Қашан тыйылар екен?
qarmaqshy-tany.kz Аудандық «Қармақшы таңы» газетінің No95 санына Әбдірахман Құлдүйсенов ағамыздың «Сіз не дейсіз, ағайын?» атты мақаласы жарыққа шықты. Ондағы пікір-пайым, ұсыныстарды 100 пайыз қолдаймын. Бұл біздің ырымда, салт-дәстүрімізде жоқ нәрсе. Қарап отырсақ, Қызылорда облысы халқы адам айтқысыз нәрселерді бейімдеп алып жатамыз. Мысалы, Шымкент жақта өлік шыққан үйден тамақ берілмейді. Осы талапқа бәрі бағынған.
Ысырапшылдыққа жол бермейді. Біздегідей алма, сан түрлі салаттар қойылмайды. Ол жақта бір қоймен бүкіл жаназасын да, басқасын да атқарып шығады. Бізде түйе, жылқы сойып, жеткізе алмай жатады. Ысырапшылдық тұрғанымен. Желінбей жатқаны қаншама. Жуындыға кететіні тағы бар. Неге осыларды біз ретке келтірмеске? Шынымен де бір жерде адам қайтыс болып жатады, екінші үйде тамақ ішіп әңгіме айтып отырады. Осындай бейбастықтан қиналамыз кейде. Бір өкініштісі, үлкендер солай жасайды. Мына кейінгі буындар соларға қарайды ғой. Соған байланысты үлкендеріміз өлікте дастархан басында әзілдесіп, неше түрлі әңгіме айтып отырады. Сондай жағдайда сөйлегенім бар еді. Сонда маған жаңағы кісі «Тірі адам тірлігін істейді» деп айтты. Мені біреу қолдап, «Бұл кісінің айтып тұрғаны дұрыс. Сіздікі дұрыс емес, өлік шығып жатқан үйде мұныңыз әбестік» деп ешкім айтпады. Міне, сана-сезімнің жеткен жері. Өте қиын енді. Талай айтылып та жүр. Дастарханға тек қана нан, шай ішетін қант, кәмпит қойылуы керек деп ойлаймын негізі. Бірақ соған қарамастан бірімізбен-біріміз бәсекелесуді тоқтатпай келеміз. Имам, молдалар жүрген жерлерінде ысыраптың зиянын, керек емес екенін айту керек. Тап осы кезде бәсеке болып жатыр. Ас, құдайыжолы беру – бірінен-бірі қалмауды әдетке айналдырған. Айналайын-ау, адамыңды көзі тірісінде сыйласаңшы. Өмірден өткесін торт қой не, мрамордан ескерткіш орнат не, одан қандай пайда?
«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да соған қарап жүреді» деп қазақ атамыз айтқандай, жастар қашанда үлкендерге, ағаларға қарап бой түзейді. Кіші ұрпаққа солар өнеге көрсетуі тиіс. Сонда ғана біз ысырапшылдыққа, бәсекебайлыққа жол бермейміз.
«Әкем, анам, бауырым қайтыс болды. Аянатын ештеңем жоқ» дейді кей замандас. Менің ойымша, ондай дарақылық қажет емес. Егер әлеуеті жақсы, дәулетті болып жатса, қазір үйінде наны, киерге киімі жоқ, материалдық жағдайы төмен отбасылар көп. Көпбалалы жанұялар мен жалғызілікті жандар бар. Осындайда имамдар насихат жүргізіп, тамақтай берсін. «Әкем, иә шешем, иә бауырым өмірден өткенде қырқында немесе асында осындай қайырлы іс істегенмін» деп бала-шағасына сауапты іс көрсетіп отырса, нұр үстіне нұр болады емес пе? Әрине, бұл мақтанышпен айтылатын дүние емес. Ертеңгі күні сол қайырлы істің өзіне шарапаты тиетінін, қайтып еселеп келетінін білсе. Ысырапшылдық жасағаннан гөрі мұқтаж жандар мен отбасыларына көмек берген әлдеқайда қайырлы әрі дұрысырақ. Осыған біз мемлекет, ел болып үгіт жүргізейік. Қайырымдылық жасаған адамдардың игі ісін елдің ішінде айта жүрейік. Тірілер үшін де, өлі аруақ үшін де сауабы мол болар еді. Ақша, шапан таратпай-ақ, осындай тірліктер атқарылса. Әрине, бұл айтылғандар – жеке ойым. Дегенмен, мұнымен басқа ағайын да келіседі деген пікірдемін.
Әнуар ДӘУЛЕНБАЕВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы