Алдын алу қауіптен сақтайды
Халыққа жасалатын әрбір қызметтің өзіндік ерекшелігі болады. Сол секілді біздің қызметіміздің де жауапкершілігі мен көтерер жүгі бір төбе. Аудандағы Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі өткен жылы өз жоспары шеңберінде бірқатар жұмыстар мен қауіпті аурулардың алдын алуда санитариялық шаралар жүргізді. Енді осы жұмыстардың барысына тоқталып өтсек.
Біздің облысымыз Орталық Азия табиғи шөлейтті оба ошағының белсенді бөлігінде орналасқан. «Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің эпизоотологиялық бақылау жасау аумағының құрамына облыстың 2 ауданы (Қармақшы, Жалағаш) және Ұлытау облысының Ұлытау ауданының оңтүстік бөліктері кіреді. Бақылау жасау аумағының көлемі 72800 шаршы шақырым болса, оның 60000 шаршы шақырымы (82,4 пайызы) обаның энзоотиялық аймағын құрайды.
Эпизоотологиялық зерттеу аумағында орналасқан халықтың оба және басқа да аса қауіпті, карантинді жұқпалардан санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында бөлімшенің 1 тұрақты зертханасы және 2 эпиджасақ күшімен эпидемиологиялық бақылау және алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Жыл сайын кеміргіштер арасында әртүрлі деңгейде оба ауруының эпизоотиясы тіркелуде. Былтыр бөлімше бойынша 36000 шаршы шақырым жер зерттеумен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 100 пайызын құрайды. 500 шаршы шақырымдық жерде эпизоотия серологиялық жолмен анықталды. Оба эпизоотиясы тіркелген жағдайда аймақтарда тиісті эпизоотиялық және эпидемиологиялық шаралар уақытылы және өз деңгейінде атқарылды.
Оба эпизоотиясының алдын алуда 5 қорғаныс белдіктерін құрып, жалпы көлемі 100 шаршы шақырым далалық дезинсекция жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердегі орналасқан халықтың денсаулығын сақтау, аурудың алдын алуда профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бөлімшенің зерттеу аумағында орналасқан елді мекендерінде 110 мың шаршы метр кеміргіштермен қоныстануына, 70 мың шаршы метр бүргелермен зақымдануына тексеру жасалды. Зерттеу нәтижесінде 110 мың шаршы метр елді мекендік дератизация және 100 мың шаршы метр дезинсекция жүргізілді.
Өткен жылы филиал бақылауындағы тұрақты қауіпті топтарға жататын 2371 адам обаға қарсы егілуге жоспарланып, оның 2369 адамы егілген (99,9 пайыз).
Бөлімше зертханаларына жеткізілген материалдар обамен қатар басқа да зооноздық індеттерге қарсы (листериоз, пастереллез, псевдотуберкулез, ішек, кристенсени иерсинозы) тексеру мақсатында кеміргіштер бактериологиялық және серологиялық әдістермен зерттелді. Эпидемиологиялық маусым кезінде зерттеу нәтижесінде барлығы 5177 серологиялық реакция қойылды, оның ішінде 2 сынама пастереллезге, 47 сынама кристенсени иерсиниозына, 42 сынама ішек иерсениозына, 31 сынама псевдотуберкулез иерсиниозына оң мәнді болып табылды.
Аудан аумағын кесiп өтетiн темiржол, автокөлiк магистральдары Жосалы кентін, аудан орталықтарын басқа облыстармен, әсiресе тырысқақтан қолайсыз Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан Республикасымен байланыстырады. Көптеген облыспен, алыс-жақын шетелдермен нарықтық, туристiк, сауда-саттық байланыстары нығая түсiп, облыс бойынша көшiпқону үрдістерiн жандандырып, тырысқақтың облысқа әкелiну қаупiн тудыруда. Сол себептен облысымыз тырысқақтың эпидемиологиялық қауіптілігін құрайтын кешенді факторлар бойынша I-типті аумаққа жатады. Есеп беру мезгілінде тырысқақтың алдын алуда 162 жедел ішек ауруымен науқастанған адам тексеріліп, нәтижесі тырысқаққа теріс болды.
Қоршаған орта нысандарынан (ашық су көздері, жағажайлар, арналар, арықтар) 50 су сынамасы тексеріліп, нәтижесінде 1 су сынамаcынан серотобы О1 емес, яғни эпидемиологиялық маңызы жоқ тырысқақ вибрионы бөлінді. Көп жылдар бойы облысымыз Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қолайсыз болып келеді. 2023 жылы КҚГҚ (Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы) індетімен күресу шараларының бекітілген бөлімше жоспарына сәйкес бөлімшенің зерттеу аумағында орналасқан елді мекендерінен және төңіректерінде кене жинау жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері жалпы зерттелген кене саны 2670 дана, 255 сынамасымен ИФА әдісімен зерттеліп, нәтижесінде елді мекендерден және төңіректерінен жиналған кенелердің сынамасынан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының антигені анықталған жоқ.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қоздырғышының сақтаушысы және таратушысы болып келетін кенелердің барлығы 16 түрін анықтап, олардың өсіп-жетілу сатылары, фенологиясы, кенелердің түрлеріне карай табиғатқа шығу мерзімдері анықталды. Бөлімше мамандарымен жұмыс тәжірибесінің нәтижелерін қорытындылау, эпидемиологиялық бақылауды жақсартуда ғылыми-зерттеу басылымдарында 2 мақала жарияланды.
Бірлескен бұйрыққа сәйкес, 2023 жылы аса қауіпті жұқпалы инфекцияға сезікті науқас анықталған жағдайда атқарылатын іс-шараларға қатысы бар мекемелердің қызметкерлерімен шартты науқас (оба ауруына күдікті) анықталғандығы бойынша жаттықтыру сабақтары өткізілді. Оның барысында анықталған кемшіліктер талқыланып, тәжірибелік кеңестер берілді.
Аса қауіпті маймыл шешегі ауруының алдын алуда аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарымен бірлесіп жергілікті медицина қызметкерлері арасында «Оба ауруының қазіргі уақыттағы әлемдегі эпидемиологиялық ахуалы. Оба ауруымен алғаш рет сырқаттану жағдайларын ерте анықтауға, жұғу жолдары, сақтану шаралары, зертханаға сынама алу, тасымалдауда эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтау және ошақты таратпау мен жою» тақырыбында семинарлық сабақтар жүргізілді.
Эпидмаусым алдында карантиндік жұқпалардың клиникасы, диагностикасы, эпидемиологиясы туралы нұсқаулықтар, семинарлық сабақтар ұйымдастырылады. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуда 28 семинар өткiзiлген, онда 69 дәрiгер, 352 орта буын маманы даярланған. 40 жаттығу сабағы ұйымдастырылып, оған 65 дәрігер, 329 орта буын маманы қамтылған. Халық арасында 35 дәрiс оқылып, 1000 әңгiме өткiзiлген, 842 парақша үлестірілген. Санитарлық-ағарту жұмыстарымен 5766 адам қамтылды.
Есеп беру кезеңінде 39 емдеу-профилактикалық ұйымдарының бастапқы эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды жүргізуге дайындығын қамтамасыз ету бойынша кеңестікәдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетілді. Бөлімшеге және бөлімшеге қарасты Түпбөгет эпиджасағы ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бөлімше обаға және басқа да карантинді, аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіп, аудан бойынша эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалыса беретін болады.
Е.ЗЕРХАНҰЛЫ,
Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің бастығы