» » » Қасқыр соққан Қалдыбек

Қасқыр соққан Қалдыбек

Бұл кісінің шеберлігін естігенде танитын жандардан мекен-жайын алып, үйіне баруға асықтық. «Сіз іздеген қақпаншы мына іргелес ауылда тұрады, есімі – Қалдыбек, оған былай барасыз» деп Ақтөбе ауылының тұрғыны Алмат Башенов ағаштың жіңішке бұтағын сындырып жерге көшесін сызып көрсетіп жол сілтеді. «Абайламасаңыз үйінде иті көп» деп оны да ескертті. Әлгі айтқан мекен-жай көп ұлт шоғырланған ІІІ Интернационал ауылы. Көлігімізді жылдамдатып ауылға жетіп, санамызда қалған сызба бойынша әдріске келдік. Әлгі кісі рас айтыпты. Қорасына кіре берісте үш ит көлеңке тасалап жатыр. Иттерге қарап қақпаншының үйі екенін бірден білдік. Себебі аңшы адам анау-мынау төбет асырамайды, нағыз қасқыр аулайтын тазы иттер. Шарбаққа «абайлаңыз қабаған ит» деп жазып қойған. Түскі уақыттың кезі болғасын ауласы түгіл ауыл тып-тыныш, жыбырлаған жан жоқ. Қырық бес шақырымнан келіп тұрып кіру қиынға соқты. Көлігіміздің дауысын сезді ме төрдегі қорадан қалпағын басып киген көкеміз «кім әй бұл?, кел, кіре ғой» деп қолына орындығын алып иттерінің қасына отыра кетті. Амандасып, келген жөнімізді айтқанда Қалдыбек ағам тыңдап отырып «Е балам түсіндім», – деп әңгімесін әріден бастады.
– Тоқсаныншы жылдары ауыл­дың жаппай малына қасқыр шапты. Әке-шешем мал ұстайтын. Бір күні шешем қорадағы түліктің азайып бара жатқанын айтты. Азанда өріске айдап жіберген сиыр кешкілік келмепті. Шағал жеп кетті ме деген күдікпен іздеп шықтым. Не керек, сиырымның өлімтігін таптым, жеп кетіпті. Айналасында іздер жатыр. Содан әкеме келіп «бұрын қақпан құратын едіңіз, үйде қақпан бар ма?» дедім. Ашаршылық жылдары әкемнің қоян, қырғауыл, қасқыр ұстап күнелткендерін еститінмін. Үйдегі қақпанды қалай құратынын көріп алдым да қасқырдың жүрген ізіне жасырын орналастырдым. Бір күн бардым жоқ, екінші күні барғанымда қақпан жоқ, сүйреп кетіпті. Жүрген ізіне ере отырып ұстап алдым, қасқыр түсіпті. Міне қызығушылығым осыдан басталды, – деді қақпаншы.
Осыдан кейін Қалдекеңді жұрт тани бастапты. Талай ауылдың малына шапқан қасқырлардың ізіне түсіп ауыздықтаған. Көрші ауылдан тіпті алыс аймақтан малшылар келіп көкемізді алып кетеді екен. Түз тағысы оңай олжаланатын аң емес. Оны алу үшін қанша күн ізіне түсуің керек дейді. Себебі қасқыр бір жүріп өткен ізімен екінші қайтып жүрмейді. Оның әрбір жүріп өткен ізін, тырнамасын, сарып еткен жеріне, тастаған тезегіне қарап қақпанды құрады.
– Түз тағысы өте сезімтал жыртқыш. Ол бір орында тұр­майды, сені қашықтан бақылап отырады. Қарумен жүргеніңді сезсе жақындамайды. Оны қалай біледі дейсіз ғой? Адам қарумен жүрген кезде мылтықтың ұңғы­сына жел соғып гуілдеген дыбыс шығады және шошайып басы көрінеді. Ол саған естілмейді, ал қасқыр соның бәрін сезіп отырады, ұстатпайтыны сол. Бірнеше күн аңдуың керек. Ол төзімді қажет етеді, – дейді кейіпкеріміз.
Қ.Нұрмахановтың отыздан аса қақпаны бар. Сарайынан қолдан құрастырған тұзағын шығарып оның сырымен таныстырды. Жерге құрастырып таяқпен түртіп қаптырып көрді. Расымен оған түскен жыртқыш қашып құтыла алмайтыны көрініп тұр. Қақпанға түскен түз тағысын қарусыз ұрып алған кездері де болыпты. «Олардың ең осал жері тұмсықтан ұрсаң есінен танып қалады» дейді кейіпкер. Жоғарыда айтып өткендей Қалдыбек ағамыздың қасқыр аулайтын алты иті бар. Оның төртеуі құмай тазы болса, екеуі Қырғызстаннан әкелінген аю тектес. Бұлардың ақылдылығы соншалық кез келген адамға жүгіріп қаппайды. Қақпаншының ай­туынша бұлар адам тани біледі. Оларды талай қасқырдың соңына салып қуған кездері жиі кездесіпті.
Қақпаншы бір жолы қасқырды ауылға тірілей ұстап әкеліпті. Оған ауыл жұрты куә болған. Солардың бірі – Мусабай ақсақал. Ол да кезінде малынан айырылып, түз тағысынан аузы күйгенге ұқсайды.
– Бір күні қасқыр менің жылқымды ауылға дейін қуып келіп құлатты. Одан бөлек сиырымды да жеп кеткен еді. Жалғыз менің емес, талай адамның малын қоймады. Содан Қалдыбек оның ізіне түсіп қолға түсірді. Төрт аяғын байлап тірілей ауылға әкеліп барлығымызға көрсетті. Қазір осы кісінің арқасында малымыз қасқырдан аман, – дейді ауыл тұрғыны.
Қалдыбек аға зейнет жасына шықса да әлі қуатты, шаршадым демейді. Бұл – ата кәсіп болғаннан кейін балама үйретуім керек дейді ол. Сөз арасында қалталы азаматтардан демеушілікті қажет ететінін жеткізді. «Алыс аймақтан шақырту келіп түседі. Ол жаққа бару үшін апталап жатуың керек, сол үшін көліктің ыңғайы болса мен кез келген жерге барар едім» дейді ағамыз.
Бүгінде халық арасында аң­шылық туралы әңгіме таусылмайды. Бұл ежелден келе жатқан ата кәсіп. Қазіргінің аңшысы қымбат жол талғамайтын көлік­пен шығып, неше түрлі алыстан ататын қару-жарақпен аң ұстаса, бүгінгі сөз еткен кейіпкеріміз қарт қақпаншының жолы тіпті бөлек. Осындай ата кәсіпті жаңғыртушы қарияларымыз саусақпен са­нар­лық.
Ерсін Сәдуұлы
28 тамыз 2019 ж. 1 620 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 018

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031