» » Тақтайдай тегіс жолмен жүреді

Тақтайдай тегіс жолмен жүреді

Биыл ауданның инфрақұрылымын дамытуда бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Оның ішінде жол құрылысы бойынша да көптеген шаруа тындырылды.

Осы жылы облыстық бюджеттен аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент» Ақжар, Тұрмағамбет, Т.Көмекбаев автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 503 млн теңге (жоба құны – 1 млрд 445 млн теңге) қаражат бөлініп, мердігер мекеме биылға жоспарланған және қаржы көлеміне сай 8 шақырым жолдың жұмысын толық аяқтап отыр. «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуден өткізілуде. Атап айтқанда, Жосалы кентінде 15, Ақтөбе, Ақжар, ІІІ Интернационал ауылдарында бір-бір көшеден және Ақайда 3 көшеге асфальт төсеу жоспарланса, бүгінге 17 көшенің асфальты төселген.

Сонымен қатар көптен бері Жосалы кенті тұрғындарының көтеріп жүрген күрделі мәселесінің бірі –теміржол өткелі құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуді бастауға 5 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кеткен. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындарға жуырда өткен аудан, кент, ауылдық округ әкімдерінің халыққа есеп беру кездесу жиынында айтылған болатын.

Осы инфрақұрылым бойынша тағы бір жағымды жаңалық – аудандық маңызы бар «Қызылтам елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарына республикалық бюджеттен 602 млн теңге қаржы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары басталған. Жол құрылысының жұмысын жүргізуде мердігер болып «Қызылорда жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған.

– 4,5 шақырымды құрайтын ауылдың кіреберіс жолына жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінде асфальттың астына төселетін  негізгі қабаты толығымен төселіп бітсе, жол жоғары сапалы болу үшін арнайы неміс техникалары жұмылдырылған. Оған заманауи үлгідегі шетелдік 15 техника мен 20-дан аса жұмысшы-мамандар тартылып отыр. Жоба өтпелі кезеңді болғандықтан асфальттауды келесі жылдың мамырында бітіріп, ел игілігіне береміз деген ниеттеміз, – дейді серіктестіктің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Ғазиз Төлепов бізбен әңгімесінде.

Ауылының көркіне көрік қосатын жолдың тақтай түзу әрі сапалы болғанын кім қаламасын? Жол жөндеу жұмыстары басталғалы бері қызылтамдықтар да өз қуаныштарын жасыра алмауда. Әлеуметтік желіде де лебіздерімен бөліскен жазбалар қалдыруда.

– Туған жер – алтын бесігіміз. Оны аялау, елді, жерді сүю әрбір азаматтың міндеті. Ауылымыз қашан да ауызбірлігімен ерекшеленеді. Үлкені кішісін тыңдайтын ұйымшыл халқы бар. Біраз уақыттан бері ауылға кіреберіс жол жауын-шашында батпақтанып, адамды да, төрт түлік малды да әбігерге салатын. 4 шақырымнан аса жол жөндеусіз жатқан. Осы жылдың күзінен бастап ауылға баратын жол салыну жұмыстары қолға алынды. Тұрғындардың сұранысы қанағаттандырылып, қазір қуанышымызда шек жоқ. Жол жылдам әрі сапалы жүргізілуде. Осындай игі жұмысқа қолдау білдірген ел азаматтарына тұрғындар атынан алғысымыз шексіз. Бұйырса 2024  жылдың көктемінде тақтайдай тегіс жолмен жүретін боламыз деген жақсы ойда отырмыз, – дейді білім саласының ардагері, ауыл тұрғыны Науат Ерпанова анамыз риясыз көңілмен.

Сәрсенкүл АҚКІСІ
16 желтоқсан 2023 ж. 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930