Тыныштық сақшылары
Қоғамда кез келген адам айналасындағылардың заңға қайшы әрекеттерімен бір рет болсын кездесетіні анық. Нақтысын айтқанда мазасыз көршіңіз айғай шу шығарып берекетіңізді алуы мүмкін, болмаса көшеде қаңғыбас немесе қабаған итін қарғыбауда ұстамайтын біреулер сіздің қалыпты өміріңізді астан-кестен етуі ықтимал. Мұндайда бұзақылық әрекетке өзіңіз тосқауыл болғаннан «102» нөмірін теріп полиция қызметкерін шақырасыз. Ал жедел орталық шағымыңызды сіз тұратын аймаққа жауапты учаскелік инспекторға хабарлап, жіберетіні белгілі. Түрлі оқыс жағдайлардың басы қасында жүретін осы бір сала мамандарының қызметі көпшілікті қызықтырары сөзсіз. Бүгінгі мақаламыз еңбектің жалауын жықпай, тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау үшін алтын уақытын сарп етіп жүрген учаскелік полицейдің қызметі жайында болмақ.
Елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр. Оны аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, майор Оспан Ешжановпен әңгімелесу барысында байқадық.
– Учаскелік инспектордың күнделікті қызметі қауырт. Таңертең бөлімшеде өткізілетін жиналыста нұсқау алғаннан кейін, бар уақытын жедел жүзеге асуы тиіс шаруаларға жұмсайды. Оның ішінде тұрғындардан түсетін әртүрлі арыз-шағым бар. Инспектор болу үшін ең әуелі шыдамдылық қажет. Одан кейін халықпен сөйлесе біліп, әртүрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алу керек, – дейді бөлімше бастығы.
Қазір аудан көлемінде 20 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істесе, оның 9-ы кент орталығына бекітілген. Ал қалғаны 11 елді мекеннің тыныштығын күзетеді. Сонымен қатар қызметке бекітілген 5 көмекшісі бар. Кенттің тыныштығын қамтамасыз етуге орталық аймаққа 5 учаскелік инспектор бөлінсе, темір жолдың арғы бетіндегі аймақтардың тыныштығын 4 учаскелік полицей күні-түні қорып жүр. Бүгінде оларға оңтайлы жағдайлар жасалған. Яғни полиция пункті, автокөлік және электронды планшеттер қарастырылған. Майталман мамандардың жұмысын көрсетпекке арнайы бір күнімізді арнап, кенттегі №2 учаскелік полиция пунктіне қарасты №7 әкімшілік аймаққа жауапты қызметкер, жергілікті полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, лейтенант Азамат Бекеновтің жұмысымен бөліскен едік. Аптаның жексенбісі біз үшін демалыс болса, тәртіп сақшыларына бекітілген жұмыс күн бұл. Халықтың тыныштығын бірінші орынға қойған олар аптаның жеті күніне жауапкершілікпен қарайды. Учаскелік инспектор әңгіме барысында жоспарымен бөлісті.
– Жұмыс уақыты азанғы 8-де басталады. Орталық бөлімнен тапсырмамызды алып, әр аймақ бойынша жұмысқа кірісеміз. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар бойынша істі қараймыз. Жалпы учаскелік инспектордың міндеті әкімшілік учаскені жоспарлы түрде аралау. Яғни әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу. Мұндай кезде біз мәселелі орындарды анықтап, оларды бақылауға аламыз. Тұрғындардың шағымы да шет қалмайды. Құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, қажет болған жағдайда бақылауға жататын адамдар тізіміне енгіземіз. Көпшілік кей кездері «102» нөмірінен гөрі бізге тікелей хабарласуды жөн көреді. Өзіміздің келіп қоғам тыныштығын бұзғандармен әңгімелесуімізді сұрайды, – деді учаскелік инспектор.
Азаматтың өзіне бекітілген аймағында үш жарым мыңға жуық тұрғыны бар. Олармен әрқашан етене байланысып тұрады. «Жыл сайын учаскелік іс-шара ұйымдастырылып, әр үйге кіріп, танысып, түсіндірме жұмысын жүргізіп отырамыз» дейді ол. Қазіргі таңда карантинге байланысты дүкендерді аралап, рейдтік жұмыстарын да жүргізуде. Ал тұрғындар тарапынан түскен шақыртуларға дер кезінде жетіп, істің ушығып кетпеуіне ықпал етеді.
Жұмыс барысында сағат 9-дан өте «102» орталығынан келіп түскен шақыртуды қабылдадық. Қабылдау барысында М.Мәметова көшесіндегі тұрғыннан шақырту түскені хабарланды. Айтылған жерге дер кезінде жетіп, сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғынның шағымы бойынша оның қорасындағы түлігін белгісіз иттер жеп кеткен екен. Тұрғынның арызын алумен қатар, айналасындағы көршілерден сұрастыру жүргізіліп, иттерінің байлаулы екені тексерілді.
– Бір уақытта екі-үш шақырту қабаттасып қалатын кездер болады. Сол кезде дәрежесіне қарай үлкен шақыртуға тезірек жетудің қамын жасаймыз. Бірақ қалғандарын да реттеп, адам жібереміз. Шындығында, полицияға баға беретін – қарапайым халық қой. Кез келген мамандықта ең бірінші орында жауапкершілік тұрады, ал бізге деген міндет пен жауапкершілік тіптен жоғары. Ел тыныштығын, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда полицияның үлесі зор. Осы салада өзгенің өміріне араша болып, өз өмірін құрбан ететін де осы – полиция қызметкерлері, – дейді тәртіп сақшысы Азамат Алмасұлы.
Ерсін СӘДУҰЛЫ