» » Көгілдір отын көңілді де жылытады

Көгілдір отын көңілді де жылытады

qarmaqshy-tany.kz ЖАРЫҚ. ГАЗ. СУ. ОСЫ ҮШЕУІНЕ ЖҰМСАЛҒАН КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ АДАЛ ДЕП ЖАТАМЫЗ. ӘСІРЕСЕ КҮЗ-ҚЫС АЙЛАРЫНДА АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ҚАЙ-ҚАЙСЫСЫ ДА СӨНБЕУІ КЕРЕК. ӘСІРЕСЕ ЖЫЛУ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ ТАЛАП КҮШЕЙТІЛДІ. БЫЛТЫР ҚАТТЫ АЯЗДА ҚҰБЫРЛАРДАҒЫ ГАЗ ҚАТЫП, ТҰРҒЫН ҮЙ ИЕЛЕРІНЕН ШАҒЫМ ТҮСКЕН ЕДІ. ЖЕДЕЛ ЖҰМЫС ТОБЫ ҚҰРЫЛЫП, ГАЗ ҚАТУ ҚАУПІ БАР УЧАСКЕЛЕРГЕ ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ. БҮГІНДЕ ЖАЛПЫ АУДАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ.

Үш жылдан бері тұрғындар үшін көгілдір отын маздап тұр. Тұрмыс тауқыметі жеңілдеп, өркениетке қарай қадам басып келеміз. Ауданда 3496 үй көгілдір отынның игілігін көруде. Аудандағы газ жүйесіне жауапты мекеме «Қызылорда газ тарату» жүйесіне қарайды. Оған білікті маман, талапты жас Ержан Мұсаев басшылық етеді. Мекемеде 18 қызметкер еңбек етсе, ІІ ауысыммен қызмет ететін мамандар тұрғындардың есептегішіне дейін газ жеткізіп берумен айналысады.
– Қазір жылу беру маусымы басталды. Жалпы кенттің 75 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Биылдан бастап әрбір жаңадан газ жүйесіне қосылған абонент келісім-шартқа отырады. Тұрғындар жылына бір рет техникалық қызмет көрсетуге жеке лицензиялы мекемемен келісім-шартқа отыру қажет. Ол мекеме күзгі. қысқы маусымға газ құрылғыларының апаттық жағдайын тексеріп, жай күйін анықтап, газ жағуға «жарамды», «жарамсыз» екенін айтады. Бұл жылу маусымындағы қандай да бір олқылықтың болмауының алдын алады. Жалпы жыл бойы тұрғындарға көгілдір отынды қолдану жөнінде нұсқаулықтар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Тұрақты түрде рейд те ұйымдастырылып тұрады, – дейді аудандағы газ шаруашылығы мекемесінің директоры Ержан Темірбекұлы.

Табиғи газ келгелі біршама жұмысымыз жеңілдегені рас. Алайда көгілдір отынды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Өйткені газды пайдалану ережелерін дұрыс сақтамау адам өміріне өте қауіпті. Еліміздің әр аймағында да тұтынушылардың газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі оқыс оқиғалар болып жатқандығын, атап айтсақ, улану, газды ауа қоспасының атылуынан өртену және оның соңы кісі өлімімен аяқталып жатқандығын күнделікті баспасөз құралдары мен телеарналардан көріп, хабардар болып жүрміз. Сондықтан үйіміздегі газ қондырғыларын дұрыс пайдалану – өз қауіпсіздігіміздің басты кепілі.
– Газ қолданушы тұрғындар мынадай қарапайым ережелерді қаперінде ұстаса екен деймін. Ең бірінші газ қондырғыларын, құбырларын өз бетінше ауыстыруға, жөндеу және тағы басқа жұмыстарды жүргізуге болмайды. Егер де газдың иісі байқалған жағдайда шұғыл түрде газ ысырма крандарын жауып, үйдің ішін желдетіп, ашық отты пайдаланбай, 109 байланыс нөміріне шұғыл хабарласуы қажет. Қауіпсіздік және реттеуші автоматикасының болмауы және жарақсыздығы, түтіндікте тартымның болмағанда газды қолдануға болмайды. Сондай-ақ булықтарды жабуға, түтіндіктерді тазартуға арналған қалталар мен люктерді бітеуге, газ қондырғысы орнатылған бөлмелерде ұйықтап демалуға, газды пайдаланып болғаннан кейін газ қондырғыларындағы және оған дейінгі крандарды ашық қалдыруға болмайды. Мектепке дейінгі жастағы балаларға, сонымен қатар өз әрекетін бақылай алмайтын, құралдарды пайдалану ережесін білмейтін тұлғаларға газ құралдарын пайдалануға қатаң тыйым салу қажет. Оларды бақылаусыз қалдыруға болмайды. Қыс мезгілінде түтіндік қақпақшалары бітеліп, не мұз қатып қалмауын әлсін-әлсін тексеріп тұруы қажет. Газ пешінің дұрыс тартып жұмыс істеуі, әрі өмір қауіпсіздігі – әр тұрғынның өз қолында. Сондықтан бұл салада салғырттық танытуға болмайды, – дейді мекеме басшысы.

Расында да бізге пайдалы болып, қызметімізге жарап отырған көгілдір отынды қолданғанда селқос болмайық. Тағы бір айта кетерлігі, үйімізге еніп тұрған газ трубаларын үш жылда бір рет сырлап тұру қажет. Оған мамандар тот басуға қарсы ПФ-115 атты бояу түрін таңдаған дұрыс дейді.
– Бұрын от жағып, күл шығармайтын қала тұрғындарына қызығып, сол жаққа көшкіміз келетін еді. Қазір ол күнге өзіміз де жеттік. Көптен күткен көгілдір отынның пайдасына кенелудеміз. Енді біз де отын жарып, пешке от жағып, күл шығармайтын болдық. Әсіресе әйелім мен келіндерімнің қуанышында шек жоқ. Олар қолдарын ыстық суға малып, жылы үйде уайымсыз тіршіліктерін қамдайтындығына дән риза. Күн суыса көмір, отын сатып алу керек деп бас қатырмаймыз. Тұрмыс тауқыметі азайып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды деген осы емес пе? Газды қолданғанда олқылықты байқасам, дереу сала мамандарына хабарласамын. Олар келіп, көріп, қажет болса жөндеп, нұсқау береді. Қайсыбір істі де өз шебері атқарғаны жөн ғой. Аудандағы қызметкерлерге дән ризамын. Қазір алыстағы ауылдардың өзі өркениетке қарай оң қадамдар жасап жатыр. Жақында Ақайдағы ағайыным да «газ қостық» деп қуанышымен бөлісті. Мұндай игілікті істердің қатары арта берсін, – дейді кент тұрғыны Д.Ибрашев.

Көгілдір отын барда көңілдің отының да маздап тұратыны шындық. Ендеше осы игіліктің олқы болмауы жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтарға жұрт алғысы қашанда мол деп батыл айта аламыз. Олардың табысы қаулап, әр үйде газ лаулап тұрсын деп тілейік.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
24 қараша 2023 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930