Табағына қарай ма, қабағына қарай ма?
qarmaqshy-tany.kz ТІЛШІЛІК ТІРЛІКТЕ ЖҮРІП КӨП ДҮНИЕНІ БАЙҚАЙМЫЗ. ҚОЛҒА ҚАЛАМ АЛУ ҮШІН КЕЙДЕ БІРНЕШЕ СЕКУНДТЫҚ ЖАЙТТЫҢ ӨЗІ ЖЕТІП ЖАТЫР. ЖАҚЫНДА ЖҰМЫС БАБЫМЕН БІР КӨКЕМІЗДІҢ ҮЙІНЕ БАРМАҚ БОЛДЫҚ. ХАБАРЛАСЫП АЗДАН СОҢ ЖЕТЕТІНІМІЗДІ АЙТТЫҚ. УƏДЕЛІ УАҚЫТТА ҮЙГЕ АЯҢДАЙ БЕРГЕНІМІЗ СОЛ ЕДІ. «КІСІ КЕЛЕДІ» ДЕП ЕСІГІН АЙҚАРА АШЫП ҚОЙЫПТЫ. КҮН САЛҚЫН. ƏЙТСЕ ДЕ КҮННЕН БҰРЫН КӨҢІЛДІҢ АШЫҚТЫҒЫНА РИЗА БОЛЫП, ІШТЕЙ ҚУАНЫП ҚАЛДЫҚ.
«Қонақ өз ризығымен келеді» дейтін халқымыз қашанда қонақжай қалпынан танбаған. Соғым басы, ауызашар, омыртқа деп қонақ шақыратын қазақ соңғы уақытта туған күн мен атаулы күндерді басқосусыз өткізбейтін болған. Қуаныш пен қызықшылықта бір дастархан басында отырып, ас ішіп әңгімелесу, әрине, берекенің, жақындықтың белгісі. Дегенмен осы дәстүрдің артында тамақ пен уақыттың ысырапшылығы тұр ма деп қаласыз.
Бұрын қазанға етін салып, бауырсағын пісіріп, ары кетсе құрт-майы мен ірімшігін қойып қонақ шақырса, бүгінде үстелге кемінде тамақтың 10-20 түрін қоймаса, қонақтан «ұят болады» деп қымсынатын жағдайға жетті. Әрине, қазір заман жақсы, аш жүрген ешкім жоқ. Жағдайы жетіп тұрса жасасын. Ал жағдайы келмей тұрып «жасаймын» деп тыраштану бос әурешілік секілді. Ол дастархандағы ас-ауқат 2-3 күн әңгіме болып айтылар, ал көңіл, сыйластық мәңгі айта жүретін жағдай ғой. Бізде құдды біреу қонаққа шақырса дастарханда не бар екен деп, асқазанын алдау үшін баратындай көрінеді. Әсілі қонаққа ішіп-жеу үшін емес, сыйластық үшін барады емес пе?! Қонақ қанша жейді дейсіз? Алдында тұрған соң, ауыз тиеді, дәм татады. Сонымен қонақ иесінің бір апта шапқылап, уақытын ысырап етіп, қыруар ақша жұмсап алған тамағы сол күйі желінбей, «пакеттен-пакетке» кетіп қалады. Бір қонақ шақыру үшін сол дастарханды дайындайтын отанасы, қызы, келіні мұрнынан шаншылып, шала бүлініп жатады. Ал оған қойылған ыдыстың өзін қайта жуып-шайып тазалап, реттеуге бір күн уақыт кетеді. Міне, бір қонақ шақырудың арғы жағында осындай ысырапшылдық дүниесі. Оның үстіне, келген қонақ табағыңа емес, қабағыңа қарайтынын ескерсек, артық шашылудың түк те қажеті жоқ.
Қонақ күтуге құлқы болмай, қабағына қар жауып жүретіндер бар арамызда. Үйге кісі келсе қабағы түсіп, амалсыз қарсы алып, қатқыл шығарып салатындарды да жоқ дей алмаймыз. Ел ішінде әртүрлі адам бар, әртүрлі мінез бар. Мінез-құлықты қабылдауға болатын шығар, бірақ қонақ қашанда үй иесінің ыстық көңілін, жылы қабағын күтеді. Қонаққа деген сыйластығың ас та төк мол дастарханмен өлшенбейді, жайдары көңілмен қарсы алып, бабын тауып шығарып салсаңыз, міне ең үлкен сыйластық осы болмақ. Риза болған қонақ та үй иесіне шын ниетімен жақсылық пен береке тілейді. Сол себепті адам бір-біріне ғана емес, мына өмірге де қонақ екенін ескеріп, көңілге қаяу түсіріп, бет көріспейтіндей жағдайға апармағаны абзал. Қазақта «қонақ келсе, құт келеді» дейді. Шаңырағыңызға құтбереке кірсін десеңіз, қонағыңызға көңіл бөліңіз. Табағыңызбен емес, қа бағыңызбен де сыйлай біл геніңіз дұрыс.
А.АХМЕТ