» » Сіз не дейсіз, ағайын?

Сіз не дейсіз, ағайын?

qarmaqshy-tany.kz АДАМ БОЛЫП ТУЫП, АҚЫЛ-ОЙ ИЕСІ БОЛЫП ЖАРАТЫЛҒАНДАҒЫ АРТЫҚШЫЛЫҒЫМЫЗ – ҰЛТ МҰРАТЫН ҰЛЫҚТАУ. БІЗ ҚАЗАҚПЫЗ, СОНДЫҚТАН ҚАЗАҚИ САЛТ-САНАНЫ, АТА-БАБА ТӘРБИЕСІН ҮЙРЕНІП, ОНЫ ІСКЕ АСЫРА БІЛУІМІЗ КЕРЕК.

Шүкір, бүгінгі таңда ел-халық еңсесін көтеріп, тұрмыс тауқыметі жеңілдеп келеді. Бүгінде жарыса тұрғын үй салу, шетелдік автокөліктер міну, дүркірете той тойлау дәстүрге айналып бара жатқандай. Ел-халықтың мұндай еңсесін тіктеп, тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанына шын пейілмен қуанып, шүкіршілік етеміз. Алайда халық арасында ұлттық дәстүрімізбен, исламдық шариғат жолын табан асты етіп, бәсекелестік белең алып бара жатқаны қолға қалам алдырып отыр.
Бұл күнделікті өмірде көріп, куә болып, біліп, ой елегінен өткізіп, азамат ретінде айтсам деген ортақ пікірлерім. Кейбір кісілерге жақпауы да, неменесіне ақылшы болып кеткендей деуі де мүмкін. Бірақ әр нәрсенің, тіпті жақсы істің де шегі бар. Дер кезінде кейінгі буынға, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету, қолайсыз істердің алдын алу келешекті ойлайтын әрбір қарттың парызы деп білемін.
Адам өмірге келсе – қуаныш, өмірден өтсе – өкініш. Бақилық сапарға аттанған аруақтарға құран оқытып, құдайыжолы жасауда да бәсекелестіктің орын алуы көңілге қаяу түсіреді. Кейде жаназа мен тойды ажырата алмайсың. Қашанда орынсыз шашылып, төгілу. Бұрынғы кезеңде қайтыс болған кісіні арулап жуып, құдайыжолысын беріп, құранын бағыштап, жаназа намазын шығарып, көпшілік қауым тарайтын. Кейіннен намазы шықпай құран бағыштауға болмайды деп, намазынан кейін құдайыжолы жасап, таратады. Бірақ оның есесіне қонақасы деп, намазынан кейін садақасы деп бүкіл жиналған халыққа қайта-қайта ас дайындалады. Екеуіне де топырлап келіп жатқан сол халық. Жалпы адам қайтыс болғанда және одан кейінгі кезеңдерде көңілге түйткіл түсіретін жағдайлар да бар. Қазір қайтыс болған азаматын аза тұтудан бұрын, үй егелері мен ең жақын туыс, жанашырлары көңіл айтып келген тірі адамдарды жайғаудың жайын көбірек ойлайтын болды. Қайтыс болып жатқан адам жас па, кәрі ме, қаражаты мен дүние-мүлкі жете ме, оған қарамай дастарханға барлық ас мәзірін, тіпті түрлі салат пен жеміс-жидектерді, сусындарды, тортқа дейін жасап, жайнатып қоюды әдетке айналдыруда. Бұл және бәсекеге айналып жатыр. Басқа шетелдің бай-патшалары үлкен той жасағанда да мұндай дастархан жасамайтын шығар. Бұған бір тосқауыл бола ма?
Тіпті ас атасы – нан екенін де ұмыта бастағандаймыз. Атабабаларымыз асты, әсіресе нанды қастерлеуді, құрмет жасауды, ысырап етпеуді өз ұрпақтарына үйретіп отырған. Әке-шешеміз нанның қиқымын жесе сауап болады, нанның күйігін жесең бай боласың деп санамызға сіңіріп, үйретті. Ол бір жағынан жетіспеушілік те болуы мүмкін, екінші жағынан нанды ысырап етпеу, құрметтеу. Жалпы нан жеткілікті, тоқшылық болғанның өзінде ата-ананың осы қағидасы отбасында үнемі сақталып қалды.
