Құпиясы мол Бәбіш мола
Сонау жер бетінде тіршілік атаулы қалыптасқаннан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аралықта қаншама уақыттың өткенін, кез келген саналы адамның ойлау елегіне салып, саралап қараса, ойларын жинақтап, бір тұжырымға келу мүмкін емес екені айқын. Осынша мыңдаған жылдардың құпия сырлары тұңғиық теңіз түбіндегі дүниелердей болып санамызда жаңғыруда.
Уақытында өзіндік өркениеті қалыптасқан қазіргі уақытта жермен жексен, жай ғана төбе-төбе болып жатқан елден жырақ дүз далада кезінде қалың елдің жұрты болған талай-талай тарихи орындар бар. Көне тарихи ескерткіштер өткен күндердің сырын бүккен қазынаға толы тарих екені айқын.
Алайда сол бір өткен уақыттарды ерінбей електен өткізгендей саралап, жүйелі түрде зерттеп келе жатқан көптеген ғылыми орталық пен ғалымдар бар. Осы ғалымдардың қажырлы еңбектерінің арқасында тарих ғылымы қалыптасып, кезең-кезең хронологиялық шеңберлері айқындалуда.
Міне сол тарихи-мәдени құндылықтары маңызды тарихи орындар қатарына келер болсақ, аудан бойынша тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізіміне енген 84 ескерткіш бар. Оларды категориялық ерекшеліктеріне қарай бөліп қарасақ 6 республикалық, 42 жергілікті, 36 алдын ала есепке алынған мемлекет қорғауындағы ескерткіштер болып табылады.
Бұл ескерткіштерге ең алғаш орыс ғалымдары 1946-1991 жылдар аралығында Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының басшысы С.Толстов және Л.Левиналар кешенді қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Кейіннен Тәуелсіздік алған соң отандық тарихи-ғылыми орталықтар ұлттық тарихымызды айқындау барысында қарқынды жұмыстар жүргізді. 1998 жылдардан бастап Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Ж.Құрманқұлов аудан аумағындағы көптеген ескерткіштің кординаттарын анықтап, топографиялық картасын сызып барлау зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы материалдарды алға тартып, бұл жерлерде бірнеше мәдени қабаттардың жер астында жатқандығын тиісті орындарды хабардар етіп, қазба жұмыстарын жүргізу керек екенін айтқан екен. Алайда 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ж.Құрманқұловтың ұсыныстары қолдау тауып, аудан аумағындағы тарихи ескерткіштерге толыққанды қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туған.
Міне сол жылдан бастап тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының жанынан «Шірік-Рабат археологиялық-этнографиялық экспедициясы» (ШРАЭ) құрылып, жыл сайын Шірік-Рабат, Бәбіш мола, тағы басқа да көптеген тарихи ескерткішке жүйелі түрде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Тарихымызға әріден қарап, заттай деректерге сүйене отырып зерттейтін ғылым – археология саласы. Осы саланың мамандары, яғни археологтар жер астында сырын бүгіп, көміліп жатқан тарихи маңызды дүниелердің сырын ашып, зерттеп-зерделеп жүретін маман иелері.
Биылғы жылдың мамыр-маусым айларында айтулы экспедиция б.з.д ІҮ-ІІ ғасырлармен мерзімделетін, мемлекет қорғауындағы республикалық маңызы бар көне Бәбіш мола қалашығында кезекті маусымдық қазба жұмыстарын жүргізіп, біраз жайттың құпия сырын ашқан болатын.
