Есірткіге қарсы күрес толастамайды
qarmaqshy-tany.kz Аудан прокуратурасының бастамасымен «Есірткісіз аймақ» жобасының іс- шарасын орындау бағытында уәкілетті орган өкілдерінен құралған жұмысшы топпен аудан аумағындағы жерлерді арнайы құралдарды пайдалану арқылы аралау жұмыстары нәтижесінде, құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсірудің бес фактісі анықталып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 300-бабымен қылмыстық істер тіркелген.
Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін ҚР ҚК-нің 300-бабында үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Осы баппен тіркелген істердің 5-еуі айып тау актісімен сотқа жолданып (1 іс бойынша тергеу органымен мерзімі үзілген), соттың айыптау үкімі шығарылған.
Атап айтқанда, Қармақшы ауданының тұрғыны «А» есімді азамат Жосалы кентінде орналасқан өзінің үй ауласына 1 түп құрамында есірткі заты бар өсіруге тыйым салынған сора өсімдігін егіп өсірген.
Тергеп-тексеру нәтижесімен аталған қылмыстық іс сотқа жолданып, сот отырысында айыпталушы «А» есімді азамат өзінің іс-әрекетін толық мойындап, шын ниеттен өкінетінін көрсеткен.
Айыпталушы «А» есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс Байқоңыр қалалық сотына жолданып, Байқоңыр қалалық сотының үкімімен айыпталушы Қылмыстық Кодекстің 300-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Жоғарыда атап өткендей есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар үшін қатаң жаза көзделген.
Құқық қорғау органдарымен бұл бағыттағы белсенді жұмыстар ұдайы жалғасатын болады.
Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді келешек ұрпақтарымыздың өмірі мен болашағына бей-жай қарамай, қоғамды улайтын ауыр қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырамыз.
Ол үшін есірткі қылмыстары туралы кез келген ақпаратты «Есірткісіз аймақ» жобасы аясында қоғамдық орындарда ілінген QR код арқылы прокуратураның «Telegram» каналына жолдауды немесе құқық қорғау органдарына хабарласуды сұраймыз.
Н.ШАЙМАХАН,
аудандық прокуратураның прокуроры