» » Қызылша дерті асқынып тұр

Қызылша дерті асқынып тұр

qarmaqshy-tany.kz СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ЕЛ КӨЛЕМІНДЕ ҚЫЗЫЛША ДЕРТІ ӨРШІП ТҰР. ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ БҰЛ ДЕРТКЕ ДУШАР БОЛҒАН ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРАСЫ ҚАЛЫҢ. БҰЛ ЖҰҚПАЛЫ АУРУ БҰРЫН «БАЛАЛАР ШЕШЕГІ» ДЕП АТАЛҒАН. ВАКЦИНА ПАЙДА БОЛҒАНҒА ДЕЙІН ЖЕР БЕТІНДЕГІ БАЛАНЫҢ 85 ПАЙЫЗЫ ДӘЛ ОСЫ ИНФЕКЦИЯМЕН АУЫРҒАН. ӘР ЕКІҮШ ЖЫЛ САЙЫН ЭПИДЕМИЯ ҚАЙТАЛАНҒАН. БҰЛ ЖОЛЫ АДАМ ӨМІРІНЕ, СОНЫҢ ІШІНДЕ БАЛАҒА АСА ҚАУІП ТӨНДІРЕТІН ҚЫЗЫЛША ИНФЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕ ТАРҚАТЫП ЖАЗБАҚПЫЗ. БҰЛ ҚАНДАЙ ИНФЕКЦИЯ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ОДАН САҚТАНА АЛАМЫЗ? ОСЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП ІЗДЕЙМІЗ.

