» » Мәһір: құн мен құрмет

Мәһір: құн мен құрмет

qarmaqshy-tany.kz ҚАЗІР ҚАЛЫҢ МАЛДЫ ҚОЙЫП, ҮЙЛЕНЕТІНДЕРДІҢ БАС ҚАТЫРАТЫН МƏСЕЛЕСІ – МƏҺІР. СОҢҒЫ УАҚЫТТА НЕКЕСІН ҚИДЫРҒАН ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ ҚОМАҚТЫ МƏҺР СҰРАУЫ КӨПШІЛІК АРАСЫНДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСУДЕ. ƏСІРЕСЕ, МƏҺІР КӨЛЕМІН ШАРЫҚТАТА АЙТУ СƏНГЕ АЙНАЛҒАНДАЙ. ОҒАН ҚЫМБАТ ҮЙ, ТЕМІР ТҰЛПАР, АЛМАС ТАСТЫ АЛТЫН БҰЙЫМ СҰРАЙТЫН БОЙЖЕТКЕНДЕРДІҢ БЕЙНЕЖАЗБАСЫНАН БАЙҚАП ҚАЛАМЫЗ. РАСЫМЕН КІРШІКСІЗ СЕЗІММЕН ҚҰРЫЛҒАН АҚ НЕКЕНІҢ ҚҰНЫ БІРНЕШЕ МИЛЛИОНДЫҚ МƏҺІРМЕН ӨЛШЕНІП ЖАТЫР. БҰЛ ЖАРЫС ПА, ƏЛДЕ РАСЫМЕН ƏЙЕЛ АДАМНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ МЕ? САРАПТАП КӨРЕЛІК.
Мәһір – әйелдің неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Ертеде мәһір әйелге күйеуімен ажырасып немесе ол қайтыс болған жағдайда өзін асырауға көмек болған. Егер олардың дәм-тұзы жараспай, айырылысқан жағдайда әйелі ерінен мәһрге алған дүниесін сатып, бала-шағасының керегіне жаратады. Мұның маңызы да осында. Сол себепті нәзік жандылар көбіне құнды, қымбат затты талап етіп жатады. Мәһірге байланысты көпшілік екі тарапқа бөлінеді, мәселен бір тарап мәһір бұрынғы ата-бабымызда болмаған десе, тағы бір топ мұны шариғат бойынша кесіліп нақтыланған ұғым дегенді алдыға тартады. Тіпті күйеу жігіттің материалдық жағдайына қарамастан аспандағы айды сұрайтын қалыңдықтар да аз емес.
КІТАПТАН КӨЛІККЕ ДЕЙІН
Мәһір көлеміне шек қойылмаған. Дәл осы шегі жоқ дейтін сөз расымен шексіздікке ұласып бара жатқандай. Мұны енді қыздың ақылдылығы мен адамдығына қалдырамыз. Әлеуметтік желіде бойжеткен қыздар мәһірді көп талқылайды. Тұрмыс құрған өзі секілді қатарластарынан сұрайтын бірінші сұрағы да осы. «Мәһірге не сұрадың?» деп топ еткізеді. Мұндайда бірі – көлік сұрайтынын айтса, енді бірі – «білмеймін» деп бұл тұрғыда ойланып көрмегенін жеткізеді. Интернетте тараған бейнежазбалардың бірінде қалыңдық бренд сөмкенің оригиналын сұрайды. Қымбат дүниені айтатынын болашақ күйеуі күтпесе керек, абдырап барып «иә» деді. Бақылап көрсек, мұндай сөмкенің бағасы 3 миллионнан жоғары кете береді. Бәзбіреулер екі бөлмелі пәтер деп жатады. Ал қалалық жерде баспана құнының қанша тұратынын бағамдай беріңіздер. Сондай-ақ қалыңдықтың тек қана кітап сұраған видеосы да бар. Үлкендерден сұрасақ, өткен уақытта ондай шектен тыс әрекеттер болмағанын айтады.
– Қазақта құдалы екі жақ арасында «қалыңмал», «киіт», «ана сүті» сынды салт-дəстүр бар. Тіпті жаугершілік заманда «кəдесыйсыз» батамен қосылған жағдайлар болған, бірақ ол кезде де «мəһір» сұралмаған. Менің кезімде мəһір сұрау болған жоқ. Бірақ соңғы кезде осы мəселе жөнінде дау болып жатқаны туралы ақпарат өте көп тарап жүр. Жақында теледидарда кеше ғана үйленген жас отбасының мəһір төңірегінде сөзге келіспей, берілмеген қалыңдық сыйын ақшалай алып кетіп, екі жаққа кеткені сөз етілді. Бірақ мұнда əркімнің өз шындығы айтылды. Шаңырақ ішінде болатын əңгіме дүйім жұртқа тарады. Бұл – өте ұят тірлік деп білемін. Мəһірмен мəселе шешілмейді. Мəһірсіз де отбасы құрдық, балалы болдық. Бастысы – ерлізайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы. Басқа түскен қиыншылықты бірге көтере білуі, жақсылықты қатар жүріп қарсы алуы, – дейді Əсия Жұмабаева.
ШАРИҒАТ ШЕҢБЕРІНДЕ
Ханафи мәзһабы бойынша мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Дінімізде бұл «он дирхамнан азы мәһір емес» делінеді. Сол заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммға жеткен. Мәһірдің құны осы мөлшерден төмен белгіленген жағдайда оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін. Қазірде ең төменгі мәһір құны 100 мың теңге мөлшерінде. Ал ең жоғарғы шегі жоқ. Осы арада мәһірдің мәнін түсініп, болашақ жарының материалдық жағдайына қарау керек деген дүниені көбі елей бермейді. Үй боламын деп қол ұстасқан екі жастың некесі осындай қомақты қаржыға байланып қалмаса дейсіз.