Ислам дінінде ең қасиетті Құран екені баршаға аян. Жоғарыда тұрған нанға қол жетпейтін болса, құранға шығып алуға болады, бірақ нанға шығып құранды алуға болмайды дейді. Қайтыс болған үйге бір үйден екінші үйге апаратын арзан қол матаны пакетке салып, салақтатып, тізіліп бара жатқан әйелдерді ерсі көресің. Әсіресе бұл жағдай ауылдық жерлерде кеңінен етек алған.
Бір жағынан қайтыс болған кісіні аза тұтып жатқанда, екінші жақта үйілген пакеттер, біреулер «менің пакетімнің ішін ауыстырмапты» десе, екіншілері «менің пакетім қайда» деп айқайлап, іздеп, қызмет жасап жатқандардың дегбірін алып жатады. Көңіл айтып келгендерді орналастыруға орын таппай жатқанда пакет ауыстыруға арнайы бөлме бөлініп, осы отбасына ең жанашыр 3-4 әйел пакет ауыстырумен айналысады. Ал, олар үйдің нағыз қызмет жасайтын адамдары. Бұл ісімізге басқа облыстан келгендер таң-тамаша қалып, қатты реніш білдіреді. Оның есесіне көңіл айтып барғандар өз мүмкіндігіне қарай 500 немесе 1000 теңге, болмаса одан да жоғары қаржыны құран оқыт деп ұсынса дұрыс болмас па еді?!
Жаназада жыртыс, тәбәрік деп шалорамалға ақша түйіп тарату орын алуда. Босқа шашылу, пайдаға аспайтын тіршілік. Аржағынан күн көрінетін дәке сияқты крахмалдап қойған, тер сүртуге де жарамайтын орамалдарға жүздеген мың теңге қаржы жұмсап, орамал шығарып жатқан өзбектердің саудасын жүргізіп, қалталарына ақшамызды салып байытып жатқандаймыз.
Жалпы жаназадан кейін қайтқан кісінің жетілігі мен қырқын беріп, құран бағышталатын. Соңғы кезде бейсенбілік жасау бәсекесі өрістеп, науқанға айналуда. Оған ең жақын туыстары мен құда-жекжаттары немесе жаназаға келе алмай қалған кісілер келіп қайғысына ортақтасып көңілқос айтып, дұға бағыштайтын еді. Қазір оған жүздеген адам қайта-қайта келіп, әңгіме айтып, сұхбат құратын ерекше шараға айналдыруда. Кейбір кісілер бірнеше адам болып топ құрып, айтта айттағандай болып, барлық қайтыс болған үйлерді жағалап шығуды әдетке енгізуде. Уақыттың шегі жоқ, таңертеңнен түс қайтқанға дейін созылады. Қайтыс болған жас па, кәрі ме, тұрмыс жағдайы қалай, қарап жатқан жоқ. Бір алпысқа жақындаған азаматтың шешесі қайтқанда танымайтын бірнеше жігіттің барлық бейсенбілікке келгенін айтып, таң қалғанын естідім. Сондай-ақ қайтыс болған кісінің жүз күндігін кеңінен атап өту дәстүрге ене бастады. Бұл бағытта Жаңажол ауылында өнегелі іс бар.
Аманбай Байниязов ақсақал бастамашыл болып, ауылдың абзал азаматы Қылышбек Әбішев басшылық жасап, ел халыққа етене түсіндіріп /ұғындырып/ қайтыс болған кісілердің жүзін жасатуды тоқтатқан. Бұрын қайтыс болған кісілердің жүз күндігін береміз деп бүкіл ауылға, басқа жақтағы ағайынтуыс, құда-жекжаттарға, дос-жарандарға, жора-жолдастарға хабар беріп, бірнеше күн дайындалып, шашылып, төгіліп, ұйқыдан, еңбек етуден қалып құран бағыштаса, енді отбасы, ұл-қыздары болып қана құран оқытып еске алуда. Жалпы күнітүні үзбей оқыған құраннан бере ме, тілеген тілектен бере ме, ол бір Алланың құзырында. Рақымы күшті Алла тағала оқылған құранның санына қарап емес, нақты тілеген тілектері мен жасаған әрекеттеріне, еткен еңбегіне қарап ниетін қабыл етсе керек.
Жаңажолдықтарды табысы, жеке отбасылардың өмір сүру деңгейі аудандағы барлық ауылдан артық десем қателеспеймін. Ауылда барлық игі іске ұйытқы болып, басқарып жүрген ардақты ардагерлер мен абзал азаматтардың ісін Алла қолдап, ата-баба рухтары ризашылық етіп, ауылдың ажарын да, базарын да ашып, елінің көркейіп, сәулеттенгенін, халқының дәулетті болғанын көңілмен тоқып, көзімізбен көрудеміз.
Міне сондықтан да бүкіл аудан тұрғындары ел халықтың ризығын арттыратын осы игі істен өнеге алып, қайтыс болған кісілердің жүздігін беруді тоқтатқан орынды болар деп есептеймін.
Қазір біреулерден тіленіп, ақшаны қарызға бірнеше айдың ішінде үлкен пайызбен қайтаруға, тіпті несие алып бүкіл елді шақырып құран бағыштағандарды көріп, естіп те жүрміз. Бақилық болған ата-ана, туған-туыс рухтары өз ұрпақтарына, бауырларына қарызданып, қауғаланып, біреулерге тәуелді болып, балаларының аузын несібесінен жырып, дұға-тілек бағыштауды дәметпесе керек. Қайта қолындағы барын өз игіліктеріне жұмсап, еңбек етіп, ешкімге тәуелді болмай өсіпөркендеп, өткендерді еске алып, өздерінше отбасында құран бағыштап отырса, ата-баба рухы риза болса керек-ті. Тағы бір ескеретін жайт, «құран оқыттым, әке-шешемнің, бауырымның күнәлары кешіріліп, жұмақтық болды» деген таяз түсініктен аулақ болған жөн. Себебі, бағышталған құранның қабыл болуболмауы бір жаратқанның құзырында.
Жас азамат қайтыс болса «Ол өмірден не көріп кетті» ал, қарт кісілер болса «Асарын асады, жасарын жасады, бұл той ғой, аяйтын ештеңем жоқ, пәленбай мал соямын, қажеттің бәрін жеткіземін» деп жатады. Қайтыс болған адамды аза тұту, қайғыру, жанашырлық таныту отбасының анасы, қыздары мен келіндері отырған көңіл айту бөлмесінен аспай жатқан жайлар да кездеседі. Сол бөлменің табалдырығынан аттап сыртқа шықсаңыз немесе ішкі бөлмелерге кірсеңіз ас толы дастархан басында тамақ жеп, ұзақ уақыт шай ішіп, қатарластарын, көптен кездеспеген жақын-жуықтарын кездестіріп түрлі күлкілі жайттарды, әзіл-қалжыңды айтып, мәз болып, емен-жарқын әңгіме соғып отырғандарды көріп, реніш туындайды. Сондай-ақ мектеп оқушыларының қаза болған кісінің балаларына көңіл айту үшін бүкіл сыныптасы қайтыс болған кезде және бейсенбілігіне барып, дастарханға жайғасып отырған жайттар да кездеседі.
Бұл жағдайлардың барлығы имамдар мен молдалардың көз алдында өтіп жатса да, немқұрайлылық танытуда. Бір пәтуаға келіп, шариғат жолымен тұжырымды әңгімесін халыққа жеткізіп, келеңсіз жайттарға шектеу жасап, бір жүйеге келтіру жағы кемшін түсіп жатыр.
Атадан келе жатқан дәстүрімізді де бұзбай, мемлекеттің ұстанған діни ілімін қолдай отырып, түрлі діни ағымдарға еріп бөлшектенбей, өз масхабымыз – Имам Ағзам жолын сақтауда принципшілік, табандылық танытпауда. Жаназа мен құдайыжолына шақырылған имам мен молдалар қоғамға қажетті Құран сөздерін бұқара халыққа қорқытпай-үркітпей немесе әлсіретпей түсінікті тілмен жеткізе және халықты соңынан ерте білуі керек. Сондықтан олар білімдар болуы, күнделікті өз біліктіліктерін жетілдіруі, халықпен етене тіл табыса білуі, тіпті шешендік өнерді ерінбей-жалықпай үйренуі қажет. Кейбір молдаларымыз халыққа айтатын бірауыз сөзі жоқ, Құран сүрелерінен бір-екі ауыз сөздерді жаттап алып, соны оқумен ғана шектеледі.
Жазылған жайттарды саралай келе ұсыныс жасаймын. Өмірден өткен аруақты байлығымызбен немесе аста-төк дастарханымызбен емес, шын пейілімізбен, көңілімізбен құрмет тұтсақ. Қайтыс болып және түрлі құдайыжолы бергенде қонақасы беруді шектесек. Жалпы дастарханға бауырсағымыз бен нанымызды, шайға қажетті заттарды ғана қойсақ. (Бұл үрдіс Төретам кентінде қолға алына бастаған). Қайтыс болған кісінің жүз күндігіне тек отбасы болып құран бағыштасақ. Жүгіртпе пакет тасуды қойып, аз да болса ақшалай берсек. Жаназада жыртыс жырту мен тәбәрік есебінде ешкімнің қажетіне жарамайтын шалорамал, сүлгі таратуды шектесек. Оның орнына садақа есебінде жинақтап, мешіт ұстауға және қорымдарды қоршау мен тазалауға жұмсасақ. Бейсенбілік беруді белгілі сағатпен ғана, барлығымыз шұбырып жүрмей жүйелі түрде өткізуді іске асырсақ. Оны жалпы көпшілікке түсіндіріп жеткізсек.
Кейбір кісілер «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген деп қарсы уәж айтуы мүмкін. Жоғарыда атап өтілгендей, барлық отбасының мүмкіндігі бірдей емес. Ал мүмкіндігі мол, байлығы жеткілікті азаматтар ата жолына арнап аз қамтамасыз етілген, жетім-жесір, көпбалалы, мүгедек, жалғызбасты қараусыз қалғандарға садақасын берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ауылдарда жәрдемді қажет ететін ондай отбасылар мен азаматтар жеткілікті.
Көтеріп отырған мәселені бір жақты, яғни діни мәселе деп қарамау керек. Бұл халықтың салт-дәстүрі, халықтық тәрбие, әрбір отбасының (отбасынан Отан құрылып отыр) экономикасы, материалдық, моральдық жағынан өсіп-өркендеуі. Тіпті мұны ұлт мүддесі, ұлт мұрасы тұрғысынан қараған да орынды.
Сондықтан да бұл іске әрбір округтің әкімдері бас болып, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, әсіресе діни, ардагерлер мен «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдары тұрғындардың жиынында, ұжымдардың жиналыстарында арнайы мәселе етіп қойып, жан-жақты талдап, түсінік, тәрбие жұмыстарын жүргізіп, түпкі нәтижеге қол жеткізгенше жұмыс жасауы керек деп есептеймін.
Құрметті ардагерлер, абзал ағаларымыз, асыл аналарымыз бен апаларымыз, белсенді інілеріміз бен қарындастарымыз бір кісідей жұмыла қолдап, бір шешімге келіп жатса, орынды болар еді.
Менің бұл ұсыныстарым бүкіл аудан бойынша қолдау тапса, ең болмағанда әрбір ауылда іске асып жатқанының өзі тиімді болса керек-ті. Атам қазақ «Бір күніңді ғана ойлама» деген емес пе?
Кезінде спирттік ішімдік ішу жаппай етек алған уақытта қармақшылықтардың қазақтың ұлттық асы – етпен бірге арақ-шарап ұсынылмауы үлкен бастама болып, басқа аудан, облыстарға тарап, игі іс болғаны баршаңызға аян. «Жығылып жатып, сүрінгенге күлме» деген дана халқымыз, ендеше шамашарқымызды біліп, көрпемізге қарай көсілгеніміз жөн болар. Осы ұсыныс-пікірлерді іске асыруда имамдар мен молдалардың, ауылдардағы белсенді азаматтардың, ақсақалдар қауымының және әр рудың қуанышы мен тойын, басқа да түрлі шараларын ұйымдастырып бас болып өткізіп жүрген саналы жастардың орны ерекше екенін атап айтқым келеді. Бұлар менің жеке пікірім. Ал, сіздердің пікірлеріңіз қалай, ағайын!
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
06 желтоқсан 2023 ж. 587 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 293

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 389

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930