Жаңа жылға – жаңа қадаммен
Өткен жылдың тарих бетіне айналғанына бірер күн болғанымен, оның ыстық табы әлі де жанымызға жылы сезілетіндей. «Өткен күнде белгі бар» деп қазақ атамыз осындайда айтты ма дерсіз. Қоғам үшін тарихтың әрбір беті айна, таңбаланған шежіре іспетті. «Өткенге топырақ шашпа, болашақ тас лақтырады» деген де ел жадында әпсана бар. Біз де оқырманымызбен жыл көлемінде атқарған шаруамызды електен бір өткізіп, әрі қарайғы жоспарымызбен бөліспекшіміз.
Өткен жыл аудандық «Қармақшы таңы» газеті өз оқырманымен аптасына 2 мәрте жүздесіп, өзінің 103 санын жарыққа шығарды. Қаланың сәні құрылысы болса, мерзімді баспасөздің салмағын арттыратын да оның жеке дара беттері мен рубрикалары. Осы ретте газеттің – «Қоғам», «Айна», «Тыныс» беттерінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жаңалықтары тұрақты түрде беріліп отырса, «Тұрмыс», «Шаңырақ» беттерінде отбасылық құндылықтар жайында материалдар топтастырылды. «Шырақ» бетінде ұрпақ тәрбиесі, білім, мәдениет, өнер турасында әртүрлі жанрдағы мақалалар жарияланса, спорт саласын қамтыған «Спорт», кәсіпкерлік саласы бойынша «Көкжиек», денсаулық сақтау құрылымының жүгін көтерген «Денсаулық», Отан қорғау, патриотизм тәрбиесін ұстаным еткен «Айбын» әскери беті, жастардың «Жалын», «Білте», балаларға арналған «Балдырған», құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін «Сақшы», «Құқық» беттері оқырманына қара үзбей жол тартып отырды. Мерзімді баспасөздің ұлт тәрбиесіне қосып отырған үлесі зор десек, соның бір айғағы – «Руханият», «Дәстүр» беттерінде жарыққа шыққан мақалалар да оқырманға ой салу, дәстүрді жаңғырту мұратында мезгіл-мезгіл жарық көрді. Адамзат баласының өсіп-өркендеуіне қызмет ететін қай тәрбие де маңызды. Мысалы, «Иман» бетінде асыл дініміз жайлы тәрбиелік мәні бар әңгіме, ой-пікірлер айтылса, жас ұрпақты шығармашылыққа шыңдайтын, балауса қаламы мен талабын ұштайтын «Қалам», «Қауырсын» беттерінде балалар мен мектеп оқушыларының қанатқақты шығармалары, эссе, өлеңдері баспасөз бетінен орын алды. Газетіміздің «Бағдар», «Тұғыр» беттерінің де өзіндік ерекшелігі бар. Онда өмірде, еңбекте, отбасында жетістікке жеткен, елге сыйлы болған тұлғалар туралы сұхбаттар, материалдар жарияланса, «Ой-таразы», «Айтарым бар...» беттері де қоғамға пайдалы тұсымен әсер етті деген сенімдеміз. Сонымен қатар қазақ руханиятының алтын арқауы – мерзімді баспасөзге жазылуға арналған «Баспасөз – 2024», адамның ішкі сырымен бөлісетін еркін тақырыптарды қаузаған «Жансарай», «Біртүйер», таным-талғамын ашатын «Таным» айдары да өз миссиясын орындай алды деп есептейміз. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жыл сайынғы қазақстандықтарға жолдайтын дәстүрлі Жолдауы «Жолдау», аудан, ауылдық округ әкімдерінің тоқсан сайынғы халықпен есепті кездесулері «Есеп», өңірде өткізілетін сайлау науқандары «Сайлау» беттерінде жарияланып отырылды.
Елдің бірлігі, ынтымағы қаншалықты маңызды болса, газет ұжымының да бұл ұстанатын негізгі қағидасы. Бұл тұрғыда «Біздің көшенің тұрғындары» айдарының берері көп болды десек, артық емес. Кешегі елдің басына күн туған қандыкөйлек уақытта кімдердің жаны шүберекке түйілмеді. Осындай қанқұйлы кезеңде елін қорғаған, жерін жаудан азат еткен талай марқасқа тұлғамыз болды емес пе? Міне, осындай атпал азаматтардың тұрған шаңырақтарында ескерткіш тақта ілінген. Біз де аталарымыздың ерлік істерін шет қалдырмай, «Бұл үйде кім тұрған?» айдарын ашып, бірқатар батыр бабамыздың ерлігін паш еттік. «Қарапайым қызметкер» айдарында күнделікті көзге көріне бермейтін кейбір замандасымыздың еңбегін елеуге тырыстық.
