» » Аңшының әңгімесі

Аңшының әңгімесі

qarmaqshy-tany.kz КАМАЛБЕК БЕКТІБАЕВ Т.КӨМЕКБАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТУМАСЫ. ЕҢБЕК ЖОЛЫН ЖҮРГІЗУШІ БОЛЫП БАСТАҒАН. КЕЙІН ФЕРМАДА ЖЫЛҚЫШЫ БОЛЫП ЕҢБЕК ЕТКЕН. АТА-БАБАМЫЗДЫҢ ЕРТЕДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАҚПАНШЫЛЫҚ, АТСЕЙІСТІК КӘСІПТЕРІМЕН АЙНАЛЫСАДЫ. ҚЫЗЫҚТЫ ДА ҚАУІПТІ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСҚАН УАҚЫТЫНДА 22 ҚАСҚЫР ҰСТАП, ОНЫҢ 9-ЫН АУЫЛҒА ТІРІЛЕЙ ӘКЕЛГЕН. АҢШЫ 100-ДЕН АСА ТҮЛКІ, 60-ҚА ЖУЫҚ ШАҒАЛ ҰСТАҒАН. ОЛ БҰЛ АТАКӘСІПТІ ӘКЕСІ БЕКТІБАЙДАН ҮЙРЕНСЕ, ИСАҚАБЫЛ ҚАҚПАНШЫДАН ДА ТӘЛІМ АЛҒАН.

