Елге елеулі егіздер
Егер жол түсіп Т.Көмекбаев ауылына барғанда бір-біріне ұқсайтын екі қарияны кездестірсеңіз, таңғалмаңыз. Бұл жасы жетпістен асқан, елге елеулі, ауылға ардақты Майлау мен Сайлау Алмановтар. Сәтті сапарымызда ұл-қыздарынан немере-жиен сүйіп, үбірлі-шүбірлі өмір сүріп жатқан егіз азаматтың шаңырағында болдық.
1948 жылы Майлыөзек ауылында дүниеге келген егіздер әкесінен небәрі 2 жасында айырылған. Жұбайы соғысқа кетіп, аман оралмаған жалғыз баласы бар Арша әже мен жастай жесір қалған егіздердің анасы Ырысбике бір шаңырақ астында көзге көрінген балаларын бірге жеткізіпті. Егіздерді екеулеп бағып, ана сүтіне жарымаған соң қойдың, кейін ешкінің сүтімен асыраған. Өмір есігін бірінші болып Майлау ашқан, араға бес минут салып Сайлау келіпті.
«Дүние жарығын алғаш көрсем де, үлкені мен емеспін. Себебі шариғат бойынша бірінші туған адам өзінен кейінгі балаға жолын береді екен. Мен де сөйттім. Сайлау өмірде де үлкен болды. Менен бұрын отау құрды, менен бұрын немере сүйді» дейді сөзге шешен, ашық-жарқын Майлау ағамыз. Жас кезінде түрлері де, дауыстары да ұқсас болғаны соншалық, тіпті анасы беттеріне қарап әрең ажырататын көрінеді. Есейе келе өзгерген. Қазір Сайлау ағамыз қараторы, бойшаңдау. Ал Майлау аға дөңгелек пішінді.
Екеуі де еңбекке ерте араласқан. 1964 жылы Жаңақала кеңшары құрылғанда осы ауылға қоныс аударыпты. Сайлау әке Тынымкүл анамызбен бас қосып, табан аудармай 25 жыл шопан болса, Майлау трактор тізгіндеген. Сайлаудың 6 қыз, 1 ұлы, Майлаудың 1 ұл, 1 қызы бар. Сайлау әкеміздің бір ұлынан басқасының бәрі теңін тауып, өз алдына үй болған.
Егіз қария сыңарың болғанның пайдасы көп дейді. Әсіресе, бозбала шақта. «Оқушы кезде мұғалім сабақ сұрағанда қайсымыз дайын сол жауап беретін. Білмегеніміз үндемей отыра береміз. Ұстаздар ажырата алмайтын» деп күлді олар өткенді еске алып. Бірінің орнына бірі емтихан тапсырған кездер де болыпты. «Қысылғанда Сайлау боласың, немесе ол Майлау бола салады. Сыңарың болған керемет, оның зиянды жағын көрмедік әлі. Жасымызда бір кісілермен амандаспай өтіп кетсек, егіз екенімізді білмей шатастырып, реніш білдірген сәттер де болған» дейді күліп.
Егіз болудың ерекшелігі жайлы сұрағанымызда:
– Әрине, өзіңе серік сыңар бауырыңның болғаны үлкен қуаныш қой. Үнемі бір-бірімізді қолдап, қамқорлық танытып, сыйластықта өмір сүріп келеміз, – дейді Майлау аға.
Егіздер арасында ерекше байланыс барын бұл қариялар да мойындайды. Бірінің ауырғанын бірі сезеді, үнемі іздеп тұрады. Жас кезінде Майлау мен Сайлаудың егіз екенін білмей қыздар да жиі шатастырыпты. Алмановтар та өздері секілді егіз қыздарға үйленіп, отау құруды қалапты. Алайда, ол заманда егіздер сирек болған соң кезіктірмепті.
«Егіздердің бойында ұқсастық көп. Екеуі де жылдам ашуланып, тез қайтады. Сәкең томаға тұйық болса, Мәкең қалжыңға жақын. Жанындағыларды күлдіріп отыратын қасиеті бар. Күніне Сайлаудың үйіне неше барып неше келеді. Бұл қылығын қызық көретін балалары мен өзге бауырларына «сендердің араларыңда жыл бар, біз екеуміздің арамызда сағат та жоқ қой. Қалай сағынбайын, қалай іздемейін деп күліп отырады» дейді Майлау ағамыздың зайыбы Жібек шешей.
Бұл әулеттегі сыйлы ағайындылар екенін кейінгі бауырлары да мойындайды. «Әкеміздің егіз бауырларын әулеттің үлкен-кішілерінің барлығы сыйлайды. Шаңырақта болатын әрбір шаттық, жиын-той осы үлкендердің қатысуынсыз өтпейді. Қос ағамызды біз әрқашан мақтан тұтып, үлгі етеміз. Әңгімелерін есте сақтап, ақыл-кеңестеріне құлақ түріп отырамыз» дейді Шырынкүл апамыз.
Иә, Алмановтар әулетінің үлкендері болған егіздер ағайын мен туыс арасында абыройлы. Қандай да бір отбасылық басқосуда осы егіздерден ақыл сұрайды. Елге елеулі болған қарияларға ырымдап тұсау кестіріп, бата алады. Қонаққа барса төрге шығарып, құрмет көрсетеді.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА