Алты тілде еркін сөйлейтін полициядағы полиглот ару
Оқырман назарына ерекше хоббиі бар тәртіп сақшылары туралы ақпарат ұсынуды жалғастырамыз. Бұл жолы Polisia.kz редакциясының тілшісі ерлермен қатар иық тіресе қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген погон таққан ару жайлы сөз етеді. Шымкент – еліміздегі ең ірі қалалардың бірі. Үшінші мегаполистің миллионнан астам тұрғыны бар. Халық аузында шырайлы қала атанған шаһарда тәртіп сақшылары қоғам тыныштығын тік тұрып күзетеді. Солардың бірі – Диана Есенгельдиева. Туристерге қызмет көрсету тобының инспекторы Диана ана тілден бөлек, тағы 5 тілде еркін сөйлейді. Жастайынан шет тілдерді меңгеруге бейім болған аруымыз 2021 жылы “Тіл шебері” республикалық байқауының жеңімпазы атанған. Полиция капитаны қазақ, орыс, ағылшын, неміс, өзбек және түрік тілінде еркін сөйлейді. Ана тілінен кейін неміс тілін ерекше жақсы көреді. Ал қазіргі таңда испан тілін үйренуді жоспарлап жүр екен.
– Біздің білім деңгейіміз – полицияның айнасы. Қала қонақтары біздің сөйлеу мәдениетіміз бен оларға деген ілтипатымызға қарап, еліміздің полициясы туралы пікір қалыптастырады. Сондықтан, көмек сұрай келген азаматтарға қолымнан келгенше қызмет көрсетемін және бұл менің міндетім, – дейді Диана Рустамқызы.
Диана овчарка иттерді жақсы көреді. Оған себеп, осыдан 30 жыл бұрын жарық көрген “Комиссар Рекс” фильмі екен. 8 жасында көрген бұл детективті жанрдағы фильм шымкенттік сақшыны осы салаға алып келді десек те болады. Полиция қызметкері дәл сол кинодағыдай 3 овчарка итті асыраған. Бос уақытында сол төбеттеріне көңіл бөліп, олардың күтімімен айналысады. Погонды арудың бұл оқиғасы армандардың орындалатынына нағыз дәлел десек артық айтпаймыз. – Иттер маған қарбалас өмірден бір сәт демалуға мүмкіндік береді. Олардың жанында уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын. Есесіне соған тұрарлықтай еркіндікті, тыныштық пен мейірімділікті сезінемін. “Ит – адамның досы” деп бекер айтпаса керек. Осы уақытқа дейін 3 ит асырадым, үшеуі де сондай ақылды болды. Оларға қызметтік иттер сияқты бұйрыққа бағынуды үйреттім. Кейде адамдар мені кинолог деп ойлап қалатын, – дейді сақшы қыз. Жедел қызметті жаны сүйетін полицей жұмыс барысында қиындыққа тап болған азаматтарға барынша жылдам көмектесуге тырысады.
Мәселен, күні кеше ұялы телефонын жоғалтып алған Үндістан азаматына 40 минут ішінде смартфонын қайтаруға себепкер болған. Шаһардағы медициналық академияда оқитын шетелдік жігіт телефонын жоғалтып алғанын айтып, полицияға жүгінген. Диана Есенгельдиева шұғыл әрекет етіп, жанындағы достарының такси қосымшасы арқылы жүргізушіге байланысқа шыққан. Алғашында ешқандай телефон жоқ деп қысқа қайырған ер адам тәртіп сақшысының ескертуінен кейін көлік ішін қарап, смартфонды жолаушылар орындығының астынан тапқанын айтып, қайтарып берген. Жоғалған телефонына қолы жеткен шетелдік студент полицейге жылдам әрі адал қызметі үшін шынайы ризашылығын білдірді. Бұл тәртіп сақшысының қызмет барысында басынан өткен көп оқиғаның бірі ғана. Қарбаласқа толы қызметте жұртшылықтың алғысын алатын сәттер көп болатыны рас.
Құқық қорғау органдарында қызмет етудің қиын екеніне ешкім қарсы келе қоймас. Бірақ бұл елім деген азаматтар үшін ешқашан тосқауыл болған емес. Елінің амандығы мен жұртының тыныштығы үшін темірдей тәртіпке бағынып, қызмет етіп жүрген адал сақшыларымыз – тек қана полицияның емес, бүкіл елдің айнасы. Дианадай антқа адал, сертке берік погон таққан аруларымыздың қатары көп болса, айнамыз әрқашан таза болатыны сөзсіз!
syrboyi.kz