– Отбасы боламын деген екі жас өзара келісіп алғаны дұрыс деп есептеймін. Мəһір сұрайтын қыз шын ғашық болса қарамайды, не алып береді деп те бас қатырмайды. Ал ғашық жігіт сұратпай-ақ бəрін аямай үйіп төгеді. Жай сый ретінде немесе мəһірге қалағаныңды сұра деп өзі ерік береді. Былайша айтқанда, сыйлы əйелге сыйлықты ері сұратпайақ алып береді ғой. Мешіттегі неке қияр сəтінде имам «мəһірге не сұрайсың?» дегенде əдемі орамал алып берсе жеткілікті деген едім. Əлгі орамал берекелі болды. Отағасым өзі таңдап қуанып басыма əкеп тақты. Осылайша тұрмысқа шықтық. Қазір Аллаға шүкір, бес баламыз бар. Шынтуайтында, мəһірге берілген үлкен сыйлық адамды бақытты ете қоймас, сірə. Мəһір деп мəртебе түсіру – қазақ қызына келіспейтін қылық, – дейді Нұршолпан Орынбекқызы.
СЫЙ ЕМЕС, САУДА
Мәһір – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол кейбіреулер ойлағандай қалыңдықтың құны немесе ақысы емес. Ер адам мәһірді беріп, қалыңдықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһір ер-азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалыңдығына шынайы сезімін көрсетеді. Күйеу жігіт қалыңдығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды. Қазақ салтында қыз айттырғанда «қалың мал» сұрау дәстүрі бар. Оның өзінде оңды-солды айта салмай, құдалар өз арасында жігіт жақтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып «неке келісімін» жасайды. Құда түсіп, келісім жасалған соң, дала заңы бойынша күйеу жағы келісілген «қалың малды» төлеуге тиіс. Ол ақшалай, малдай немесе заттай сыйлық болуы мүмкін. Бұл – қазақтың ежелден келе жатқан дала заңы бойынша қалыптасқан дәстүрі. Айтпағымыз ол емес, бүгінде қазақ қоғамында түрлі айтыс-тартыс тудырып, көп талқыға салынып жатқан, қалың мал кәдесінен бөлек, күйеу жігіттің қалыңдыққа шариғат жолымен беретін сыйлығы – мәһір жайында. Дін өкілдерінің түсіндірмесіне жүгінсек, мәһірді шариғат үкімі бойынша әкесі немесе атасы қыздың атынан қабылдап алуына болады, бірақ оны өздері иеленіп алуына болмайды. Мәһірді иелену құқы қыздың өзінде.
Қалың мал мен мәһір өзара алмасатын сый болғандықтан оның нақты мөлшері белгіленбеген. Бірақ қазіргі таңда пендешілікке салынып, «қалың малым бес миллион», «мәһірге жеке тік ұшақ» деп екі жақтың сыйластығы мен шынайы құрметінен бұрын, өзара алыс-беріске ерекше мән беріп, дүниеқоңыздыққа салынатындар бар. Бұл жағдай мәһір сұрайтын қалыңдықтарға да қатысты. Ал ер азаматтар бұл туралы не айтар екен.
– Мəһір сыйын беру – ер азамат міндеті. Алайда мəһірдің мөлшерін ер азаматтың материалдық деңгейіне қарап, отбасының əлеуметтік жағдайын ескерген жөн. Өйткені мəһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Таяқтың екі ұшы бар секілді, мəһір берудің де қоғамға тиер екі жағы бар. Қазіргі таңда жас отбасылардың ажырасуы осы мəһірдің дұрыс өтелмеуінен, яғни арзан дүниемен алдауынан өкінішті жағдайлар орын алуда. Ал екінші жағы көбіне əйелдер күйеуіне ерім деп арқа сүйеген соң шынайы, болашақтағы бақыты үшін өзіне қажетті дүниені сұрауы да мүмкін. Мұндайда ер кісінің тосылмағаны да жөн. Қаржылық жағдайы келіп тұрса, қалыңдық қалауын алып берген дұрыс. Əйтсе де ол мақтаныш үшін болмауы керек. «Маған мəһірге мынаны алып берді» деп өзгелердің қызғанышын оятпау қажет. Екеуара келісіп алғаны дұрыс. Арадағы мейірім мен махаббат, сыйластық қой керегі. Сол үшін жастар некені саудаға айналдырмаса екен деймін, – дейді Ерасыл есімді жігіт.
Түйін Бұрын баланы ата-ана тәрбиелесе, қазіргіні интернет улап барады. Соның салдарынан неке қию рәсімінде отбасылық құндылықтан гөрі қыздар жігітінің шамасына қарамай қымбат дүние сұрап мысын құртады және оны міндет деп ойлайды. Шындығында, мәһір сұраудың мақсаты сыйлық алу емес, алдағы қиын күндердің қамы үшін екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мәһірдің мәні ол күйеуі өмірден өткен немесе қандайда бір жағдаймен қиындыққа ұшырағанда, ажырасқан жағдайда әлгі сыйлықты сатып, 2-3 ай өмір сүре алатын болуы керек делінеді шариғатта. Міне, мәһір сұрау анау айтқандай маңызды да, міндетті де емес. Сондықтан отбасының алтын діңгегі болар болашақ келін ең алдымен отбасының амандығын, ошақ қасының тыныштығын ойласа екен дейміз. Әсілі әйелге қу дүниеге деген қызығушылық емес, одан да биік қымбат құндылық барын ұмытпаған жөн болар.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
11 желтоқсан 2023 ж. 464 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10344)

05 қазан 2024 ж.

№78 (10343)

01 қазан 2024 ж.

№77 (10342)

28 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 182

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031