» » Бағзыдан жеткен жәдігер

Бағзыдан жеткен жәдігер

qarmaqshy-tany.kz Сонау жер бетінде тіршілік атаулы қалыптасқаннан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аралықта қаншама уақыттың өткенін, кез келген саналы адамның ойлау елегіне салып, саралап қараса ойын жинақтап, бір тұжырымға келу мүмкін емес екені айқын. Осынша өткен мыңдаған көп жылдар қазіргі біздің уақытымызда құпия сырлары көп тұңғиық теңіз түбіндегі дүниелердей болып көрінеді.
Қазіргі уақытта жермен жексен болып жай ғана төбе-төбе болып жатқан, елден жырақ дүз далада кезінде қалың елдің жұрты болған талай-талай тарихи орындар жатыр. Алайда сол бір өткен қаншама уақыттарды ерінбей електен өткізгендей саралап, жүйелі түрде зерттеп келе жатқан көптеген ғылыми орталық пен ғалымдар бар. Осы ғалымдардың қажырлы еңбектерінің арқасында тарих ғылымы қалыптасып, өткен уақыттардың кезең-кезең хронологиялық шеңберлері айқындалуда. Оның ішінде тарихы тереңге тартқан Қармақшы өңіріндегі ескерткіштерге алғашқы зерттеулер Кеңес үкіметі кезеңінде 1946-1991 жылдар аралығында Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы арқылы жүргізілді. Археологиялық қазба барысында табылған керамикалық материалдарды зерттеумен Л.Левина айналысты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихымызды айқындау барысында 1998 жылдан бастап Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Ж.Құрманқұлов барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, аудан аумағындағы көптеген ескерткіштердің орындары анықталып, GPS координаттары алынып, топографиялық картасы жасалды. Осы материалдар негізінде аталған өңірде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында археологиялық қазба-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды. Жыл сайын Ә.Марғұлан атындағы археология институтының археологтары аудан аумағында орналасқан хронологиялық шеңбері б.з.д. 4-2 ғасырларға жататын Бәбіш-Мола қалашығында қазба жұмыстарын жүргізуде. Оған аудандық тарихиөлкетану музейінің қызметкерлері де қатысып, табылған көне жәдігерлерді тарихи-мәдени мұра есебінде сақтап және көпшілікке насихаттауда.
2017 жылғы маусымдық қазба жұмыстары барысында ШРАЭ жасақ басшысы, Ә.Марғұлан атындағы археология институты, ерте темір дәуірі бөлімінің жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Утубаев республикалық маңызы бар Бәбіш-Мола қалашығы жанындағы Бәбіш-Мола 7 көзешілер елді мекеніне қазба жұмысын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде бірнеше үлкен көлемдегі құмдар мен қыш ыдыстарды күйдіруге арналған пештер табылды.
Құнды жәдігер саналатын құмдар бүгінгі күні аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылып, экспозициялық көрмеге қойылған. Бұл ыдыстарға Ресейдің «Шығыс халықтарының мемлекеттік музей өнері» музейінің аға ғылыми қызметкері С.Болелов және Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты М.Сүйіндікова ғылыми сипаттама жасады. Бұл топтағы ыдыстар сазға гипс және шамот араластырылу арқылы шарық көмегімен жасалған. Олар сапалы күйдірілген, түсі қызғылт, ашық қоңыр болып келеді. Құмдарды пішіндеріне қарай екі түрге бөлуге болады. Бірі, бүйірі сопақша, ернеуі сыртқа қайрылған. Қимасында дөңгелек келген. Екіншісі, қысқа мойынды. Иықтары түсіңкі. Ернеу жиегі білеуленіп сыртқа қайырылған. Қимасында «т» тәрізді. Бүйірі шар секілді дөңгелек. Биіктігі – 57-91 см, ернеу диаметрлері 22-47 см. Ыдыстардың сыртқы беті қанық қоңыр және қызғылт ангобпен сырланған. Құмдардың қабырғаларының қалыңдықтарына қарап, шаруашылық мақсатта пайдаланылғанын көреміз. Яғни, астық дәнді-дақылдарды сақтау, сұйық заттарды тасымалдау үшін қолданылған. Қазіргі уақытта бұл жәдігерлер музей экспозициясында, музейге келуші көрермендердің назарына ұсынылып, тарихи құнды жәдігер ретінде насихатталуда.
Бұл көне жәдігерлердің жасалу технологиясына, материалына қарап біздің заманымызға дейінгі уақыттарда өмір сүрген өркениеттен қалған ескерткіштердің тарихи куәсі деуге толықтай негіз бар.
Ерсін ТОҚТАРОВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
15 қараша 2023 ж. 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 266

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 365

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930