Дүниеге үш мәрте егіз әкелген ана
Қаламгерлік қызметіміз болған соң ел ішіндегі жаңалықтарды сұрастырып отыратын әдетіміз. Кейде жақын-жуық, құрбыдостарға тапсырып та қоятын кездер аз болмайды. Ондағымыз – сол көптің арасында көрінбей жататын тың дүниелерді халыққа алып шығу, жарыққа шығару.
Сондай бір сәтте құрбым әрі замандасым Зеринаның телефон соғып, Ақтөбе ауылында үш рет егіз босанып отырған келіншектің барын айтып, төбемізді көкке жеткізгені бар. Рас, екі рет егіз туғанды естіп жүрміз. Анау күндері аудандағы егіздер жайлы газеттен арнайы бет те арнамақшы болып жоспар құрғанбыз. Олардың алды жетпіске таяса, кейінгілері әлі сәби. Сондай-ақ егіздердің бірге карьера жасап жүргендері де болған. Ал бірақ мына хабар басқашалау әсер етті. Алғашында қуанғанымызбен, артынан бұл ақпарат рас па екен деп әлдеқандай күй кешкенімізді де несіне жасырайық. Иә сонымен не сенерімізді, не сенбесімізді білмей екіұдайы күй кешіп, құрбы меңзеген Ақтөбе ауылына хабар салдық. Алдымен сондағы белгілі кәсіпкер Гүлшара Таласқызына телефон шалу ойға сап ете қалды. Әпкеміз кеңпейіл, ақжарқын жан. Шаруамызды айтқан соң, бірден-ақ түсіне қойып, егіздердің анасына жолығып, хабар айтатын болып келістік. Өйткені жақында босанған ананың бөпелері әлі қырқынан шықпағанды. Ана болған соң бұл жағын екеуміз де іштей түсініп тұрдық. Бірер күннен кейін әпкеміз хабарласып, ауылға келе беруімізді жеткізді. Біз де сенбінің таңында солай қарай асыға жол жүрдік.
«Сұрай, сұрай Меккеге жетіпті» дегендей, аядай ауылдан діттеген үйімізді тауып алу қиынға соқпады. Шаңыраққа келгенімізде алдымыздан балалар жүгіріп шықты. Ар жағынан аналары да бой көрсетіп, еменжарқын сәлемдесуден кейін біздерге төргі бөлмені нұсқады.
Егіздердің анасы Арал қаласының тумасы – Жанбота Өтебалиева. Ол жүрек қалауымен 2012 жылы Ақтөбе ауылының азаматы Еркін Раевқа тұрмысқа шыққан. Жары бүгінде шаруашылықта қойма меңгерушісі болып еңбек етеді. Айта кетерлігі, көпбалалы ана егіздердің барлығын да табиғи жолмен облыстық «Ана мен бала» орталығында босанған. Жылы шырай танытқан келіншекті сөзге тарттық.
– 1987 жылы Аралда дүниеге келгенмін. Отбасында 5 бала өскенбіз. Негізінен егіздер анам жағынан тараған. Менің алдымдағы бауырларым егіз болған. Жолдасыммен жақсы көріп бас қостық. Құда түсіп алды. Өнегелі отбасына келін болғаныма өзімді бақытты санаймын. Тоғыз баланы өмірге әкелдім, Алланың берген сегіз ұл-қызы бар. Меруертім Қызылордада студент. Гүлжайнарым 9-сыныпта оқиды. Егіздердің үлкені 2014 жылы туған – Әсет пен Әсел 3-сыныптың оқушылары болса, одан кейінгі екінші егіздер 2016 жылы өмірге келген – Ғазиза мен Фариза 2-сыныпта білім алып жүр. Үшінші егізіміз өткен жылдың 26 желтоқсанында өмір есігін ашқан – Әлихан мен Әлижан есімді батырлар бір айды енді толтырады, – дейді ол мейірлене сөйлеп.
Бір қызығы, отбасында екі егіздердің аттарын әкелері қойса, егіз қыздарға есімді әжесі өзі беріпті. Келіншектің айтуынша, үш рет босанғанында да балалардың егіз болатынын алдын ала тексеру құрылғысы арқылы біліп отырыпты. Біріншісінде қатты таңқалғанын жасырмайды.
– Әрине, бастапқысында анамнан дарыған шығар деп ой түйдім. Қуанышымызда шек болмады. Оның алдындағы ұлымыз ауырып, одан айырылып қалған болатынбыз. Сол кезде қатты қиналдым. Одан кейін осыларды бергенде Аллаға шүкіршілік еттім. Екінші, үшіншісінде де Алланың шексіз мейірімділігіне таңқалдым. Шынымды айтсам, ұлдарымыздың егіз болатынын да іштей сездім. Аудан орталығына барып, УЗИ-ге түскенімде сезімім алдамады. Бүгінде шақалақтардың денсаулығы бірқалыпты. Жүктілік кезеңі жеңіл өтті. Тоғыз ай бойы ауылымыздағы Бота дәрігер мен Гүлжайна акушеріміздің бақылауында болдым. Үйге келіп, ем-домын жасады. Ақыл-кеңесін беріп отырды. Балалардың салмағы үш келіден жоғары болып туылды. Осы кезді пайдаланып, жас аналарға айтарым, әр бала өз несібесімен келеді. Жанұяда баланың көп болғаны дұрыс. Оны мен өз тәжірибемнен білемін, – дейді ардақты ана, инабатты келін.
Қарашаңырақта балалары мен немерелерінің ақылшысы болып отырған ғазиз аналары бар. Әулеттің ұйытқысы бола білген анамыздың да келіні жайында өз айтары бар.
– Мен үлкейген адаммын. Жасым жетпістен асты. Жалпы келініме ризамын. Қазақы дәстүрде қарашаңырақ деген болады. Міне осы қарашаңырақтың ішін сәбиге толтырып, қуаныш сыйлап отыр. Тіл-көзден сақтасын. Үй шаруасын да дөңгелетеді. Балаларға қарап, сабағын қадағалайды. Ауырмайсырқамай, берекелі отбасы болып отырғанымыз да осы Бота келінімнің ізеттілігі, қамқорлығының арқасы. Баламның да еңбегі бар болар, дегенмен оттың басында ер – түздің адамы саналса, ананың орны қашанда бөлек болған. Екеуі бір-бірімен тату, ауырбірлікті. Немерелерім тәрбиелі болып өсіп келеді. Үнемі ақ батамды беріп отырамын. Өз басым ұлым мен келінімді ауылдың бір беделді отбасы деп санаймын, – дейді әулеттің ұйытқысы, немерелерінің асыл әжесі Бекзада Ниязова апамыз ризашылық ниетін білдіріп.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК