» » Балаңыз не жеп жүр?

Балаңыз не жеп жүр?



Қайсыбір күні дүкенге бас сұқтым. Оқушылар сыртында көз тартарлық қаптамасы бар дүниені таласа алып жатты. Сатушыдан әлгі заттың атын сұрадым. «Атын өзім де білмеймін. Осы балалардың сұрап жүргені ғой. Өзім 150 теңгеден алып, 180-нен сатамын. Үстіне 30-ақ теңге қойып отырмын. Жақсы өтеді екен» деді. Жауабымды алған соң, қажетті затымды алып дүкеннен шығып кеттім. Алайда көңіліме күдік ұялатқан әлгі зат ойымнан шықпай қойды. Жалпы біз баламыздың не жеп жүргенін білеміз бе? Дұрыс тамақтануына қаншалықты мән береміз? Зерделеп көрсек.

Ауру – астан

Қазір қарбалас шақ. Таңның атысы кештің батысы. Біріміз – мұғалім, біріміз – дәрігер, жан-жаққа жұмысқа асығамыз. Біріміз – базарда, екіншіміз – дүкенде, әйтеуір тұрмыстың қамымен еңбек етіп, ақысын алуымыз керек. Дұрыс-ақ. Дегенмен, бала-шаға бабы деп жүріп, дәл соларға тиісінше көңіл бөліп жатырмыз ба? Нақтырақ айтсақ, үйден шыққан ұл-қызымыздың не жеп, не ішкенін қадағалаймыз ба? Қалай дегенде де бұл маңызды мәселе. Себебі аурудың 75-80 пайызы біз ішкен тамаққа тікелей байланысты.
Жасыратыны жоқ, бүгінгінің балалары ағзаға пайдасы аз, керісінше ауру туғызатын тез дайындалатын тағамдарды тұтынады. Жұртқа «фаст-фуд» деген атпен әйгілі хот-дог, гамбургер, сэндвич, пицца балғындарымыздың сүйікті асына айналды. Біле білсек, осындай тағамдарды үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке жүйесі аурулары, қан аздық, қан айналым жүйесінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Осыны ескерген АҚШ мемлекеті 2004 жылы жүріп бара жатып, жүрек жалғайтын «фаст-фуд» тағамдарын оқушылардың жеуіне тыйым салған.
Жалпы, тамақтану туралы айтқанда, газдалған сусындарға тоқталмай кету мүмкін емес. Шындығына келсек, газдалған сусынды күнделікті пайдалану нағыз қауіп. Бір ғана «Кока-кола» сусынын алатын болсақ, оны пайдалану ағзамыздағы кальцийдің азаюына алып келеді екен. Тіпті, «сусынның бұл түрін анда-санда ішетіндер де ауыр ауруларға шалдығу мүмкіндігін бірнеше есе арттырады» дейді дәрігерлер.
Денсаулыққа зиянын тигізетін тағамдарға мамандар тағы бірнеше өнімдерді қосып отыр. Олар, құрамында консерванттар мен химикаттар бар – сағыздар, чипсы, энергетикалық сусындар, кытырлақ нан, бұқтырылған шұжық, тез әзірленетін лапша және шаурма. Бұл тамақ түрлерінде оның сыртқы түрін, иісін, дәмін келтіретін, сақтау мерзімін ұзартатын және тез пісуі үшін қосылатын түрлі жасанды дәмдеуіштер болады. Оқушылардың үздіксіз тұтынып жүрген тағам түрлерінің зардабы жайында ғалымдар «Доширак» кеспесін жиі қолданғандар кардиометоболиялық қатерге, тіпті инсультқа шалдығуы мүмкін деп отыр. Себебі, кеспенің формасын сақтап қалу үшін темекі өнеркәсібі мен антифриз өндірісінде қолданылатын пропиленгликоль сұйықтығы қолданылады. Ал кеспенің дәмдеуішіндегі трет-бутилгидрохинон антиоксиданты парфюмерияда, лактар мен шайырды жасап шығаруда қолданылады екен. Зиянды тағамдардың көшін бастап тұрған чипсы жайлы да білетініміз аз. Картоптан жасалатын бұл тағамның құрамында бояғыш заттар, көмірсулар, май қосындылары кездеседі. Картоп пайдалы болғанымен чипсы жасау барысында түрлі өзгерістерге ұшырайды. Яғни, ол құрамындағы пайдалы заттарды жоғалтып, керсінше зиянды нәрселерді қосып алады екен. Мәселен, 100 грамм чипсы 510 калорияға тең. Бұл дегеніміз баланың бір күндік нормасының жартысы деуге болады. Сол себептен де чипсы семіздік, зат алмасу процесінің бұзылуы, жүрек және аллергиялық ауруларға шалдықтырады. Чипсидың құрамынан дәрумен мен минералды заттарды табу мүмкін емес. 2007 жылғы наурыздың 30-ындағы №12 Қаулыны негізге алған еліміздің санитар мамандары газдалған және энергетикалық сусындарды, майға қуырылған картопты, чипсиды мектеп асханаларында сатуға тыйым салынғандығын айтудан жалығар емес. Алайда бұл талаптың қаншалықты орындалып жатқаны беймәлім.

Құрамын қараймыз ба?

Медицина ғылымының атасы әйгілі Гиппократ «Біз тамақтану үшін өмір сүрмейміз, өмір сүру үшін тамақтанамыз» деген екен. Расында да осылай, өмір сүру үшін тамақтанамыз. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Десе де, біз  өмір сүруіміз үшін тамақтанып жүрген азығымыз жайлы толық білеміз бе?
Бүгінгі қоғамда тағамның түр-түрі дүкен сөрелерінде толып тұр, тіпті кейде не жейтініңді білмей де қаласың. Күнделікті қажетімізге жаратып жүрген тағамдардың құрамы мен сапасына көп жағдайда мән бере бермейтініміз де шындық. Балаларымызға өз қолымызбен беріп жүрген тамақтарымыздың құрамына қанықпыз ба?
Бүгінгі таңда, яғни дамыған біздің заманда ішіп отырған азығымыздың өзін білім мен ғылым айналып өтпеді. Сіз (ГМА) генетикалық модификацияланған ағзалар (организмдер) дегенді естідіңіз бе? ГМА – бұл биотехнолог ғалымдардың тағамды түрлі зиянкестерге, суыққа, ыстыққа төзімді етіп жасап шығарған еңбегінің жемісі. Мұндай азықтардың құрамына түрлі жануарлар мен жәндіктердің гені егілген. АҚШ-та жеміс-жидекке жанды организмнің ДНК-сін қосып «сапалы» өнім шығару қолға алынған. Мәселен, камбала балығының ДНК-сын қосып қызанақтың жаңа сортын ойлап тапты. Кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНК-ны қосып, құрт жемейтін өнім жасады. Картоп пен бәйшешекті будандастырды. Мұндай жағдайда өнімге зиянды жәндіктер жоламайды және ұзақ сақталады.
Қазіргі таңда гендік модификацияланған тағамдар нарығымызды жаулап алды. Емшектегібаланы да, оданқалса, баланыемізетінананы да сондайтағамдарменқоректендіреміз. Австрия, Франция, Германия, Греция, Италия және Люксембург мемлекеттері 2004 жылданбастапбуданөнімдердісырттанкіргізугетыйымсалды. Бірқызығы биотехнология ғылымының осы тұсынеңалғашойлаптауып, қолданысқаенгізген АҚШ модификацияланған өнімдерге өз елінде тиым салған көрінеді.
Модификацияланған өнімдер – қарапайым тілмен айтқанда, өзінің бастапқы табиғи күйін жоғалтқан өнімдер. Мұндай өнімдерді жасап шығаруға не шығарудың себебі көп. Біріншіден, бұл өнімдер түрлі қолайсыз жағдайларға төзімді, екіншіден, нарық бағасынан сәл төмен, үшіншіден, зиянкестермен күресіп жату – көп еңбекті қажет етеді, төртіншіден, жері аз, халқы көп елдер үшін табиғи қалпында өсіруге қарағанда уақытты ұту. Бесіншіден – өнім қаншалықты көп болса, табыс та еселенбек. Ғалам болып, дамыған болып ұтқанымыз осы. Ал енді ұтылғанымызға үңіліп көрсек...
Біріншіден, ГМА қауіптілігі – гендердің орналасуымен байланысты. Гендердің өзгеріске ұшырауынан белгісіз улы заттар түзіліп, адам мен жануарларда жағымсыз әсер туғызуы мүмкін. Біздің елде өсірілмейтін тропиктік жемістерді алайық. Көп балаларда апельсин, лимон, ананас, кивиді жегенде аллерия каптап кетеді. Демек, модификацияланған өнімдердің аллергия тудыратын қасиеті бар.Екіншіден, гендік модификацияланған. Аты да айтып тұрғандай ген арқылы будандастырылған өнімдердің адам геніне әсер ететінін айтпай кетуге тағы болмайды. Генетика – тұқым қуалаушылық туралы ғылым екенін есімізге түсірсек, осы өнімдерден болған аурулардың тұқым қуалайтынын да есімізден шығармауымыз керек. Үшіншіден, бабаларымыздың «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген сөзін түсірейікші есімізге. Бұрын неге ауру аз болған? Жауабы өте қарапайым – себебі, халқымыз тек табиғи өнімді пайдаланған. Трансгенді өнімдерді қолдану асқазанның сілемейлі қабатының құрылымын, зат алмасуды бұзады деген тұжырым бар. Төртіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей модификацияланған өнімдердің бастапқы табиғи қалпын жоғалтқанын еске түсірсек, табиғилығын жоғалтқан өніммен тамақтанған ағзаның да өз иммунитетінен айрылатынын ескермеуге тағы болмайды.Бесіншіден делік, Ресейдің тағамтану институты трасгендік картопқа зерттеу жүргізгенде, мынадай қызық жағдайға тап болған. Осы картопты жеген көртышқанның мүшелерінде және қан айналу жүйесінде өзгерістердің болғаны байқалған. Ендеше, мұндай өнімдермен қоректену – қанайналым жүйесінің өзгеруіне де әсер етпей қоймайды екен.
Ал модификацияланған өнімдерді күнделікті тұрмыста қалай анықтауға болады? Мәселен, сіз үйге балаңызға нестле шокаладын алып келдіңіз, ал оған зиянкестер жоламайды. Сіз сәбиіңіздің дене мүшелері толыққанды жетілсін деп алма алдыңыз, оның сіз түгілі, құрт та дәмін татпайды. Тағы бірде сіз салат жасап жейін деп қияр мен қызанақ алып келіп, ұмытып кеттіңіз. Біршама уақыт өтсе де ол бұзылмаған. Ал ауылдан ешқандай будандастырылмаған, тіпті химиялық қосынды да кездеспейтін алма мен жүзімді, шие мен шабдалыны құрт-құмырсқа сізбен бірге таласып жейді. Бақшада өсірілген қияр мен қызанақ тоңазытқышта тұрса да бұзылып кетеді. Осының өзінен-ақ біршама нәрсені пайымдауға болары анық.

