» » Атыңыздың астарында не бар?

Атыңыздың астарында не бар?

Ат қою – қазақ халқы үшін ежелден айрықша мәнге ие құбылыстың бірі. Оған маңыз беретіні соншалық кейде есімді адам тағдырының кілті, шешуші факторы ретінде қарау басымырақ па деген ой келеді. Адам өмірге келген сәттен бастап оған есім беріледі. Есім қоюда әркімнің өзіндік оқиғасы, айтар әңгімесі бар. Бұдан бөлек бейресми айтылатын екінші есім мен бүркеншік ат та бар. Мұны кейде лақап ат деп жатады. Бүгінгі әңгімемізді осыған арнамақпыз.

Бізде кездесетін екінші есімдер көбінде құжатпен байланысты. Ертеректе орталыққа барамын дегенше біраз уақыт өтіп, оны қайта өзгертуге мүмкіндік бола бермейтін. Қазақшаны түсінбейтіндердің салдарынан әдемі есімнің де сәні кеткені жасырын емес. Сондайда құжаттағы аты басқа, күнделікті өмірде қолданатын аты мүлде бөлек жайттар жиі кездесіп жатады. Қала берді ұзақ есімдерді қысқартып айтатын әдетіміз бар. Мәселен, анамның есімі – Мейрамкүл. Бірақ бұл әлгінде айтқандай тек «паспортпен» байланысты жерлерде айтылады. Былайғы жұрт анамды «Мираш» деп атайды.

Есімдерді өзгертіп айтудың бір парасы аттас адамдарды ажыратудың жолы, яғни оларды бір-бірінен айыруда қолданылады. Біздің тіліміз өте бай. Әйтсе де өмірде қанша адам болса, сонша есімнің болуы мүмкін емес. Қазақ тарихында Бердəулетұлы Жəнібек (ХVІІІ ғ.) жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен айбынды батырлардың бірі ретінде белгілі. Шыққан тегі – Орта жүздің Керей тайпасынан. Соған орай халық оны сол заманның аты шыққан əйгілі батыры Шақшақ Жəнібекпен шатастырмау үшін Керей Жəнібек деп атап кеткен. Қазақ тарихында да шын есімімен танылмай басқа атпен айтылатын тұлғаларымыз жетерлік. Мәселен, Абай Құнанбайұлының азан шақырып қойған шын аты – Ибраһим. Әжесі Зере еркелетіп Абай деген. Содан айналасындағылардың барлығы Абай атап кеткен. Ал ақынның екінші жарының аты – Әйгерім. Оның шын есімі – Шүкіман. Ал оған Әйгерім деген есімді Абайдың өзі қойған. Қыздың сұлу болғаны соншалық, ақын оны «ай керім» деп атап кеткен екен.

Ал бүркеншік есімдер кімнің еншісінде? Соған тоқталып өтсек. Түрлі саяси, әлеуметтік және қоғамдық себептерге байланысты бүркеншік есім көбіне шығармашылық адамына тән. Ақын-жазушы мен өнерпаздардың көркем шығармасы мен өнер туындыларын бүркеншік есіммен жариялауы бұрыннан бар үрдіс. Қазірде әнші-актерлардың өнер сахнасында төл есімінен тысқары лақап ат алуы да жиі ұшырасатын жайт.
Тарихымызда бүркеншік есім ХХ ғасырдың басында кең етек алды. Елді ағартуға ұйысқан қазақ оқығандары патшалық жандармерия көзіне ілікпес үшін түрлі есімдер қолдануға мәжбүр болды. Әлихан Бөкейханның «Қыр баласы», Міржақып Дулатұлының «Мадияр», «Азамат Алашұлы» қатарлы аттары міне осындай қажеттіліктен туған болатын. Патшалық отаршылдыққа қарсы күресте кәдеге жараған бұл әдіс кейіннен ескі оқығандардың кеңестік қызыл империализмнің қуғынынан бойтасалауында да қолданыста болды. Әлихан Бөкейханұлы өз серіктеріне жазған хатының бірінде «Екі дос не істеп жүр?» деп әйгілі Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер жайын сұраса, ұзын Мұхтар деп Мұхтар Мурзинді меңзейді. Бұл сол қым-қуыт кезеңдегі Әлихан Бөкейхановтың өз мұраттастарының бас амандығын ойлаған сергек санасынан туған сақ қимылы болатын. Қазақ қаламгерлерінің арасында бүркеншік есімді көп пайдаланғандардың бірі – Бейімбет Майлин. Бейімбеттанушы ғалым Тоқтар Бейісқұлов тұлғаның 74 есімін анықтаған.

Əдетте лақап есім көзге алғаш іліккен ерекше белгінің түр-түсі, мінез-құлқы, бойындағы кемшілік не артықшылық негізінде қойылатыны белгілі. Адамның ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлғасына сай Еңсегей бойлы Ер есім, Қарға бойлы Қазтуған, күшіне сәйкес Балуан Шолақ, шешендігіне сай Абылай аспас сары бел, Қаз дауысты Қазыбек секілді лақап есімдер тарихымызда көптеп кездеседі.
 
Біздің қазақ лақап ат қоюға шебер ғой. Әсіресе, ауылдық жерде еш ойланбастан адамның жеке басының кемістігіне қарай қосалқы атты жапсырып кеп жібереді. «Таз Жахан», «ақсақ Сәния», «мұртты Марат» деген сынды есімдер әр жерден табылады. Мұндайда бірі ренжіп, ал енді бірі еш қымсынбайды.

Әйтсе де, қарап отырсаңыз, ат қоюдың өзі бір өнер сияқты кейде. Дәл қойылған аттарды естіп көңілің көтеріп қалады. Бастысы, кісі көңіліне тимесе болғаны.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
 
06 қаңтар 2024 ж. 276 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 291

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 386

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930