Дәл қазіргі уақытта қызылша ауруы Қазақстанның барлық өңірінде тіркелген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлім етті. Оның дерегіне сәйкес, қызылшамен аурудың жоғары деңгейі Шымкент қаласында, Жамбыл және Алматы облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.
Облыстық Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері лабораториялық зерттеулер нәтижесімен 2 қарашадағы мәлімет бойынша өңірде қауіпті індеттің 619 жағдайы тіркеліпті. Нақтысын айтқанда, 531 жағдай 14 жасқа толмаған балаларда белең алса, оның ішінде 146 жағдай 1 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында асқынып тұр. Ал ересек тұрғындардан 88 науқас анықталған.
– Қатерлі індетке қарсы қажетті екпе алмаудың салдары дерттің асқынуына соқтырып тұр. Соның ішінде вакцинадан бас тартқан тұрғындардың үлесі өңірде 44 пайызға жеткен. Сондай-ақ тиісті мерзімде жоспарлы вакцинаны алмай жүргендердің көрсеткіші 3,5 пайызды көрсетеді. Бұдан бөлек, 78 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екені анықталды. Бұл да өз кезегінде аурудың жылдам таралуына жол аша түсті. Жалпы, қызылша індетінің қауіптілігі Қызылорда облысы ғана емес, еліміздің көптеген аумағында айқын сезіледі. Соған орай індеттен сақтану және алдын алу шараларын күшейтпесе, жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қиындай түсуі мүмкін, – деп түсіндірді облыстық Санитарлықэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова.
Департамент басшысы өз кезегінде ауырғандардың ішінде екпе алғандар да кездесетінін айтты. Дей тұрғанмен, індетті жұқтыруы қызылшаға қарсы екпенің толық курсын қабылдамауынан туындап отырғанын жеткізді.
Жалпы, облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 441 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде екен. Ал ауданда жыл басынан бері 16 жағдай тіркелген. Барлығы лабораториялық зерттеумен қамтылып, біреуі теріс нәтиже көрсетіп диагнозы өзгертілген. Қызылша диагнозы қойылған 15 жағдайдың 4-еуі бес жасқа дейінгі бала, 6-сы он төрт жасқа дейінгі бала, ал 5-еуі 18 жастан асқан ересектер.
Жалпы қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Қазақ халқы ел ішінде тараған, әсіресе жаңа туған нәрестені «баудай түсіретін» бұл жұқпалы аурумен ертеден күрескен. Кезінде инфекциямен ауыл шетіндегі бір бала ауырса, ол келіп-кетіп жүретін көрші-көлем арқылы бір қауым елге жұғып, тарап кететін болған.
Халық емшілері бір балаға шыққан қызылша басқаға жұқпауы үшін науқастың үйінің сыртқы есік маңдайшасына белгі ретінде түсі қызылдан бөз (бөз – мақтадан тоқылған жұқа мата) байлатқызып қойған екен. Қазақ әуеліде «Кісіміздің еті шикі еді, қызылша шығып пісіп жатыр» деген пайыммен шикі ет те іліп қойған. Алайда оны қарға, құзғын, сауысқан сияқты құс атаулы іліп әкетіп немесе жеп кете берген соң бөзге ауыстырған. Сондағы шикі ет, қызыл бөз ілу – «Үйге кірмеңіз, өзіңізге жұғады» деген ескерту болған көрінеді.
Сондай-ақ мамандар бұл қорғану әдісін қазақ халқынан өзгелер де қолданғанын айтады. Бала кезімізде өзімізге де қызыл киім кигізіп қоятыны есімде қалыпты. Алайда бұл өзгелерге үйде қызылшамен ауырып жатқан науқас бар екенін білдіру үшін жасалғанын ұмытпағанымыз жөн. Мұның аурудың еміне еш әсері жоқ. Осы нәрсені шатастырмаған абзал.
Негізінен, қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғары тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жедел вирустық инфекциялық ауру. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерт адамнан адамға ауа тамшылары мен жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады екен. Соның салдарынан қызылшамен ауыратын адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда да екпе алмаған адамдардың жедел жұқтыру қаупі өте жоғары болатын көрінеді.
– Қызылша – өте жұқпалы вирустық ауру. Бұл вирус сыртқы ауаға төзімсіз. Көп жағдайда балалар ауырғанымен дерттің қауіптілігі өте жоғары. Жұқпалылығы – 95%. Ауру адамнан сау адамға ауа арқылы тікелей жұғады. Ортақ пайдаланылған заттардан, үшінші адамнан жұқпайды. Жалпы жылдың кез келген мезгілінде кездесе береді. Бірақ күннің салқындаған мезгілінде жиілейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлем бойынша әрбір сағатта 15 адам осы індеттен көз жұмады екен. 1980 жылдарға дейін бұл дерттен өлім көрсеткіші өте жоғары болған. Екпенің арқасында қызылша ауруын жұқтырушылар дерегі азайған. Бала бұл вакцинаны 12-15 айында және 6 жасында тегін алады. Егер екпе қабылдаған бала ауырған жағдайда да жеңіл өткереді. Ауруды алғаш жұқтырғанда бірден белгілері көзге түсе қоймайды. Бұл 7-21 күнге созылатын инкубациялық кезең деп аталады. Одан кейін бөртпе шығады. Жалпы бөртпе шыққаннан бастап бесінші күнге дейін баладағы қызылша келесі адамға жұғады. Асқынулар болса он күнге дейін келесі адамға жұқтыру қаупі бар. Одан кейін жұқпалылығы төмендейді. Егер бала кішкене кезінде бұл аурумен ауырған болса, онда өмірлік иммунитет қалыптасады. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, көздің қызарып, жасаурауы, жарыққа сезімталдығы, мұрнынан су ағуы, құрғақ жөтел, дауыстың қарлығуы, таңдайда қызыл дақтардың пайда болуы жатады. Бөртпе де ең бірінші бет, құлақ, мойынға, одан кейін кеуде, қол тұсына, кейін толық денеге шығады. Кейбір жағдайда аурудың деңгейіне байланысты іш өтуі, сандырақтауы, есінен танып құлауы мүмкін. Бұл ауру жалпы көп жағдайда балаларда жеңіл түрде өтеді, ал ересектерде ауыр асқынулар болуы мүмкін. Егер дәрігерге кеш келген жағдайда балада да, үлкенде де пневмония, көздің көрмей қалуы, құлақтың естімей қалуы секілді ауыр дерттерге ұласып кетуі мүмкін. Инфекция миға шабуылдаған жағдайда оның 40 пайызы өліммен аяқталады. Жалпы кез келген адам бұл ауруға бейжай қарамағаны абзал. Оның алдын алу, яғни оған қарсы вакцина салу әзірше ең дұрыс шешім болмақ, – дейді дәрігер-инфектолог Ұлықбек Абдулхамид.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем бойынша бұл індетке байланысты эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакциналау барысының әлсіреуімен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет әлсіреген сайын ауруды жұқтырып алу қаупі күшейе түсетінін алға тартады. Одан бөлек қазіргі таңда азаматтардың діни сеніміне байланысты баласына екпе егуден бас тартушылар көбейіп келеді. Жоғарыда дәрігер балаларға екпенің тегін жүргізілетінін де атап өтті. Дертті жұқтырған балалардың жанында болған үлкендерге де екпе алуға болады. Ол үшін аймақтық учаскеңізге барсаңыз жеткілікті. Екпе алғаннан кейін дерттің белгілеріне ұқсас бастың ауыруы, дене қызуының көтерілуі секілді симптомдар кездессе алаңдаудың қажеті жоқ дейді дәрігерлер. Бұл ағзада ауруға қарсы иммунитеттің қалыптасып жатқандығынан екен. «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Сондықтан баламызға да, өзімізге де уақытылы екпе қабылдап, байқас болайық. Дерт дендемесін десек, денсаулығымызды күтіп, ұжымдық иммунитет қалыптастырған жөн.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 қараша 2023 ж. 589 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 301

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 398

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930