Жаңалыққа, оның ішінде жақсы жаңалыққа құмар халықпыз ғой. Газеттің де дизайны мен ондағы арнаулы беттер, айдарлар да жаңартылып тұрса, нұр үстіне нұр бола түспек. Және оған кешенді жоспар жасалып та қойылды. Соған сәйкес, осыған дейінгі беріліп келе жатқан беттермен қоса, «Даму time», «Тарихыңды таны», «Әлеумет», «Мұғалім мінбері», «Дүние-дүрмек», «Саулық», «Жаһан», «Берен», «Экономика», «Жетістіктер тақтасы», «Аудан айшығы» секілді жаңа беттер ашылып отыр. Сонымен қатар мақалаға бағдаршам болатын айдарлар да жаңа рең алмақ. Осы ретте «Кәсіпкерге құлаққағыс», «Ойыңмен бөліс, оқырман», «Кел, кітап оқиық», «Парасатты пікір», «Айтпағым», «Сын садағы», «Көрген көзде жазық жоқ», «Дәрігер дерегі», «Сау боламын десеңіз», «Отбасылық дәстүр», «Оң қадам», «Журналист көзімен», «Ауыл арнасы», «Ел ішінен», «Әлемдегі қызықтар», «Сіз білесіз бе?» және тағы басқа жаңа рубрикалар газетіміздің шығармашылық ізденісін арттырып, мазмұнын байыта түседі деген ниеттеміз.
Енді жыл көлемінде жарияланған мақалаларға аз-кем тоқталып өтсек. Ауданның құрылғанына 95 жыл толуына орай, «Қармақшы ауданына – 95 жыл» айдарымен тарихи, танымдық мақалалар тізбегі жыл көлемінде жарияланып отырса, елдің ағасы, анасы болған, осы елдің дамуына, еңсе тіктеуіне еңбек сіңірген түрлі сала қайраткерлері жайлы сұхбат, материалдар да оқырман назарына ұсынылды. Оның ішінде басылымның тұрақты авторлары Шегебай Құндақбаев, Әбдірахман Құлдүйсенов, Тынышбек Дайрабай, Талайлы Досымова, Зарипа Тасымова, Уахитбек Сұңғатов, Рая Жөнейтова, Лаура Бақтыбай, Гүлжанат Дүзенова, Ақмарал Еленова, Қымбат Бердеш, сонымен қатар өлең өлкесінің адал перзенттері Достық Тілеубергенов, Руслан Сәулебекұлы сынды қаламгерлерімізге аудан руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі үшін айтар алғысымыз шексіз.
2023 жыл – редакция ұжымына сәтті әрі олжалы болды десек, артық емес. Газеттің жүгін көтеретін материалдың бірі – сараптамалық мақала десек, төл басылымда тілшілердің ізденісімен тұп-тура 40 сараптамалық мақала жарыққа шықты. Мазмұны мен көлемі жағынан табанды еңбек пен ізденісті қажет ететін талдамалы мақалаға «Сыр медиа» ЖШС басшылығы серіктестікке қарасты облыстық, қалалық, аудандық басылым журналистерін қаржылай қолдау, ынталандыру мақсатында сыйақы және орындар тағайындаған болатын. Осы сыйақыдан біздің тілшілер де қалыс қалмады. Атап айтқанда, Ардақ Сәкенқызы мен Ақнұр Ердүйсенқызы бірнеше мәрте І, ІІ орындарды иеленіп, әріптестер арасында мерейімізді асырды. Одан бөлек, Ақнұр Сағынтай БАҚ қызметкерлері күнінде С.Бермағамбетов атындағы облыстық байқаудың «Үздік жарияланым» номинациясы бойынша облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолынан марапат алса, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының жастар арасындағы жыл қорытындысымен «Жас қаламгер – 2023» конкурсының жеңімпазы және қаржылай сыйлығымен мадақталды. Ал жас журналист Ардақ Сүлейменова аудандық газетке жариялаған «Погонды журналист» жобасының қорытындысымен Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің алғыс хатына ие болса, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына белсене қатысқаны үшін облыстық қоғамдық даму басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген жыл үздіктерінің қорытындысымен «Жылдың үздік бұқаралық ақпарат құралы қызметкері» номинациясын жеңіп алуы – редакция ұжымның ғана емес, аудан мәртебесі деп те ұғынуымызға әбден болады.
Құрметті оқырман, кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұйқылы қазағын оятуға ғұмырын арнаса, Ахмет Байтұрсынов «Маса» боп ызыңдап, қалың ел қазағының қалыптасуына себін тигізді. Сол секілді газет қашанда елдің тыныс-тіршілігін баяндаудан, оны жақсылыққа қарай үндеуден, қоғамдық пікір қалыптастырудан бір пәсте тоқтамайды. Аудан айнасы да көзі ашық оқырманымен – өздеріңізбен өміршең. Халықтың ортақ рухани қазынасына айналған төл басылымдарыңызға жазылу әлі де жалғасын табуда. Сөз соңында айтарымыз, «Өзі бір күндік, сөзі мың күндік» мерзімді басылым әрбір шаңырақтың төрінен табыла берсе екен!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