» » Жауапсыз әкеге жаза бар

Жауапсыз әкеге жаза бар


Фото
qarmaqshy-tany.kz Елімізде ажырасатындар саны жылдан-жылға артып бара жатқанына байланысты, алимент мәселесі өзекті бола түсуде. Себебі нарық заманында жалғызбасты аналарға бала асырау да оңай емес. Бір өкініштісі, әкелердің дені ай сайынғы табысын балаларымен бөлісе бергісі келмейді.
Алименттің де көбісі біле бермейтін бірнеше түрі бар.
Ең біріншісі, ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына төлейтін алименттік төлемі. Екіншісі, кәмелет жасына жеткен балалардан әке-шешесін асырауға өндірілетін алимент. Тағы бір түрі – некеде тұрған ерлі-зайыптының және бұрынғы жұбайлардың бір-біріне төлейтін алименті. Ерлі-зайыпты дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетсе де, бір-бірінен заңда көрсетілген тәртіппен алимент өндіруге құқылы.
Бұдан бөлек, басқа отбасы мүшелерінің алименттік міндеттемелері де бар. Мәселен, кәмелетке толмаған, еңбекке жарамсыз балалар ата-анасынан алимент өндіруге мүмкіндігі болмаған жағдайда, өздерінің кәмелетке толған, еңбекке жарамды, қаражаты бар туған аға-апаларынан сот тәртібімен алимент өндіруге құқылы.
Сондай-ақ, ата мен әженің де немерелері алдында алименттік міндеттемелері болады. Егер кәмелет жасына толмаған бала әке-шешесінен, туған аға-апаларынан алименттік төлем өндіруге мүмкіндігі болмаса, онда материалдық жағдайы бар атасы мен әжесінен алимент алуға құқылы. Және де, керісінше, көмекке мұқтаж атасы мен әжесінің еңбекке жарамды, кәмелетке толған немерелерінен алимент өндіріп алуға құқығы бар.
"Неке және отбасы" туралы кодекстің 139-бабына сәйкес, сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-анасынан мынадай мөлшерде алимент өндіреді:
  • Бір балаға – ата-анасы табысының немесе өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі;
  • Екі балаға – үштен бір бөлігі;
  • Үш және одан да көп балаға – тең жартысы.
Бала 18 жасқа толған кезде, әке-шешенің алименттік міндеттемесі де тоқтайды. Алайда, егер 18 жасқа толған бала күндізгі ақылы бөлімге оқуға түссе, оқуын тәмамдағанға дейін, яғни 21 жасқа дейін ата-анасынан алимент өндіруге сотқа талап-арыз бере алады. Оқу орнынан анықтама әкеледі, кейін сот шешімімен алимент өндіріледі.
Өкінішке қарай, бауыр еті баласы үшін қалтасынан бір тиын да шығарғысы келмейтін безбүйрек әкелер жетерлік. Сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанмен, оны орындайтындар аз. Жауапсыз әкелерден алимент алудың ең тиімді жолы – ай сайынғы жалақысынан тікелей ұстап қалу.
Жеңіл түрі – сот орындаушылары қаулы шығарады да, әлгі әкенің жұмыс орнына жолдайды. Соған сәйкес, бухгалтерия ай сайын жалақы түскеннен кейін үш күн ішінде алимент мөлшерін әйелге аударуға міндетті. Осылайша бала 18 жасқа толғанға дейін жалақысынан ұсталып отырады.
Егер әкенің берешегі жиналып қалса, онда сот орындаушылар астындағы көлігін алып қойып, оны сатып, қарызды өндіреді. Дүние-мүлкіне тыйым салып жатады. Сосын борышкер әкелердің Қазақстан аумағынан шығуына шектеу қояды. Алимент бойынша қарызын өтемегенше, жүргізуші куәлігінің күшін жояды. Мұндай шаралардың бәрі алименттен жалтарып жүрген әкелерге ой салады.



                                            Қармақшы аудандық сотының баспасөз қызметі
16 тамыз 2023 ж. 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 954

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930