Әкесін күткен бала
qarmaqshy-tany.kz КҮЗДІҢ ҚАРА СУЫҒЫ ТҮСЕ ҚОЙМАҒАН КЕЗ. ТЕРЕЗЕДЕН ТҮСКЕН КҮН СӘУЛЕСІ МЕНІМЕН ОЙНА ДЕГЕНДЕЙ, БӨЛМЕ ІШІНДЕ ЖАРҚ-ЖҰРҚ ЕТІП ОЙНАҚ САЛАДЫ. ТЕРЕЗЕНІҢ ТОРЫНАН ІШКЕ ЕНЕ АЛМАҒАН АНА БІР ҚАРА ШЫБЫН БІРЕСЕ ТӨМЕН, БІРЕСЕ ЖОҒАРЫ ҰШЫП, ЖАН ТАБАР ЕМЕС. ҮЙДІҢ ІШІНДЕ БІР ҚИМАС ЗАТЫ ҚАЛЫП ҚОЙҒАНДАЙ ЕНТЕЛЕЙДІ. ШУАҚТЫ КҮННІҢ НҰРЫНА ШОМЫЛЫП, ЖАПЫРАҚТАРЫ ЕНДІ САРҒЫШ ТАРТА БАСТАҒАН ТАЛ-ТЕРЕКТЕР ӘЛСІЗ ҒАНА ТЕРБЕЛЕДІ. АЗ ҒАНА УАҚЫТТЫҢ ІШІНДЕ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕГІНЕН АЙЫРЫЛЫП, ТҰЛДЫР ҚАЛАТЫНЫН СЕЗГЕНДЕЙ МЕ?!
Марат биыл алтыда. Жақында ғана мектеп табалдырығын аттады. Анасы мектепке не керектің бәрін алып беріп, алғашқы қоңырау соғылатын күні қолынан жетектеп мектепке апарды. Мараттың қуанышында шек болмады. «Қашан партаға отырамын?» деп алып-ұшып жүрген бала көңілі алғашқы ұстазы мен сыныптастарын көрген сәтте одан сайын атқақтап, өзін қоярға жер таппады. Мұны кекілінен сипай қарсы алған, мейірбан үнді, шашын артына қарай түйіп жинастырған, ерніне болар-болмас қызыл далап жаққан, сүпсүйкімді апайымен, болашақ сыныптастарымен, қолынан ұстап ана жерге бір, мына жерге бір апарып, суретке түсіріп жүрген анасымен фотоға армансыз түсті-ау.
Бірақ бала көңілі алаңдаулы еді. Осынау қуанышты сәтте ол қасынан тағы бір жанды іздеді. Ол әкесі болатын. Әкесін көрмегеніне бірнеше күн болды. Тіпті, соңғы бір жыл бойы әкесін үйде жөнді көрмеді десе де болғандай. Мараттың әкесі – дәрігер. Былтырдан бері теледидардан күн құрғатпай айтып жатқан, ұялы телефоны құрғырды аша қалсаң, алдыңнан бірінші боп шығатын коронавирус деген аурудың кесірінен әкесі күні-түні жұмыста. Бұрын сенбі-жексенбі күндері әкесі, анасы, кішкентай қарындасымен бірге жиі қыдыратын, түрлі саябақтарға баратын. Таудың баурайында серуендеп, гүл де теріп қайтушы еді. Үш жасар қарындасы екеуі балмұздақ жеп, тәтті шырынның түр-түрін қалағандарынша ішіп, саябақтағы түрлі ойын алаңдарында асыр салатын. Міне, ондай жерге бармағандарына жылдан асты. Карантин деп даурығып, балабақша, мектеп жабылып, басқа балалардың ата-аналары үйден жұмыс жасауға көшкенде де мұның әкесі бір тыным тапқан емес. Керісінше, үйге сирек келетін болды. Көбінесе ауруханада түнейді. Басында анасынан әкесін жиі сұрайтын. Ондайда анасы «Әкең науқас жандарды емдеп жүр. Қолы тимейді. Жұмыстан қатты шаршайды әрі қатты ауырған адамдардың ортасында жүргендіктен, бізге ауру жұқтырмас үшін үйге де келе бермейді», – деп түсіндірді.
«Әкем бұрын да ауруханада жұмыс істеді ғой, ол кезде бір күн жұмыста болса, бір күн үйде демалатын. Бұл жолы неге үйге мүлдем келмейтін болды?» деп бала көңілі түсіне алмай дал.
Бүгін сенбі. Кеше таңертең жұмысқа кетіп бара жатқан әкесіне қиыла қарап:
– Әке, ертең демалыста ойын-сауық орталығына апаршы, бармағанымызға көп болды ғой, – деген.
