Бақытты балалыққа басты қадам
qarmaqshy-tany.kz БАЛАЛАРҒА ҚАТЫГЕЗДІК ПЕН НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚОҒАМДЫҚ НАЗАР АУДАРУ, ҚОҒАМДА БАЛАЛАРДЫ ҚАТЫГЕЗДІККЕ ТӨЗБЕУШІЛІК КӨЗҚАРАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ, БАЛАЛАРДЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ КЕЗ КЕЛГЕН ТҮРІНЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ МАҚСАТЫНДА ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕГІ No105 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНДЕ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰЛДЫЗХАН ЕРҚОСАЕВ ПЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ.
«Отбасы және бала тәрбиесі» тақырыбындағы жиынның күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Бірінші мәселе «Отбасы құндылығы – басты нысана» тақырыбы бойынша ауданның құрметті азаматы, ардагер ұстаз Дәмелі Жалғасбаева хабарлама жасаса, екінші мәселемен «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» мақсатында жүргізілген жұмыстары туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақытбек Жарқынбаев баяндады.
«Денсаулық және бала тәрбиесі» тақырыбында аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Парида Сарыбаева, мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстары туралы No105 мектеп-лицейдің директоры Гүлзира Еркебаева айтып өтті.
– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасалып отырса, жасөспірімдер арасында болатын құқықбұзушылық пен қылмыстың болмауына көп септігін тигізер бірден-бір себеп болатын еді. Нақты айтсақ, құқықтық білім беру арқылы жасөспірім құқықтың не екенін ұғынады және оның санасы қалыптасып, дамиды. Құқықты ұғынумен қоса, тұлғаны заңды құрметтеуге, қорғауға, орындауға дағдыландыру мен заңның әділдігіне сендіру – құқықтық сананың негізгі белгілері болып табылады. Келешек ғұмырымызды жалғастырар ұрпағымыздың тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жасөспірімдеріміздің болашағына дұрыс бағдар беріп рухани жан-дүниесін байытып, «елім, жұртым» деп тұратын азамат етіп өсірейік, – деп түйіндеді өз сөзін аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Байназарұлы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі