Ер мұғалім болу ерсі ме?
qarmaqshy-tany.kz МҰҒАЛІМ ДЕГЕНДЕ КӨЗ АЛДЫҢЫЗҒА КІМ КЕЛЕДІ? ЕҢ БІРІНШІ АҚ ЖЕЙДЕ МЕН БЕЛДЕМШЕ КИІП, ШАШЫН ТӨБЕСІНЕ ТҮЙГЕН "МЕНІҢ АТЫМ - ҚОЖА" ФИЛЬМІНДЕГІ СӘБИРА МАЙҚАНОВА СЕКІЛДІ АПАЙ ЕЛЕСТЕЙТІНІ СӨЗСІЗ. ӨЙТКЕНІ БҮГІНГІ ҚОҒАМДА ҰСТАЗДЫҚ ЕТУ ТЕК ӘЙЕЛДЕРГЕ ТӘН МАМАНДЫҚТАЙ КӨРІНЕДІ КӨРІНЕДІ. БҰҒАН МЫНА БІР РЕСМИ ДЕРЕК ДӘЛЕЛ. ОРТА БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ 500 МЫҢДАЙ МҰҒАЛІМНІҢ 20 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ЕР-АЗАМАТТАР. НЕГЕ МЕКТЕПТЕРДЕ ЕР МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҚАТАРЫ СИРЕП КЕТТІ? ЕРЛЕРДІҢ АЗДЫҒЫ ШӘКІРТТЕРДІҢ ТӘРБИЕСІНЕ КЕРІ ӘСЕР ЕТПЕЙ МЕ? ЗЕРДЕЛЕП КӨРСЕК.
ҰРПАҚ ҰСАҚТАЛЫП БАРАДЫ
Ер мұғалімдердің аздығынан ұрпақ тәрбиесінде ұтыла тынымыз анық. Әсіресе, ұл балаларды тәрбиелеуде ер-азаматтың орны бөлек. Бұл ретте мектептегі әйел мұғалімдердің еңбегін, тәрбиесін жоққа шығарудан аулақпыз. Десек те, әйел қанша мықты болғанымен, ер адамның тәрбиесін алмастыра алмайтынын мойындау қажет. Себебі бала үшін әкенің орны қандай болса, ер мұғалімдердің де маңызы сондай. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілге сүйенген қазақ ұл баланың әкеге, қыз баланың анаға қарап бой түзегенін құп көреді. Үйде әкеге қарап өскен бала мектепте ер адамнан тәлім алса құба-құп емес пе?! Бірақ бұл тілек әзірге орындалмай тұр. Ал ер мұғалімдердің аздығынан бүгінгі қоғамда «қыз мінезді» жігіттер көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Өжеттік, батылдық, азаматтық сынды ер жігітке тән қасиетті көп жастың бойынан кездестіре бермейміз. Бүгінде ер-азаматтардың мінез-құлқы да, жүріс-тұрысы да өзгергені жайлы сын айтатындар көп. Оның үстіне көгілдір экран мен ұялы телефон арқылы құлағына сырға тағып, шашын түрлі түске бояп, ауы салбыраған шалбар киіп, қыздар секілді майысып жүрген жігіттерді күн сайын көзіміз көріп жүр. Тіпті, бұл күні сол жігіттердің айы оңынан туып тұрғаны да рас. Жасыратын несі бар, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген қызтекелерді де қазақ қоғамы жатырқамайтын болды. Әлеуметтік желіде жүрген не ер емес, не әйел емес жастарды ешкім тыя да алмай отыр. Ал мұның бәріне мектептегі ер мұғалімдер тәрбиесінің аз болуы әсер етпеді дей алмаспыз. «Еркектің орны – түзде» дейтін азаматтар көбіне-көп табыс тауып, отбасын асыраудың қамымен сыртта жүргенді құп көреді. Мұндай жағдайда бала тәрбиесі толығымен әйелдің мойнына жүктеледі. Бірақ сыртта жүріп нан тапқан қазақ әкелері бала тәрбиесінен мүлдем шет қалмады. Қазақ әйелдері қай кезде де дана болған емес пе?! Балаларының алдында үнемі түзде жүрген ерінің атын ардақтап, абыройын асқақтатып отырады. Бала күнімізде анамыздың «әкең келе жатыр» деген сөзіненақ бүкіл артық тентектігімізді тоқтата қоятын едік. Бір өкініштісі, бүгінгі күні мұндай тәрбие қазақ отбасыларында сиреп барады. Ал үйде анасынан, мектепте апайынан тәлім-тәрбие алған ұл бала болашақта қандай ер-азамат болып қалыптасады? Осыдан кейін әлгіндей «қыз мінезді» жігіттер көбейіп кетсе, кімді айыптаймыз? Мектептің білім беретін орын ғана емес, тәрбие ошағы екенін де естен шығармаған абзал.