Дүкен сөресінде дәруменсіз дүние

Балаға мектепте қаршы ашып қалмасын деген ниетпен қолына ақша береміз. Алайда ол тиынға не алып, не жегенін тіпті құнттамаймыз да. Әйтеуір «баламның қалтасында ақшасы бар, қарны аш емес» деген оймен жүре береміз. Мақаланың басында суреттеген жағдай – дәл осы ата-ананың берген ақшаның дұрыс жұмсалмауы еді.
Дүкеннен мен аңғарған, сатушы атын да білмейтін зат «La Tiao» деген дүние екен. Әйтеуір, қазір бала біткеннің бәрі соған құмар. Неге қызығады десем, «тик-токта» осы нәрсе хит. «Латиаоны мен де жеп көрдім» деген видеолардың шегі жоқ. Тағы бір дүкенге арнайы барып бұл заттың атын біліп, затын қолыма ұстап көрдім. Бірнеше түрі бар екен. Тәттісі де, ащысы да, орташасы да. Сыртқы қаптамасында тек қытай әріптері. Не сақтау шарты, не пайдалану мерзімі көрсетілмеген. Қай жақтан шыққаны да белгісіз. Мүмкін қытай тілінде жазылған болар, онысын ұқпадым. Ал дүкеннің айналасында шашылған осы қаптамалар. Бұл нәрсені алған оқушылар үйіне апарып жемейтіні анық. Көшеде ашып, жеп, қағазын лақтыра салғаны көрініп-ақ тұр. Бұл жайт перзент тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананы ойлантуы тиіс.
Сондай-ақ кез келген дүкенде құрамы белгісіз, бірақ балалардың көзін қызықтырар заттар самсап тұр. Әрі олар сатылымның заңына сәйкес баланың бойы, қолы жететін жерге қойылады. Оны көрген бала алып-бермесіңе қоймай қиғылық салады. Көптің көзінше еркелігіне басқан балаңыздан ұялып дереу қалауын орындайсыз. Бұл ретте сатушы затын өткізіп өз мақсатына жетті, ал сіз ше?
Латиао туралы әлеуметтік желіге сұрау салдым. Көпшілігі дәмін татып көргенін, қышқыл екенін жазыпты. «Жұрттың бәрі қызыға жеп жатқан соң мен де дәм татып көрдім. Маған ұнамады. Өте қышқыл. Тіпті құрамы белгілі болғанның өзінде де ол баланың асқазанын құртады. Мен балаларыма мұндай дүниені бергім келмейді. Дүкендер мұндай дүниені сатылымға шығармаса деймін. Олардың да балалары бар шығар. Денсаулыққа тиізер зардабы көп қой мұның» дейді екі баланың анасы Арай Хамитова.
Иә, дүкендер әкелмесе дейміз. Алайда оларға келешек ұрпақтың саулығынан гөрі, бүгін қалтасының қампайғаны керек. Себебі мен  мұндай ауданнан зиянды зат сатпайтын дүкенді кездестірмедім. Бұл жөнінде аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасына да хабарластық.
– Дәл қазір мұндай жағдайдың белең алып тұрғаны рас. Дүкендерде зиянды заттар көп. Тіпті үйден дайындалған өнімдер де дүкенде сатылмауы тиіс. Олар арнайы қоғамдық тамақтану орындарында болғаны жөн. Сіз айтып отырған бала денсаулығына зияны көп «латиао» таяқшалары негізінде сатылымда болмауы тиіс. Қазір біріншідіен, кәсіпкерлік саласын тексеруге мараторий жарияланған. Екіншіден біздің тексеруге жататын обьектілеріміздің қатарына дүкендер кіргізілмеген. Бұрын түсіндірме жұмыстары жүргізілетін. Қазір қандай заттың сатылу, сатылмау қажетін түсіндерін мониторингтің топтың жұмысы жандандырылса дер едім. Ол топтың құрамына дәрігерлерден, біздің саладан мамандар қосылса құба-құп болар еді. Негізінде әрбір өнімнің сапалық құжаты болуы тиіс. Онда қай елден шыққаны, қалай сақталуы қажет екені, қашанға дейін тұтынуға болатыны, құрамы туралы нақты ақпарат болады. Ал сертификаты жоқ заттар сатылмауы керек. Дүкен иесі сатып отырған өнімінің құрамын, оның ағзаға тигізер пайдасын мен зиянын білуі тиіс. Мұндай заттардың бағасы балаларға қолжетімді, ал оның денсаулыққа зиянын есептесек, емдеу үшін ол соманың мыңдаған есесіне дейін апаруы мүмкін. Бала, адам өміріне зиянды заттардың емін-еркін сатылуы шектеу жоқтың салдары, – дейді басқарма басшысы Гүлнар Төлепбергенова.
Ал дәрігерлер «Тез дайындалатын фаст-фуд өнімдері, газды сусындар, дүкен сөрелерінде самсап тұратын құрамы белгісіз өнімдерді үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында  бұрын жасы үлкендерде жиі кездесетін семіздік, ас қорыту жүйесінің бұзылуы секілді аурулар көбеюде. Расында да, бүгінде бұл аурулар балаларда жиі кездесетін болды. Осы ретте баланың тамақтануына қазірден аса мән бергеніңіз жөн. Мектепке, оқуға баратын ұл-қызыңыздың сөмкесіне әрі тойымды әрі пайдалы майлы құрт, алма, алмұрт салып жіберген жөн» дегенді алға тартады.

Түйін

Жоғарыдағы аталған өнімдерді тізбектей келе, «енді не жейміз?», анығын айтсақ «баланы қалай тамақтандырған дұрыс?» дейтініміз рас. Балаларымызға, болашағымызға, ертеңіміз болатұғын еркелерімізге қазақтың дархан жеріндегі құнарлы топырақтан маңдай термен алынған табиғи өнімдерімізді берген жөн. Ең бастысы атамыз жемеген асты аузымызға алмайық және оны балаларымызға айтып отырудан жалықпайық. Біздің мақсат – балаларымыздың болашағы үшін баяндау ғана, ал соңғы шешім өздеріңізден, оқырман аналар!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
13 желтоқсан 2023 ж. 577 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930