Экспедицияның отряд басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Утебаевтың басшылығымен, экспедиция құрамы Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты С.Болелов, Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері, докторанттары, студенттері, облыстық ескерткіштерді қорғау мекемесінің қызметкерлері, жергілікті жерден аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері және Т.Көмекбаев ауылының тұрғындарынан жасақталып, қазба жұмысы жүргізілді. Қазба жұмыстары кезінде қалашықтың құрылыс орындары және заттай деректер табылды. Қазба жұмысы барысының негізгі мақсаты – қалашықтың өмір сүрген уақытындағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін және сол уақыттағы өркениетті анықтау. Нақтырақ айтар болсақ, қазба барысында Бәбіш мола қалашығының цитадель бөлігінде орналасқан «Үлкен үй» деп аталатын көне құрылыс орнын, шахристан бөлігінде орналасқан тұрғын үй орнын, қаланың қамал қорғандарына қазба жұмыстарын жүргізіп, құрылыс орындарын ашты. Аудандық тарихи-өлкетану музейі атынан музей аудиториясының сұранысына сәйкес жергілікті жерде жүріп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына осы жылғы маусымда да «Шірік-Рабат археологиялық-этнографиялық экспедициясы «ШРАЭ – 2022» құрамына қосылып, мен де қатысқан болатынмын.
Экспедиция барысында сонау өткен замандардағы адамзат тіршілігін уақыт өлшеміне салып қарасам, кезең-кезеңімен қалыптасып, тіршілік атаулы жаңаша даму жолында болғандығын түсіндім. Сол тіршілік атаулының жүйелі дамуына адамзаттың тікелей ықпалы әсер етіп отырғаны да тарих сахнасынан белгілі.
Ежелден бері адамдар өз заманының мүмкіндігіне қарай барынша жаңа технологияны игеруге талпына отырып, әлеуметтік жағдайларын жасай білген. Уақыт өте келе сапалы дүниелердің жасалуына мүмкіндіктері артып, құрылысқа, шаруашылыққа бейімділіктері бола түскен.
Мысалға қазба жұмысы жүрген Бәбіш-мола қалашығындағы құрылыс орындарын басқа да тарихи деректермен салыстырып қарасақ, адамдардың бұл қалада қалай өмір сүргенін шамалауға болады.
Кейбір ежелгі қала құрылыстары негізінен үш бөліктен тұратын болып келген. Олар цитадель – әкімшілік бөлігі, шахристан – әлеуметтік жағдайлары орта деңгейдегі адамдар өмір сүретін бөлігі және үшінші бөлігі рабат – қарапайым халық өмір сүретін жері. Қалашықтың ортасында әкімшілік орталығы, яғни цитадель бөлігінде көлемі 44х44 метр «Үлкен үй» деп аталатын сыртында төртбұрышты қарауыл мұнаралары, биіктігі 3,5 метр, жалпы аумағы 30х30 метр тарихи терминдер бойынша «Донжуан» деп аталатын қақпасы және жалпы көлемі 100х100 метр, қалыңдығы 5,3 метр болатын қамалы бар үлкен құрылыс орны орналасқан. Цитадель бөлігінің сыртында шахристан бөлігі орналасып, шахристан бөлігін айналдыра сыртқы жаулардан қорғану мақсатында қалашықтың сыртын қалың, мықты бекініс қамалмен қоршап, қалаға кіріп шығатын қақпалар жасаған. Ал қалашықтың үшінші бөлігі қарапайым халық тұратын рабат – жалпы қалашықтың қамал қорғаныс жүйелерінің сыртында орналасқан. Төтенше жаугершілік уақыттарында қарапайым халық қалашықтың қорғаныс қамалының ішіне кіретін болған. Қалашықтың батыс жағында қорғаныс қамалдарының сыртында биіктігі 7 метр, жалпы аумағы 21х21 метр болатын төртбұрышты жерлеу ғимараты орналасқан. Ғимарат 4 бөліктен тұрады. Өзара қиылысқан екі дәлізбен бөлінген. Жалпы қала құрылысының материалдары күйдірілмеген үлкен көлемді, ені мен ұзындығы 40х40 сантиметр, ал биіктігі 10 сантиметр болатын күйдірілмеген кірпіштермен қаланған.
Өзімнің де археологтармен етене әңгімелесу барысында ойға түйгенім мен көзіммен көрген дүниелерім, бұл тарихи орындарда әліде талай ашылмаған құпия сырлардың көп екендігі...
Әзірбек БАҚТЫБАЕВ,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану
музейі филиалының ғылыми қызметкері