Мұрасын жырымен қалдырған
СЫР БОЙЫНДАҒЫ ЖЫР ТЕҢІЗІ ӘЛІ ДЕ ШЕГІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗБЕЙТІН, КЕНЕРЕСІН КЕРНЕГЕН ҚАЛПЫНДА. СОНЫҢ ІШІНДЕ, ТАРИХТА АҚЫНДЫҚ ӨНЕРДІҢ ТУЫН БИІК ҰСТАҒАН, АЛМАСТАЙ ӨТКІР, МАЗМҰНЫ ТЕРЕҢ ӨЛЕҢ СӨЗ ШЕБЕРІ, ӨМІРІ ТАУСЫЛМАЙТЫН РУХАНИ АСЫЛ КЕНДІ ЖАСАУҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН, ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БАРЛЫҚ ЖЕРІНЕ ТАНЫМАЛ БОЛҒАН ШОРАЯҚТЫҢ ОМАРЫНА БИЫЛ - 145 ЖЫЛ. ОСЫҒАН ОРАЙ КЕНТ КІТАПХАНАСЫНДА "МҰРАСЫН ЖЫРЫМЕН ҚАЛДЫРҒАН" АТТЫ ЖЫР КЕШІ ӨТТІ.
Тағылымды іс-шараға оқырмандар, кітапхананың тұрақты оқырманы Марат Үсенов, мәдениет саласының ардагері Үрзахия Маханбетова, №121 мектептің оқу шылары, К.Рүстембекұлы атындағы жыраулар үйінің қызметкері Руслан Өтегенов және Жастар Ресурстық орталығының жастары қатысты.
Жыр кешінің шымылдығы ақынның өмір жолын таныстырумен түрілді. Одан соң кітапханашы Ғазиза Ақжанова Омар Шораяқұлының шығармашылығына арналған «Жыр маржаны» атты көрмені көпшілік назарына ұсынды. Тағылымды өлеңдерін оқушылар жатқа оқыса, Руслан Өтегенов жырдан шашу шашты.
Кеш қонақтары Үрзахия Махамбетова оқырмандарға Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінің құрылған кездегі тарихы туралы сөз тізбектесе, Марат Үсенов жастарға ақынның насихат өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді.
– Омар Шораяқұлы Сыр сүлейлерінің ішінде дара туған, өзіндік ерекшелігі мол тұлғалы ақын. Өмірінің соңына дейін елінің мұң-мұқтажын, жарқын келешегін жырлаған ақын. Оның мол мұрасы Сыр сүлейлерінің ішінде және қазақ әдебиеті тарихында өзіне тиісті орны бар ақын. Өйткені өз дәуірінде халықтық әдебиетті өркендетуге, Сыр елінде жыр күмбезін салысуға ақындық дарынын сарқа пайдаланып, қысқа ғұмырын бағыштап өтті. Шораяқтың Омарының артында терең мазмұнды, тілі көркем, тағылымға бай әдеби мұрасы қалды. «Сыр елі – жыр елі» деген лауа зымды ел-елге таратуға негіз жасаған Сыр өңірі өнерінің әлеміндегі «Сыр сүлейлері» деп аталатын шоқжұлдыздардың ішінде Шораяқтың Омарының есімі де ерекше атала бермек, – деді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниева.
Іс-шара соңында жыр кешіне белсенді қатысқан оқырмандарға Алғыс хаттар табысталды.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА