» » » САҒИРАНЫҢ ЖЕЗ САМАУРЫНЫ

САҒИРАНЫҢ ЖЕЗ САМАУРЫНЫ

Шілденің соңғы күні. Ауа-райы 40 градусты көрсетіп тұр. Шілде аяқталса да күн қатты ыстық. Үлкендердің «40 күн шілде» дейтіні бекер емес-ау. Осындай күннің ыстығына қарамай Сағира апаның үйіне қарай бет алдық. Сырттан үйге кіре берсек бұрқырап самаурыны қайнап тұр. Ауық-ауық оған от салып, маңдайындағы терді бір сүртіп қояды. Апаның қал-жағдайын сұрап, одан қалды самаурынның қызығын айтып сәл бөгеліп қалсақ керек, «көкебастарым-ау, үйге кірсеңдерші, дәмнен ауыз тиіп кетіңдер» деп бізді үйге шақырды. Міне, қараңызшы қонақжай қазақы дәстүрдің иісі сол даладағы самаурыннан-ақ көрініп тұрған жоқ па?! Ызылдай шыққан үні де әуезді,  мұрынды қытықтаған түтінінің иісі де ерекше ғой!
Жалпы шайдан бас тартпайтын халықпыз. Аптап ыстыққа қарамай баппен, терлеп-тепшіп шай ішпесек бастың ауыратыны бар. Қазір қонақ шақырып, көпшілікті жинағанда болмаса, самаурын қайнатып, от жағып жүрген жанды сирек кездестіресіз. Бүгінгілер шайды газға қойып не электрлі самаурынның тетігін баса қояды. Көп ұзамай-ақ шай да дайын. Әйтсе де бұл заманауи самаурынның ша­йын шоқтағы самаурынмен салыстыруға тіпті келмес. Оны бүгінгі кейіпкермен кездесудегі шайдан байқадық. 
Үйге кірсек Сағира апа дастарқанын жайнатып жіберген. Құрт пен ірімшігін, бар тәттісін дастарқанға қойыпты. Түскі ас болған соң қуырдақ әзірлеп, бізге ұсынды. Бұл үйге келген қайсыбір адам болмасын астан дәм татпай кетпейді екен. Тіпті кәделі қонағына бір ғана тамақ емес, 2-3 түрлі ас дайындайды. Иә, өзгелер тек қонақ келгенде самаурын іздеп әбігерге түссе, апаның үйінде төрт бірдей самаурыны бар. Онымен күнделікті 3 мезгіл ша­й­ын ішіп отыр.
– Қысы-жазы шайды осы самау­рынмен ішеміз. Қыста сексеуілді салып жіберемін, тез қайнайды. Ал жазда күн ыстық болған соң құрғақ отынмен қайнатамын. Жолдасым самаурынның шайын ерекше жақсы көреді. Жұмыстан қай уақытта келсе де ерінбей самаурынмен баптап шай беремін, – дейді ол. 
Қырық жылға жуық балабақшада тәрбиеші болған ол бүгінде зейнеткер­лік­ке шыққан. Жолдасы Рахым екеуі 2 ұл мен 4 қыз өсіріп, немерелерінің қы­зығын көруде. Балаларының бірі – Ақ­төбеде, бірі – Атырауда, енді бірі – Алматыда.
– Апаның үйіне қашан келсек те асы мен шайы дайын тұрады. Өзі қо­нақжай. Қолы кең. Түрлі тәтті тағамды дайындайды. Құдалықтың көбін осы үйден жайғаймыз, – дейді Майра есімді келіні.
Сағира апа келін болып түскелі қазан-ошақты өзіне серік етіп келеді. Тіпті ұмыт болып бара жатқан қажанжаппайды пісіреді. Оны әзірлейтін арнайы қазаны бар.
– Мен үлкен отбасыға келін болып түс­тім. Жиырма жеті адамға үлкен қазанға тамақ істейтінмін. Еш ерінбеймін. Ас үйдің жұмысына ерте кезден сіңіп кеттім ғой. Қонақ келсе өзінің ырыс-несібесімен келеді. Қонақ күтуден шаршаған емеспін. Көршілер «Сағираштың самаурынымен шай ішейік» деп келіп тұрады. Расымен самаурынның шайы бөлек қой. Шайды баппен, терлеп-тепшіп отырып ішесің, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Рас, Сағира апа сынды  самаурынмен шай ішетіндер сирек. Жоқ деуден ау­лақпыз, әрине. Көп отбасы үйдегі үлкендердің көзі кеткен соң самаурынды темір-терсек қабылдайтын орынға өткізіп жіберген. Бірақ оның пайдасын білетіндер бүгінде сол жерден самаурын іздеп әлек. Әрбір үйде бір-бір самаурыннан болсайшы?! Отбасы мүшелері бір дастарқан басына жиылып әңгіме-дүкен құрып, самау­рынмен бұрқырата шай ішсе ғажап емес пе?!
ТҮЙІН
Бала күнімізде ауылға жиі барамыз. Жеңгеміз таң азанымен түтінін будақтатып самаурынға шай қоятын. Барлық ағайын-туыстың бала-шағасы дастарқан басына жиналатын. Қолдың сүтіне қаймақ қатып шай ішуші едік. Осылайша біз самаурынның түтінімен оянатынбыз. Тәтті естелік қой, иә?! Өсе келе самаурынға шай қайнаттық. Қазіргілер самаурынды қалай тұтатуды білмейді-ау… Самаурынның шайы сағыныш болады деп кім ойлаған?! 
 Ақнұр САҒЫНТАЙ
04 тамыз 2019 ж. 1 847 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031