Жүйелі жұмыс жемісін береді
qarmaqshy-tany.kz Ел аумағының 39%-ы оба ауруынан қолайсыз болып есептеледі. Оның ішінде біздің аймақ орталық азияның табиғи шөлейтті оба ошағының белсенді бөлігінде орналасқан. Сондықтан қауіпті індетке қарсы күрес бір сәт те болсын бақылаусыз қалған емес. Бүгінде мамандардың жұмысы қызу жүріп жатыр. Сырт аймақта эпиджасақ қызметкерлері эпидемиологиялық бақылау және алдын алу шаралары жұмысын жүргізуде.
Мекеме қызметкерлерінің қазіргі атқарып жатқан жұмысын білмекке Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесіне табан тіредік. Бізді бөлімшенің жаңа бастығы Ердос Зерханұлы жылы шыраймен қарсы алды.
Қазір мекеме қызметкерлері жұмыс іс-сапармен дала төсінде жүр. 45 күнге созылатын бұл науқан кейде 60 күнге дейін жалғасады. Мамандардың айтуынша, көктем мезгілінен бастап маусым айының 10-15-іне дейін кеміргіштер көбейеді екен. Осы аралықта обаға қарсы күрес бөлімшесінің жұмысы да қыза түседі.
Эпизоотологиялық зерттеу аумағында орналасқан халықтың оба және басқа да аса қауіпті, карантинді жұқпалардан санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің тұрақты зертханасы мен 2 эпиджасақ құрылым күші жұмыс істейді.
– Жыл сайын кеміргіштер арасында әртүрлі деңгейде оба ауруының эпизоотиясы тіркелуде. Өткен жылы бөлімше бойынша 36000 шаршы шақырым жер зерттеумен қамтылды. Бұл жылдық жоспардың 100 пайызын құрайды. Зерттеу нәтижесінде оба эпизоотиясы анықталмады. Егер тіркелген жағдайда аймақтарда тиісті эпизоотиялық және эпидемиологиялық шаралар уақытылы және өз деңгейінде атқарылады. Оба эпизоотиясының алдын алу мақсатында 5 қорғаныс белдіктерін құрып, жалпы көлемі 100,0 шаршы шақырым далалық дезинсекция жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ елді мекендердегі орналасқан халықтың денсаулығын сақтау, ауруды алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Былтыр филиал бақылауындағы тұрақты қауіпті топтарға жататын 2097 адам обаға қарсы егілуге жоспарланып, 2065 адамы егілген (98,4%). Бөлімше зертханаларына жеткізілген материалдар обамен қатар басқа да зооноздық індеттерге (листериоз, пастереллез, псевдотуберкулез, ішек, кристенсени иерсинозы) тексеру мақсатында кеміргіштерді бактериологиялық және серологиялық әдістермен зерттелді, – дейді бөлімше бастығы.
Аудан аумағын кесiп өтетiн темiр жол, автокөлiк магистральдары Жосалы кентін, аудан орталықтарын басқа облыстармен, әсiресе тырысқақтан қолайсыз Оңтүстік Қазақстан облысымен, Өзбекстан Республикасымен байланыстырады. Көптеген облыстармен, алыс-жақын шет елдермен нарықтық, туристiк, сауда-саттық байланыстары нығая түсiп, облыс бойынша көшiп-қону үрдістерiн жандандырып, тырысқақтың облысқа әкелiну қаупiн тудыруда. Сол себептен Қызылорда облысы тырысқақтың эпидемиологиялық қауіптілігін құрайтын кешенді факторлар бойынша I типті аумақтарға жатады. Өткен жылы тырысқақтың алдын алу мақсатында 193 жедел ішек ауруларымен науқастанған адам тексеріліп, нәтижесі теріс болған.
Эпидмаусым алдында карантиндік жұқпалардың клиникасы, диагностикасы, эпидемиологиясы туралы нұсқаулықтар, семинарлық сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу барысында 22 семинар өткiзiліп, онда 55 дәрiгер, 258 орта буын маманы даярланған. 33 жаттығу сабағына 59 дәрігер, 273 орта буын маманы қамтылған. Халық арасында 35 дәрiс оқылып, 1100 әңгiме өткiзiлген, 800 парақша таратылған. Санитарлық-ағарту жұмысымен 7000 адам қамтылды.
Жыл көлемінде профилактикалық ұйымдарының бастапқы эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды жүргізуге дайындығын қамтамасыз ету бойынша кеңестік-әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетіледі. Мекемеде обаға және басқа карантинді, аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемияға қарсы ісшаралар жүргізіп, аудан бойынша эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге атсалысуда.
Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесі өзіне бекітілген 72 000 шақырым жерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Оның 60 000 шақырымы обадан энзоотиялы болып есепке алынған. Бұл жерлер – Арал маңы Қарақұм, Қызылқұм, Арысқұм, Дариялық тақыр дербес ошақтары. Бөлімшенің бекітілген зерттеу жер аймағының барлығында оба эпизоотиясы кезеңкезеңмен тіркеліп тұрады, әсіресе Шығыс Қарақұм ЛЭА орналасқан көптеген мұнай игеру орындары аумағының эпид потенциалының жоғары екені эпид бақылауды күшейтуді талап етеді.
Мекеме құрылғалы мұнда 90-ға жуық дәрігер мен зоолог жауапкершілігі мол, аса қауіпті де қатерлі індетті ауыздықтау жолында аянбай еңбек еткен. Ал қазір мекемеде 69 адам қызмет етеді. Бүгінде зерттеу жұмыстары бөлімшеде орналасқан орталық зертхана, Қарақұм эпидқұрылымы және Т.Көмекбаевта орналасқан Түпбөгет эпидқұрылымы күшімен жүргізіліп келеді.
Бірлескен бұйрыққа сәйкес өткен жылы аса қауіпті жұқпалы инфекцияға сезікті науқас анықталған жағдайда атқарылатын іс-шараларға қатысы бар мекемелердің қызметкерлерімен шартты науқас (оба ауруына күдікті) анықталғандығы бойынша жаттықтыру сабақтары ұйымдастырылды. Жаттығу сабақтарын өткізу барысында анықталған кемшіліктер талқыланып, тәжірибелік кеңес берілген. Аса қауіпті маймыл шешегі ауруының алдын алу мақсатында аудандық санитарлықэпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарымен бірлесіп жергілікті медицина қызметкерлері арасында «Аса қауіпті маймыл шешегі ауруының эпидемиологиясы, клиникасы, дифференциалдық және зертханалық диагностикалары, атқарылатын профилактикалықэпидемияға қарсы шаралары» тақырыбында семинар өткізілді.
Мекеме қызметкерлері аймақта аса қауіпті жұқпалы індеттің халық арасына таралмауын қатаң бақылауда. Сонымен қатар бөлімше ауданның барлық іс-шараларына қатысып, әртүрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орын алып келеді. Иә, көбі біле бермейтін бөлімшенің атқарар қызметі осындай.
Ақнұр САҒЫНТАЙ