ТАРИХҚА ҮҢІЛСЕК
Жалпы бала тәрбиесіне ер азаматтардың араласпауы дұрыс па? Өткенге көз жүгіртсек, қазақ қоғамында әйелдер үйде бала тәрбиесімен шұғылданған. Әрбір отбасында күйеуі бас, әйелі мойын деген қанатты сөз қаперге алынатын. Бұл жазылмаған дала заңы еді. Мұның мәнісі бүкіл отбасы мүшелері әкесінің қабағына қарайды, оның айтқанын мүлтіксіз орындайды. Әйелі де күйеуіне қарсы шықпай, оны құрметтеп сыйлап, балаларына әкенің айтқанын бұлжытпай орындауды міндеттеп отырады. Осылайша, отбасында әке дегеніміз бала үшін ең құрметті, қасиетті, ақылгөй, дана деген ұғым қалыптасады. Ұл бала әкесін, атасын мақтан тұтуға бейім болады. Қыз бала үшін де әке өнегесі, әке ақылы қажет. Қыз бала шешесімен сырлас. Солай болса да әкесінен именіп, әке айтқанын мүлтіксіз орындауға бейім тұрады. Әке де қызын еркелетіп мәпелеп өсіруге бейім болса, қыздар әкенің айтқанын сөзсіз орындауды парыз деп сезінеді.
Ал ұстаздыққа келсек, ол әйел адамға арналған мамандық дегенге келісу қиын. Себебі, Ыбырай Алтынсарин әліппені ашты. Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынұлы ағартушылықпен айналысты. Ол заманда ағартушы ұстаздардың барлығы дерлік ер адам болды. Ол кісілердің ең алғаш сауатын молдадан ашқан еді. Екінші Дүниежүзілік соғыс педагогика саласына үлкен зиянын тигізді. Ерлердің бәрі қолға қару алып, ел қорғауға соғысқа аттанды. Үйде әйелдер балаларымен қалды. Тәрбиеге де, білімге де әйелдер араласып кетті. Сол себепті бұл мамандықта әйелдер үлесі басым болды.
МҰҒАЛІМ БОЛУ ТЕК ӘЙЕЛДІҢ ІСІ МЕ?