– Иә, балам, сендерді қыдыртпағалы да көп болды. Жарайды, барамыз. Ертең түсте келіп, сендерді ойнатуға апарамын. Ауырған адам қатары да күн санап азайып келеді. Аз уақыттан кейін бұрынғы қалпымызға оралып, сендердің жандарыңнан жиі табылатын боламын. Ал, әзірге мен басқа адамдар үшін жауаптымын.
Содан бері Марат тырс еткен дыбысқа алаңдап, әкесін күтуде. Көрші үйде тұратын Арман өткен аптада ойынсауық орталығына барғандығын, ондағы қызықтарды айтып, мұны елеңдетіп қойды. «Жаман ауру өршіп тұр, үйде отырыңдар. Қолдарыңды жиі жуып, бетперде киіп жүріңдер. Беталды сыртқа шықпаңдар», – деп әкесі дабыл қағып, бұлар үйде отырған карантин кезінде де Армандар арлыберлі қыдырып жүрді. Марат Арманға қатты қызығатын. Біресе атасымен тойға, біресе анасымен дүкенге, енді бірде әкесімен қыдыруға бара жатады. Тек көктемде бір тойға барған Арманның атасы қатты ауырып қалды. Жедел жәрдем көлігімен кеткеннен қайта оралған жоқ. Арман: «Атам аспанға ұшып кетті», – деп жүрді. Ал, бұл әкесі мен анасының олай аспанға ұшып кеткенін қаламайды.
Сыртқы есік ашылғандай болды. Төсегінде ертегі кітаптың беттерін ақтарып, суреттерін қарап отырған Марат елең ете қалды. Әкесі болса екен. Бөлмеден атып шықпай, күте тұруды жөн көрді. Анасынан бір зат сұрай келген көрші тәте екен. Дауысынан таныды. Анасы екеуі күбір-күбір әңгімеге көшті, анасының қасында былдырлап қарындасы жүр. Тілі кәдімгідей шығып қалды, көп сөзді анық айтады. Бірақ Марат екеуі ұзақ ойнай алмайды. Сондықтан болар, кішкентай Кәусар күні бойы анасының жанынан шықпайды. Бір сәт аулаға шығып ойнағысы келіп тұрды да, өзі жоқта әкесі үйге кіріп, қайта кетіп қалатындай, ол ойынан айныды. Не де болса әкесін үйде күтпек.
«Бүгін де келмеді ме? Ойын-сауық орталығына тағы бармайтын болдық», – деп әкесін күтіп, көңілі құлазыған Марат төсегінде ойланып жатып көзі ілініп кеткенін байқамады. Түсінде «Мега» ойын-сауық орталығында жүр екен. Айнала жарқыраған шамдар. Адам ығы-жығы. Арман да жүр екен, бұған қарап анадайдан қолын бұлғап қояды. Марат бір-бірімен жарысатын көліктердің біріне отырғысы келді. Әкесін жеңінен тартқылап тұр. Ол болса бұған қарар емес, анасы екеуі бірдеңені айтып мәз.
– Әке деймін, әке, – ана көк түсті машинаға отырайықшы. Мен машинаны жақсы жүргіземін. Жанындағылардан озып кетейік, – деп әкесін қолынан ұстап, машинаға қарай жүре берді.
– Қазір, балам, тұра тұр.
– Тұра ғой, балам. Мен келдім. Ма-р-а-а-а-т!
«Тұр-тұрлаған» дауыстан Марат оянып кетті. Әлгіндегінің бәрі түсі екен. Көзін қайта жұма қойды. Ойын-сауық орталығындағы қызықты сәтке қайта оралғысы келгендей. Бірақ жаңа көзін ашқанда әкесін көргендей ме, қалай?!
– Балам, тұра ғой енді. Бүгін бірге қыдырмаушы ма едік?
Әкесі мұны еркелете иіскеді. Уақытылы қырылмаған сақалы тікірейіп, мұның бетін қытықтай жөнелді. Жоқ, түсі емес екен. Шынында әкесі келіпті ғой. Алдамапты, әкесін сонша күткені бекер болмапты. Көзін ашып, әкесінің мойнынан қос қолымен тарс құшақтады. Қолын босатса, әкесі кетіп қалатындай. Сағынып қалыпты. Әкесі де орнынан тұрып, мұны төсектен көтеріп алды.
– Балам, бүгін бір жаққа баратын сияқты едік. Сенің ұйықтап жатқаның қалай? Мен жұмыстан келіп, сені күтіп отырмын.
– Алақай, бүгін «Мегаға» барамыз.
Мараттың даусы жарқын шықты. Көптен күткен қуанышты сәті туғанына бала жүрегі қатты қуанды. Анасымен жүрген бір бөлек, әсіресе Кәусар барда. Қарындасы тұрғанда бала болып еркелей де алмайтындай. Ал, әкесі болса, бұл армансыз ойнайды, қалағанын алдырады. Төртеуі бірге жүргенге не жетсін?! Бала көңілі қыдыруды ғана емес, тұтастықты да қалаған еді.
Лаура БАҚТЫБАЕВА