» » Ерден ердің ісі артық

Ерден ердің ісі артық

ЖҰМЫС ҚАЛЫПТЫ ЖҮРУ ҮШІН САЙЛЫ МАМАНМЕН ҚОСА, ОТЫРАТЫН ОРЫН ДА ЖАЙЛЫ БОЛУ КЕРЕК. СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ БӨЛМЕСІ ЖАРЫҚ, ЕҢСЕСІ БИІК ҒИМАРАТТА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ӘРБІР АДАМНЫҢ ЕҢСЕСІ ЖОҒАРЫ, КӨҢІЛ-КҮЙІ КӨТЕРІҢКІ БОЛМАҚ. БІР СӨЗБЕН АЙТҚАНДА, МАТЕРИАЛДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ДА ЕРЕКШЕЛІГІ ОСЫНДАЙДА КӨРІНІС БЕРІП ҚАЛАДЫ.

Аудандағы үкіметтік емес ұйымның бірі – «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі. Оның құрылып, жұмыс істей бастағанына біраз жылдың жүзі болған. Бірлестік мүмкіндігі шектеулі және қазақтың қолөнеріне қызығушылық танытқан балаларды баулиды. Ұйымның төрайымы Бақыткүл Сейіткәрімқызы бірлестікке мүше балалардың өнерін дамытып, бос уақытын тиімді өткізуге қолынан келгенін аянып қалмауда. Ол әрбір іс-шараға үлкен жүрекпен демеушілік жасап жүрген қамқор ағайынға да дән риза. Еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылатын байқау, өнер бәйгелеріне шәкірттерін қатыстырарда жол шығынын көтеріп жүрген мейірімді жандарға да айтар алғысы шексіз. Сол балалардың арасында талайы облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда бас бәйге ұтып, топ жарып жүргені қаншама. Демек, еткен еңбек нәтижесіз емес деген сөз. Осындайда бірлестіктегі балаларға лайықты да жайлы ғимараттың сәті түспей жүргені ара-кідік болса да жанына бататын. Ұйым алғаш құрылған жылдары жеке тұрғынжайында, ескі мекеме ғимараттарында қызметін жалғастырып, әрі қарай ілгерілеп отыруды мұрат етті. Осылайша азаннан кешке дейін бірсыдырғы күй кешкен ерекше балалардың бір мезгіл болса да өзге балалармен бас қосып, олардың өнерін дамытуға септігін тигізді.
«Сабырлы бола білгенге әр нәрсенің қайыры бар» дегендей, өткен жыл қоғамдық бірлестік үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Соның ішіндегі ең қуаныштысы – өздеріне жеке ғимараттың берілуі болды. Ұйымға аудан әкімдігінің қолдауымен бұрынғы қалалық кітапхананың ғимараты табыс етіліп, жарық та кең бөлмелі орынға көшіп барған еді. Ғимаратқа мамыр айынан бастап жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қыс мезгілінде көмір мен отыннан қағажу көретін олардың бұл мәселесі де «Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, қайырымды кісілердің араласуымен шешімін тауып отыр. Мекемедегі игілікті істермен таныстырған бірлестік төрайымы қуанышын былайша жеткізеді.
– Бірлестік мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтіндіктен, олардың бірінші кезекте жағдайы жасалуы керек. Жаз мезгілінде біліне қоймайды, бірақ қысы өкпекті келетін біздің жақтың ауа райында салқын жерде отыру – балаға жайсыздық тудыратын. Көптен күткен мәселенің түйіні тарқап, былтыр ғимарат бөлінді. Еңсесі биік, бөлмелері кең, іші жарық. Тек осындай үлкен ғимараттың жылуы қалай болар екен деп іштей дағдарғанымызды несіне жасырайын. Қыс маусымы басталғалы бері ауылдың қайырымды бір азаматы (атын атамауды өтінді) көмір алып беріп, қайырымдылық жасады. Қазір білесіз, Жосалы кентінде 80 пайыз халық көгілдір отын пайдаланады. Бізде бұл жағы қалай болар екен деп отырғанбыз. Міне, жақында мұның да шешімі табылып, ер азаматтарымыздың арқасында ғимаратқа газ кіргізілген жайы бар, – дейді ол риза көңілмен.
Қазақ халқында «Ермен ердің несі артық?» дегенде: «Сөзі менен ісі артық» деп жауап берілетіні бар. Сол секілді бірлестік жетекшісі игі істе де сөзі мен ісі артық азаматтардың атын атап, түсін түстеуді жөн санайды.
– Бізге қолдау білдірген «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаевқа, сыйлық жасап, газ пешін зейнетақысынан сатып алып берген «Дәметкен ана» қорының құрылтайшысы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Зарқұм Бекжанов ағамызға риясыз алғысымызды білдіреміз. Одан бөлек газ қосуға 500 мыңдай қаражат керек болды. Тағы да елжанды азаматтарға сүйенуімізге тура келді. Сондай сәтте кент әкімі Шыңғыс Сыдықовқа барып жолығып, ақылдасқан едім. Ол да бізге көмек бере алатын адамның табылып қалатынын айтып қуантты. Сөйтіп, Ердос Алматов деген азаматқа шаруамызды жеткізіп, мәселемізді шешіп беруге қолқабыс етті. Ердос Айдарбекұлы, жергілікті жердегі газ мекемесінің қызметкерлерімен бірге келіп, орнатып берді. Бүгінде мекемеміз жылумен қамтылып, жағдайымыз жасалды. Енді қызметімізге алаңсыз кірісетін боламыз, – дейді Б.Сейіткәрімқызы.
С.РАЙЫМБАЕВА
30 қаңтар 2024 ж. 220 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930