Бүгінде педагогикалық оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлердің басым көпшілігі – қыздар. Ата-аналар көбінде ұстаздықты қыз балаға тән мамандық деп қабылдайды. Тіпті, бүкіл қоғамның түсінігі осылай болып бара жатқан секілді. Бірақ мұғалім болу – тек әйелдің ісі емес. Жоғарыда айтқанымыздай, ғұламалардың бәрі ер адамдардан, яғни ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашқан. Қазақ әдебиетінің жауһар туындыларынан да ер азаматтардың ұстаздық қызмет атқаратыны туралы жиі оқитынбыз. Ал қазіргі ахуал мүлдем бөлек. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Қазақстан мектептерінде 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 274 мыңы әйелдер, 66 мыңы – ер адамдар. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру нысандарында 36 315 оқытушы қызмет етеді. Оның 24 мыңы әйелдер болса, 11 860-ы ерлер. Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтер саны – 97 188. Оның арасында 94 648 әйел, 2 540 ер адам бар. Бұл сандардан ұстаздық деген жүгі мол мамандықты арқалап жүрген азаматтардың саны әйелдерден бірнеше есе аз екенін байқаймыз. Ер-азаматтар мұғалім болудан неге қашады? Әлде, қоғам ағайлардың көп болғанын құп көрмей ме? Біріншіден, азаматтарды ұстаздардың жалақысы қанағаттандырмайды. Әрине, «жыл сайын мұғалімдерге бар жағдай жасалып, жалақылары көбейіп жатыр ғой» дерсіз. Алайда көбейген жалақы ұстаздардың жыртығына жамау болып отырғаны шамалы. «Жалақы көбейеді» деген жаңалық қылт етсе болды, базардағы баға шарықтап шыға келеді. Осылайша, көбейген айлығы тағы тұрмыстың тауқыметі мен көрнекілік құралдарына ғана жетіп жүрген ұстазды көресіз. Ал мардымсыз жалақы алуға ерлер тіпті де құлықты болмайтыны ақиқат. Өйткені олар – отбасының асыраушысы. Сондықтан жігіттер жағы аз жалақыны місе тұтпайды. Жалақы – мектептегі ер мұғалімдердің аздығының бір себебі ғана. Тағы қандай себебі бар десеңіз, мұғалімдердің қағазбастылығын атар едік. Неге дейсіз бе? Қай ер-азамат күні-түні қағаз толтырып, жоспар құрып отырғанды қалайды? Тепсе темір үзуге шамасы жететін жігіттер қағазға шұқшиып отырғаннан түзде ауыр жұмыс істегенді құп көреді. Бұл үшін азаматтарды айыптауға да қақымыз жоқ. Одан бөлек мұғалімдерге жүктелген қоғамдық жұмыстар да жетіп-артылады. Мәселен, мерекелік концерт те, сайлау да, ресми шаралар да мұғалімдердің қатысуынсыз өтпейді. Мұндай кезде кешегі Қабанбай мен Бөгенбайдың ұрпақтары – қазақ азаматтарының жұмсағанға жүгіріп жүре бермейтіні тағы да ақиқат. Айта кететін тағы бір мәселе бар. Бұл күні ата-аналар да тек әйелдердің мұғалім болғанына әбден көзі үйренген. Тіпті, кейбірі ер мұғалімдерге аса бір сеніммен қарамайды. Ал ата-ана күдікпен қарап тұрғанда мектеп басшылығы да ер-азаматтарды жұмысқа тартуға соншалықты ниет білдіре қоймайтыны бесенеден белгілі. Мәселенің бір төркіні ата-аналарға кеп тірелгендіктен, мектепке ер мұғалімдерді тарту үшін қоғам тарапынан да қажеттілік туындауы маңызды. Онсыз жағдайды реттеуде кедергі таусылмайды Қалай десек те, ер мұғалімдердің мектепте темірдей тәртіп орната алатынын ұмытпауымыз қажет. Мұнымен әйел мұғалімдердің еңбегін жоққа шығаруды ойлап отырғанымыз жоқ. Осы уақытқа дейін нәзік жанды ұстаздар саналы тәрбие, сапалы білім беріп келеді. Тек ердің аты қашанда ер екенін еске салғымыз келеді. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы». Бастысы, ұрпағымыз ұсақталып кетпесе екен деген ниет біздікі. ЕР
ТӘРБИЕСІ ҰЛТ ТӘРБИЕСІНЕ СЕП
Мектептерде ер мұғалімдердің ұшыраспауы қыз бала тәр биесіне де теріс әсер етеді. Қыз бала да кәмелетке толғанша тек әйелдерден ғана тәрбие, білім алса, тек әйел затын ғана құрметтеуге бейімделіп, ұл балаларды ғана емес, ер азаматтарды да өзінен, әйелдерден төмен санайтын болады. Үйде әкесінің ақылын тыңдамай, анасының ғана айтқанын орындауға дағдыланады. Сөйтіп, қыз бойжетіп, тұрмыс құрғанда, күйеуіне үстемдік етуге тырысады. Қазір қазақ қызкеліншектердің ер азаматтарды өзінен төмен санап, менсінбей, оларға ұрсып-зекіп немесе сынап-мінейтініміз жиі ұшырасуының бір себебі де – осыдан.
Жалпы кейбір балалар шектен тыс тентек болып бағынбай қойғанда ер мұғалімдер қолын батырып нұқып жіберген жөн дер едік. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деген тәмсіл де бар емес пе? Біз мектепте оқыған кезде таяқ жемесек те, «укаска» мен бордың дәмін татқан қатарластарымыз болды. Одан жаман болғанымыз жоқ. Ал қазіргі педагогикада «балаға қол тигізуге болмайды» деген қатаң қағида бар. Әрине, баланы ұрып, соғуға, сабауға болмайтыны түсінікті. Алайда ұл балаларды ер адам нұқып жіберуге болатынын орыстың ұлы педагогі А.Макаренко да қуаттаған ғой. Ол балалар үйіне алғаш тәрбиеші болып келгенде бұзақы балаларды осындай тәсілмен сабасына түсіргенін де жазған. Мұны айтқанда баланы соғуға болады дегендік емес. Жасөспірім қашанда ер адамның рухынан, айбынынан ығады. Ондай ер мұғалімдерді тіпті өнеге тұтып еліктеп өседі. Ал әсіресе ержетіп қалған 8-11 сыныптағы ұл балалар мұғалималардан жасқана қоймайтыны рас. Олар балаға анасы іспеттес болып ұғылады. Ана деген мейірбан, кешірімшіл емес пе. Сондықтан да мұғалималардың ұл балаға күш көрсетуі, қол жұмсауы кері әсер етеді. Баланың мұндайда мұғалімдерге деген жеккөрінішті сезімі қалыптасады. Ал ер азаматтар еркетотай болып өскен тентек ұл балаға тек ақылымен ғана емес, сондай-ақ өзінің қарымымен де әсер ететінін түсіну қиын емес. Жалпы жасөспірім ұлдар әскери қызметтегі сияқты күші мығым, айбынды ер азаматтарды үлгі-өнеге тұтып, соларға еліктеп, солардың айтқанын сөзсіз орындауға тырысады.
Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады? Ер мұғалімдердің үлесі әйелдерге қарағанда басым немесе тең болғаны оқу-тәрбиеге жағымды ықпал етпек. Мектептерде ер мұғалімдердің директор, директордың орынбасары болуына барынша мән берген жөн. Денешынықтыру, әскери білім, шеберхана оқытушылары ер мұғалімдерден болса, бұның өзі әсіресе ұл балаларға оң ықпал ететіні жөнінде пікірлер де аз айтылып жүрген жоқ.
Жалпы оқу-тәрбиеде де, отбасында да ер азаматтардың өзіндік орны ерекше екенін мықтап ескеру қажет. Халқымыз «үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деп бекер айтпаса керек. Мұның мәнісі әйел – тактик, еркек – стратег дегенге саяды. Әйелдер бір сәттік, науқандық істерде қағілез болса, еркектер әр істің соңын, нәтижесін ойлауға бейім. Сондықтан еркектер әйелдерге қарағанда байсалды, баланың болашағына баса мән береді. Олардың кеңпейілділігі, әсіресе ұл балаларға ықпалы зор болмақ.
ҚАНДАЙ АМАЛ БАР?
Осындай жайтты ескерсек, «мектептерде ер мұғалімдер санын қалай көбейтуге болады?» дегендей сауал туындайды. Бұл мәселе тек біздің елімізде ғана емес, Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде шешімі қиын болып келеді. Англия мен Швейцарияда ер мұғалім – 42 пайызды құраса, Жапонияда – 80 пайыз. Жалпы даму жағынан әлем елдерінен көш ілгері жүретін жапондықтардың бұл ретте де бәсі жоғары болып тұр. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 20 пайыз. Бұл мәселемен 1960 жылдары Түркия бетпе-бет келсе, қазір Тәжікстан күресіп жатыр екен.