Бірде «Қарақ» жолының баурайына бір жылқының өлексесіне төрт бағытта төрт қақпан тастағанмын. Ертеңіне барсам екі қақпаным жоқ. Дереу ізге түстім. Қақпанның екі соққысы бірге сүйретіліп отырған. Осыдан біраз жерде Қуаңдария арнасы бар болатын. Сол арнаға жақындай бере ізбен келе жатып, өліп жатқан үлкен қаншық қасқырдың үстінен шықтым. Туарманға келіпті. Екі аяғында екі қақпан. Аттан түсіп қақпандарды ажыратып алып, ішін жарып жіберсем, ішінен 8 ұрғашы, 2 еркек, барлығы 10 бөлтірік шықты. Қасқыр өмірінде бір-ақ рет туады және жұп емес, тақ туады деген сөз бар. Мұның мәнісі қасқыр әр күшігін туған сайын оның жатыры сыртқа қарай шыға береді екен. Соңғы күшік қалғанда жатыр ішпен байланысты болғандықтан сыртқа шығуын тоқтатады. Осы кезде қасқыр өз жатырын өзі соңғы күшігімен қоса жеп қояды. Қасқыр содан қайтып тумайды және оның күшігінің тақ болатын себебі содан болса керек-ті.
Тағы бірде дариялық бойына тастаған қақпанымды әлде бір аң сүйретіп алып кетіпті. Соққының ізіне түстім. Із тура тартып отырып Шаханай қорымына келді. Қорымды аралай жүріп есігі бар бір үлкен төртқұлақты бейітке кірді. Бейіт үстінен қарасам ішінде тура есікке қарап үлкен арлан қасқыр жатыр екен. Есігінен кірейін десем, ашулы жыртқыш өзіме бас салуы анық. Үстінен түсу қауіпті және де көне қабір опырылып кетуі мүмкін. Әр нәрсемен, сексеуіл томарымен шөкелеймін. Лақтырған нәрсемді бір тістейді де мыңқ етпей жата береді. Биыл шығар түрі жоқ. Лажым таусылды. Зығырданым қайнағанда бір оқ жалынсын дейтін, әншейінде күнде алып жүретін мылтығымды да бүгін тастап кете қойғанмын. Ойланып тұрдым да бір сексеуілдің томарын әкеліп бейіт есігінің алдына қойып, отырған адамға ұқсатып үстіне сырт киімімді жаптым. Адам иісі сіңген киімге жақындамасы анық. Мен қайтып келгенше жата тұр, әуселеңді сосын көрермін деп «Керней» жалында мал бағып отырған Пернетай деген шопан үйінен мылтық әкелуге кеттім. Біраздан кейін мылтығымен шопан баласын ертіп қайтып келсем, томарымды шапанымен қосып аударып тастаған, қасқыр жоқ. Екеулеп ізге түстік. Із қорым жанындағы Қуаңдария өзенінен әрі көктей өтіп кетіпті. Біз де өттік. Өзек жағасындағы қалыңнан кешке дейін іздеп әрең тауып, ақыры атып алдық. Қасқырдың жансыз киімді адамнан ажырата білгеніне қайран қаласың.
Құрған қақпаныма қасқыр түсіп, соққысы бір бұтаға ілініп сол жерде үзіліп қалыпты. Соққысы жоқ қақпанды бұйым құрлы көрмеген қасқыр көпке дейін табылмады. Із де дұрыс түспейді. Көп уақыт өткеннен кейін мал қарап келе жатып бір машинаның троспен отынға сексеуіл тартып алған жеріне кезіктім. Сол жерден апыр-топыр қираған сексеуіл арасымен әрілі-берілі шұбырып тастаған қасқырдың көп ізін байқап қалдым. Бұл іздер қайда барды екен деп ізге түстім. Көп ұзамай іздер трос аударып кеткен үлкен түп жыңғылға алып келді. Қасқырлар осы жыңғылдың астына кіріп-шығыпты. Жыңғыл асты қуыс екен, үңіліп қарасам астында бір үлкен қасқыр жатыр. Аяғында қақпан шынжыры жыңғылға ілініп қалыпты. Сол жерде қасқырды атып шығарып алдым. Міне қызық, қақпан менікі. Әлгі шұбырған қасқырлар әрі-бері қатынағанда тамақ әкеліп тұрыпты. Бір үйірдегі қасқырлардың бір-біріне осындай қамқорлығы бар. Ал өліп қалса немесе өлетіндей болса, табан астында сүйегіне дейін қалдырмай жеп қояды.
Өлексеге қақпан құратын әдетім. Әдеттегідей жаңадан өлген жылқы өлексесінің төрт жағына төрт қақпан тастадым. Қасқырдың келетіні белгілі. Оның ертесіне барсам, бір қақпаным жоқ, қалған үш қақпан құрылған орнында сол күйі жатыр. Ал өлексені түгелдей жеп кетіпті. Соққының ізіне түстім. Көп ұзамай тауып алдым. Қақпанға түлкі түсіпті. Қасқырлар түлкіні қақпанымен сүйретіп 100 метрдей жердегі бір ойға апарып тастапты. Түлкіні өлтіріп, бірақ тимеген. Содан кейін түлкі түскен қақпан орнынан кіріп өлексені жеген. Қасқырлар түлкінің қақпанға түсіп жатқанын көргеннен кейін айнала барлығы қауіпті екенін сезіп, басқа жағын баспаған.
Көкжалдардың тағы бір қасиеті – сақтығы. Жылқы айдап келе жатқанмын. Әрине жылқы малы айдағанда жай жүрмейтіні белгілі. Бір кезде алдан бұрқылдап жатқан шаңды топырақты байқап қалдым. Жақындай бере қарасам, бір қасқыр әрі қарай шығып қашып барады іннен. Әлгі бұрқылдап жатқан жерге жақындасам қасқыр ін қазып жатыр екен. Қасқыр іні жартылай бітіп қалыпты. Қасына бармай оралып өтіп кеттім. Кейін бақыласам, сол қасқыр ол жерге содан қайтып оралмапты. Менің ін қазып жатқанын көргенімді білгеннен кейін қайтып оралады деп ойлаған сақтығы болатын. Негізінде інді қасқырдың арланы қазады. Қаншық қасқыр қашан туғанша жүре береді. Қасқырлар жұптасып өмір сүреді. Ал арланы жоқ болса, кез келген көне інге туа салады.
Жазып алған Сақтапберген ҚОСБАЕВ,
Т.Көмекбаев ауылы
16 қараша 2023 ж. 458 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 298

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 396

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930