңдай алады. Біраз уақыттан бері оқушы қыздардың орамал тағу-тақпау мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қазақ қай заманнан бері қызына орамал тағып, бетін бүркеді? Қазақтың қай шығарма-дастанын оқысаңыз, қыздары бұрымды болған, тақия киіп, үкі таққан. Ата-бабамыз қазақ қызына ерекше көңіл бөлген, терең тәлім-тәрбие берген. Орамал таққан қыздың сана-сезімі бөлек, иманды, тәрбиелі бола қалады дегенге сенбеймін. Ұстаз ретінде оқушы қыздың орамал тағуына қарсымын. Мектеп оқушыларына ортақ тәртіп бар, ата-ана мен оқушы қай дінді ұстанса да, тіптен дінсіз болса да, сол ережеге бағынуы керек. Әрбір ата-ананың қалауын сұрап, дегеніне жығыла беретін болсақ, мұндай мәселелер туындай бермек. Жалпы, қазақтан асқан еліктегіш халық жоқ шығар. Қазір жүріс-тұрысымыз, киім киісіміз, сөз саптауымыз, тіпті өмірге, болашаққа көзқарасымыз, бәрі-бәрі шұбарланып, таза қазақ болудан қалдық, – дейді ардагер ұстаз Т.Қатарбаева.
Бәріміз қолданатын әлеуметтік желіде де бұл тақырып көп талқысына түсуде. Гүлжаз есімді оқырман «А.Аймағамбетов мырзаның сөзін қолдаймын. Өйткені орамал таққаны үшін мектепте оқи алмай жүрген балалар ғана емес, хиджаб кимей, орамал тартатын мұғалімдер де мектепте қызмет істей алмайды» десе, Қанат есімді азамат «жоғарғы сыныптағы қыздардың басын жауып жүруіне рұқсат беріп, жастарына сай жарасымды етіп, заманауи, арнайы бас киім үлгісін бекіту керек» деп пікір қалдырыпты.  Қарап отырсақ, пікірлер де саналуан, түрлі бағытта. Бірі – құптайды, екіншісі – даттайды. Ал енді бірі бұл мәселеге мүлде басқа көзқараспен қарайды. Пікірлердің санында шек жоқ.
Сонымен қатар «Мектепте оқушылар формасы қатаң сақталуы керек. Форма – жәй киім деп қарауға келмейді. Ол – тәрбие, мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактор. Бала білім алу құқығынан айырылмауы керек. Сондықтан, қандай да жағдаймен мектепте баласын оқытпай надан еткен ата-аналарға қатаң жаза болуы керек» немесе «Әркім өз білгенін жасаса, онда ол білім ордасы болудан қалады» деп бірыңғай мектеп формасын талап етушілердің де қарасы қалың.
орамал Орнымен тағылса...
Ата салтын ардақтаған ұлт өмірінде  орамалдың алар орны бөлек, мәртебесі жоғары.  Әйелдің басындағы жаулық – сән мен діннің ғана белгісі емес, байырғы кезде ақ орамал соғыс пен ұрыстың нүктесі де болған. Қазіргі таңда да оның маңызы дін не менталитетпен шектелмейді.
Ал орамал тағу – қазақтың ұлттық салтының бірі. Жас келін ұзатылған кезінде басына сәукеле киген. Ал келін болып түскен әулетінде орамалмен тағып жүруі тиіс. Бұл жас келіннің ибалы, әдептілігінің белгісі.  Сондай-ақ келіннің көп уақыты асханада өтетін болғандықтан ас-тағамдарға шаш түспеу үшін де орамал қажет-ақ.
Тарихқа үңілсек, қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Кəмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сорабақ, моншақты қасаба, жырға секілді əдемі бас киімдері болған. «Шаштарын он күн тарап бес күн өрген» деген тіркеске сай, шаш күтіміне көп көңіл бөлген. Балалы болған әйелге бала емізуге ыңғайлы болуы үшін кимешек кигізген, кейіннен қазақ әйелдері жаулық тағынған. Ал  әйел заты ақ самайлы әже болғанда басына арнайы кимешек салған.   Бұл бас киімдер әшекейленіп, шашақталып, кестеленіп тігіледі. Онда ешқандай діни мағына жоқ, бұл даналықтың, әдептің, көркемдіктің, ата-салтқа деген құрметтің белгісі.
Шариғат шеңберіндегі пікір қандай?
Ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсұну міндетті. Ал оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады. Құранда «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» деген аят бар. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгені абзал.
Көтерілген тақырыпқа орай мәселенің анығын білмекке бірнеше имамға сауал тастадық. Алайда көңіл көншітерлік жауап ала алмадық. Себебі орамал дауы шикі тұстары көп, жан-жақты мәселе болып отыр. Басым көпшілігі  біз жоғарыда көрсеткен министрдің сөзін басшылыққа алып, одан ары артық ештеңе айтпады. Ал енді бірі бұл сауалға жауап беруден түбегейлі бас тартты. 
Қарап отырсақ, ата-анасы дау шығарып жүрген орамалды оқушылардың көбі оң-солын танитындай дәрежеде емес. Өйткені басым бөлігі төменгі сыныптарда оқиды. Демек ата-анасы қалай айтады, солай болады. Олар тіпті  орамалды басынан алуды ойламайды да. Дұрысы, ойлауға мұрсат бермейді. Олар мектепке келгенде «орамалды шеш» деген ұстазға сенерін, не сол ұстаздарына қарсы келген ата-аналарына сенерін білмей дал болады. Шындығында, бала үшін ата-ананың сөзі дұрысырақ. Бұл жағдайдың бала санасына салмақ салып, болашағына әсер етері де сөзсіз. Ал білім саласына жауапты тұлғалар болса, білім министрлігінің арнайы талабы бар екенін және оның еліміздің Ата заңына негізделгенін айтудан танған емес.
Ал мүфтият ел азаматтарын қай кезде де сабырлыққа, бірлікке, жалпы билікке, бұйрыққа бағынған адам болуға шақырады. Сондай-ақ олар ұсынған мәлімдемеде ата-ана кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, білім алуына тыйым салмауы керек екені және бала өнерге, спортқа, зияткерлік дамуға мүмкіндігі барын сезінуі қажет екені көрсетілген. 
Түйін
Анығына келсек, орамал дауы – бүгін-ертең бітейін деп тұрған жоқ. Наным-сенім бостандығына барып тірелетін заңды қабылдауда біржақты кетуге тағы болмайды. Әзірге мұғалімдер мен дінтанушылар осы мәселе бойынша тек ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыра бермек. Осындайда қоғамдық бірлік, ұлттық тұтастықты сақтау үшін, мемлекетіміз үшін халықтың діни сауаттылығын арттыру ауадай қажет. Әркімнің өз көзқарасы, өз ұстанымы бар. Бір шаңырақ астындағы ел ортақ талапқа бағынбай әр жаққа тартса, болашағымыз бұлыңғырланатыны анық. Осы орайда орамалды білімге араластырмай-ақ қойса болмай ма?
Ал сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 шілде 2022 ж. 1 511 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 287

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 382

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930