Кейбір педагогтар Қазақстан мектептерінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдап, ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орны болуы жөнінде де ұсыныстар айтып жүр. 1950 жылдары Қазақстанда әйел мұғалімдер мүлде жетіспеген. Соған орай осы кезеңде Алматыда қазақ қыз-келіншектеріне арналған педагогикалық институт – Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылыпты. Сондай-ақ педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгітнасихат күшейіп, қыз-келіншектердің педагогикалық білім алуына қажетті қамқорлықтың бәрі жасалған. Мұның нәтижесі қандай болғаны баршаға мәлім. Демек, ер мұғалімдердің мектептерде санын арттыру үшін арнайы педагогикалық оқу орындарын ашу қажеттігі айтпасақ та түсінікті.
Жалпы білім беру реформасын жасағанда біз бұрын Ресейді үлгі етсек, енді Батыстан, АҚШ-тан өнеге алатын болдық. Бұлардағы олқылықты көргіміз келмейді. Мектеп оқушылары арасында не түрлі сұмдық, бұзақылық, қылмыс осы елдерде өршіп барады. Демек, реформа жасағанда ұлттық тәрбиеге баса мән беру қажет. Демек, ер мұғалімдер даярлау жөнінде де батыл реформа қажет екені даусыз.
Айналып келгенде тағы сол жалақы мәселесіне, педагог статусына келіп тіреледі. Жалақы мәселесі қазір оң шешіліп келе жатыр. Педагог мәртебесі туралы да заң қабылданды. Енді мұғалімдердің мәртебесі қоғамда іс жүзінде артып жатса, бұл салаға қызығушылық танытатын ер азаматтар да көбейер деген үміт бар.
ҚОҒАМ ҚАНДАЙ ПІКІРДЕ?
Осы ретте атамның айтқан әңгімелері ойға оралады. Ол бізге «ұстаздың» ұлық адам екенін санамызға сіңіретін. «Біздің тұстастарымыз мектепте еңбек етіп жүрген кезде ұстаз есімі өте ардақты болатын. Ол кезде қоғамның өзі мұғалімдерді айрықша қадірледі. Біздің алдымызда да ол кісілерге дәл осындай, тіпті одан да жоғары құрмет көрсетілетін. Әлі есімде, елдегі қариялар әлдебір қылықтарын ұнатқан немесе қолдарына су құйған жас жеткіншектерге «мұғалім бол» деп бата беретін, ізгі тілек айтатын. Ел мұғалімді жас жеткіншектердің көкірегіндегі сәулесін ашатын, толыққанды азамат болып қалыптасуына септігін тигізетін, болашақтың жетекшісі, жастың жанашыры, қамқоры деп ұқты. Әрі мұғалімдер де өз мамандығына жан-тәнімен берілген жандар еді. Тіпті олардың киім киісі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, кез келген елді мекенде өзге мамандық иелері, жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жас толқын еліктейтін, үлгі көретін, құрмет тұтатын деңгейде болатын. Олардың бойынан мәдениеттіліктің, кісіліктің, әлдебір дегдарлықтың лебі есіп тұратын. Кешеде ұстазымыз келе жатса, айналып келесі көшемен жүретін едік. Бұл қорыққаннан емес, сыйлағаннан еді. Менің әңгімем сендерге ертегі секілді ғой» деп өткеннен сыр шертетін.
Қазір де ұстаздың ұлағаты, тәлімі мен тәрбиесі, білімі мен білігі азайған жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, мұғалімдерге деген қоғамдағы көзқарас өзгерген секілді. Қазір ел арасында мұғалімдіктен гөрі табыстылау өзге мамандыққа ұмтылу жағы басым. Қазіргінің ақсақалдары атам айтқандай «мұғалім бол» деп бата бермейді, қазір «прокурор бол, генерал бол» деп бата беруі мүмкін. Прокурор, генералың былай тұрсын, нарық заманының табиғатына сәйкес «бизнесмен бол» деген де тілек айтылып жатады. Біз бұл кәсіптердің қай-қайсысын болсын жамандаудан аулақпыз. Бәрі ел игілігіне қызмет ететін, көптің кәдесіне жарайтын шаруа. Әйтсе де, бізге мұғалімнің мұңы, мұғалімнің жан дүниесі өзгеден гөрі жақынырақ.
