Ескерту ескерусіз қалмасын
qarmaqshy-tany.kz Биыл қыс басы күрт суытып, жұртты әбігерге салды. Әлі есіңізде ме? Иә, мен де ұмытпаймын. Әсіресе көлік тізгіндеген ер кісілерге оңай тиген жоқ. Минус 30 градусқа дейін төмендеген аяз адам түгілі темір дейтін техниканың өзін тоқтатып тастады. Оған Қызылорданың желі қосылғанда бар жылумен қымтап салған баспанаңның өзі жылымай ел-жұрт туыстарын жағалап, көшіп кетердей күй кешті. Осындайда қауіпсіздігімізге алаңдаған ауа райын болжаушылар 112 нөмірінен әлсін-әлсін хабарлама жіберіп, сақ болуымызды ескертті. Бірақ оған құлақ аспағанымыз опық та жедік.
Аяз көтерілген күні алдымен мектептегі сабақ түгел онлайнға көшті. Ескертуге бағынған оқушылар үйден сабақ оқып, мұғаліммен байланысын үзбеді. Ал ересектер ауа райының әлі де суытарын біле тұра тәртіпке бағынбадық. Көлік тізгіндегендер алыс сапарға шығып, боранның астында қалды. Қалың қарға омбыққан темір тұлпарлар жолда қалып, аязға тоңған жолаушылар көліктерін тастап жылы жер іздеп, кезіп кетті. Тіпті теміржолда жүйткіген пойыздардың өзі қар құрсауында қалып, стансаларда тәулікке жуық кешікті.
Біз көп жағдайда ескертпені елемей тәуекелге баратынымыз осындайда байқалады. Осыдан бір ай бұрын Ақтөбе қаласына себеппен баратын болып, билетімізді ерте қамдадық. Нақтысын айтқанда кішігірім той. Оған жан-жақтағы достар ақылдасып, бір күнде бір пойызға мінетін болып шештік. Жолға шығар уақыт жақындағанда ауа райы өзгеріп, күн күрт суытты. Пойызға мінер күні теміржол вокзалынан жүрдек пойыздардың 10 сағат кешігуі туралы хабар алдық. Сөйтсек Таразда қардың қалың жауып, боран тұруынан жол жабылып қалыпты. Мына кешігумен ол жаққа кеш баратынын білген достарым билеттерін кері өткізді. Алайда үмітті үзбеген бізде кері қайту жоқ. Телефонға 112-ден аймақта қалың қар жауады, желдің ұйытқуы болады, үсік жүреді деген хабарламаларда бірінен кейін бірі келіп жатыр. Соны біле тұра пәлен уақыт кешігіп келген пойыздан қалмай жолға шықтық. Ішіндегі жолаушылардан жолда көрген оқиғаларын естіп, сосын барып ес жидық. «Біз тұрып қалған аймақта қар борап тұр. Жолаушыларды вокзалға жинап, ас суымызды берді. Үш күн жүріп келеміз, шаршадық. Тоңдық. Ауа райы бұлай болады деп ойламадық» деп жас жігіт ақтарыла сөйледі.
Қазір заман дамығалы бұрынғыдай емес, ауа райында болатын құбылмалы өзгерісті жеке хабарлама ретінде жіберіп, құлақтандырып отырады. Тіпті адам өміріне қауіпті дегеннің бәрін алдын ала ескертеді. Осының бәрі сіздің өміріңіз үшін жасалған. Сондықтан ескертпелерді ескерусіз қалдырмай, көңіл бөлгеніңіз жөн. Өз өміріңіз өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