– Мектептердегі ер мұғалімдердің азаюы – алаңдатарлық жағдай. Егер ұлттың келешегін ойласақ, мектептегі ер мұғалімдердің санын арттыру аса маңызды міндет екенін ескерген жөн. Балаларға білім және тәрбие беруде азаматтардың көмегі ауадай қажет. Өйткені оқушыларға ілім-білім беруде нәзік жандылардың жай сөзі әсер ете бермейді. Әсіресе, ұл балалар әйел мұғалімдерден қаймықпайтыны рас. Ал ер мұғалімнің «тәйт!» деген сөзінің өзі талай балаға тоқтау бола алады. Жалпы, психология да әйелдердің науқандық істерде қағілездік танытатыны, ал ер-азаматтардың әр істің нәтижесін ойлауға бейім екені дәлелденген. Сондықтан да еркектер әйелдерге қарағанда байсалды болып келеді. Ал бұл қасиет бала тәрбиесі мен білім беру саласында аса қажет. Бұл ретте ер-азаматтардың бала тәрбиесіне араласпауы қателік болады деуге әбден негіз бар, – дейді психолог Арай Каналбекова.
Психологтар ер адамның бала тәрбиесіне араласпауы қателік десе, мұғалім азаматтар жалпы бұл мамандыққа талап білдірушілердің де аздығын алға тартады.
– Білім беру ұйымында ер ұстаздардың көптеп болуы саладағы көп мәселенің шешіміне айналары анық. Соның бастысы – тәртіп. Ер адамның сөзі салмақты, ойы өтімдірек болуы балаға тәрбиетағылымды тез игеруіне жәрдемдеседі. Байқасаңыз, ер мұғалім тапсырған жұмысты мектеп оқушылары жылдам орындап, уақытылы бітіруге талпынады. Бұл – қорқу сезімі емес, табиғаттың адам бойына берген қасиетінің ұшқыны. Себебі әйел болмысы мейірбан қасиетке толы болса, ер адам темір тәртіптің символына айналған.
Осы орайда қоғамда мектептердегі ер мұғалімнің жетіспеуі әке рөлінің төмендеуіне әсер етіп жатыр деген ұстанымды тудыруда. Әйел образы алдыңғы орынға шығып, оқушылардың гендерлік қабылдау сүзгісі сан-саққа кетуде. Сондықтан мектептердегі ер мұғалімдердің санын көбейту – кезек күттірмейтін қадам, – дейді №269 орта мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Жұматайұлы.
Ал аудандық білім бөлімінің мамандары «Педагогикалық оқу орындарына барып жатқан жастарымыз да көп емес қой. Әрине бала тәрбиесі үшін ер мұғалімдердің рөлі жоғары екенін түсінеміз. Бірақ өкінішке қарай, жоғары оқу орнын бітірген азаматтардың көбі мектепке жұмыс істеуге бара бермейді» деген пікірде.
Бұл ретте ата-аналардан да пікір алуды жөн көрдік. Сонда байқағанымыз әкелер жағы ер мұғалімнің көп болғаны жөн десе, аналар қауымы екіұшты пікірде екенін жасырмады. Бірі «Ер адам болғаны жақсы. Тәртіп мықты болады» деген ойды қуаттаса, екінші бір тарап «Қазір теледидардан неше түрлі сұмдықты естіп жүрміз ғой. Сондықтан жоғары сыныптағы қыздарыма ер мұғалімнің сынып жетекшілік еткенін қаламаймын» дегендер де кездесті.
Түйін Жалпы, білім беру саласы – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Демек, бұл салада тек кәсіби мамандар қызмет етуі қажет. Ал, білікті педагогтардың қатарында ер мұғалімдердің де үлесінің көп болуы білім алушылардың тек білімдік тұрғыдан сауатты болуына емес, әлеуметтік, психологиялық, тұлғалық дамуына да оң ықпалын тигізері анық. Сараптай келгенде, бір арнада тоғысатын көзқарас – бала тәрбиесіне ер адамдардың барынша қажеттілігі. Солай болғанда ғана қоғамымызда әйел пішіндес, әйел қылықты ерлер азаймақ. Ерлер ерлерге лайық іс-әрекеттерімен көрінер еді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