«Бекмырза, Бекет бастаған...»
qarmaqshy-tany.kz Атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов өзінің «Ел қамын жеген ерлер» атты өлең жолында:
– Күллият Кете ел атын
Бекмырза, Бекет бастаған, – деген сөздердің өзі Бекет Өтемісовтың жұртшылыққа есімі танылған би болғанын аңғартып-ақ тұр.
Бекет бидің туған жылы мен қайтыс болған жылдарын былайша айтады. Өзінің атымен аталатын «Бекет құмында» 1815 жылы өмірге келіп, 1898 жылы осында өмірден өткен. Ауызша жеткен ататек шежіре бойынша Қаракетеге қарасты Құлыс бабадан бастау алған. Құлыстың Сармамбетінен – Мұртазалы – одан Добай. Добай бабадан – Есен ата өрбиді. Есеннің үлкені – Жомарт. Жомарттан Игілік, Әжібай туады. Әжібайдан – Өтеміс – одан Бекет, Аман, Жанбала, Ораз, Тынымбай, Тиішбай тараған. Бекеттен – Базар, Әлімбай, Қарман, Әлмен, Ақтан өрбиді. Базардың баласы – Құлжан болыс болған.
Жұртшылық аузында Бекет пен Аманның есімдері ілтипатпен аталады. Аманнан – Айтбай. Ал өзіміз көрген ағайынды Жұбаев Тілеу мен Қабақ та ел ақсақалы еді. Айтар сөзі бар тұлға болды. Бұл кісілер Өтемістен туған Ораз бабадан тарайды. Колхоз құрылысының ардагері. Бекет Өтемісовтің есімі ХІХ ғасырдың 40-50 жылдарында көрініс береді. Орынбор генерал-губернаторы Ладыженскиге Кете-Шөмекей билері арнайы хат жазып, бұрынғы жайлауларын қайтып беруді сұраған өтініштерін 1864 жылдың желтоқсан айында қайтара жазған (10-12 желтоқсан). Ол өтініш хатта мал жайылатын өрістерінің тарылғанын және полковник Писеровтың шешімін өзгертуін талап еткен. Талап, мәлімдемеге айтулы билер қолдарын қойған. Олардың басында кіші жүз билері және Кете-Шөмекейдің билері тұр. Солардың арасында Қара-Кете билері (Құлыс бөлімі) Бекет Өтемісов, Малғара Түзелбаев, Асан бөлімінен Бекмырза Еркінбаев, тағы басқа билер қол қойған.
Үшінші бір архив құжатында: 1864-1865 жылдарда Қуаңдария бойынан сексеуіл дайындап беруге келісім-шарт жасап, ақша алғандығы және түтін-пұл жинағаны айтылған. 1862 жылы Малғара Түзелбаевпен бірге Бекет Өтемісов Орынбор және Самара губернаторларынан сый-сияпат алғандығы жөнінде хаттама және Бекет бидің мөрімен растаған құжаты бар. №383 қорда хатталған.
1868 жылғы тағы бір құжатта Перовскі уезіне қарасты Шаған болысында №2 ауылында қыстауда отырған адамдардың ауылдары, аты-жөндері жазылған. Осы құжаттан оқығаным арасында өзіме есімдері таныс кісілер тізбесі кездесті. Олар Бекет, Аман, Жанбала, Ораз, Теңізбай, Тиішбай Өтемістердің тізбесіне жолықтым. Бұлармен қатар Әлен, Базар, Нарман Бекетов және Ізтілеу Қызылбаев пен Аяп Қалымбетовтер есімдері жазылған. Мұндағы Ізтілеу атақты ақын Тұрмағамбеттің, Аяп – белгілі ақсақал, шежіреші Үбісұлтанның әкелері.
Сыр еліндегі белгілі журналистердің бірі Дәуіржан Елубаевтың айтуынша Қарақұмда өткен Өтемістің асына қатысқан Кеген Кете Таңатар мен қожа кісінің арасында болған әңгімелердің бар екенін қызыға айтқан-ды.
Бекет Өтемісұлы (Өтемісов – Т.Д) жайлы соңғы түскен құжатта (Қуаңдария болысында – Т.Д) Бекет Өтемісов мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығымен айналысқан. Оның бір өзінде егін егуге жарамды 3 десятина жері және 7 пұт бидай, 5 пұт арпа, 2 пұт тары, барлығы 70 пұт астығы барлығын жазған. Қазақша есепте 1 пұт 12 килограмм болса, онда Бекет биде 1120 килограмм астық болғандығын білеміз. Сонымен қатар тіпті Аманда – 5 пұт бидай, 5 пұт арпа, 1 пұт тары, 2 десятина жері болса, баласы Базар Өтемісте – 3 пұт бидай, 2 пұт арпа, 1 пұт тары, 7 десятина жері болған. Архив құжаты осылай деп жазған.
Архив құжатының бірінде (1862) Өтемісов Бекмұхамед деп жазылған. Олай болса азан айтып қойған есімі келе келе Бекет аталған. Тағы бір айта кететін жай Бекеттің туған жылы 1815 жыл емес, 1825-1827 жылдары болуы мүмкін. Бұл менің шамалауым.
Бекетке іні болып келетін Шегебай Бектасұлының (1853-1916) бір толғауы былайша жырлаған.
«... Бекмырза, Пірен, Бекеттің
Моласының тұсынан
Әлде де болса, мұны біл.
Атыспен ешкім желмеген,» – десе ақын, әрі шежіреші Әлімбай Әлиасқаров:
«... Қалдан мен Алмат,
Бекетті Тентектерге ұр да жық
Қылышы дода ем еді», – деп атақты билердің қатарына қоса жырлайды.
Бертінде өмірден өткен Әлиакбар Жұматаев ақын:
«... Өтеміс Әжібайдан туды кейін,
Әрі би, батырлыққа болған бейім», – дей келе Өтемістен туған – Бекет пен Аманды, олардың балаларын жырға қосқан. Болыс болған Құлжаннан туатын Жарылқасынды бабалардың көзіне теңепті де одан Жақсымұратты жалғаған.
Қазағымда бала әкеден бір ширек кем туады дегендей, кейінгі Өтеміс оның балалары Бекет, Аман, Ораздардың ұрпақтары, олардан тараған шөбере-шөпшектері арасында ақсақалдық жасаған ұрпақтары болды, алда да бола бермек.
Біздің негізгі кейіпкеріміз Бекет пен Аман. Олардың есімдері ХІХ ғасырдың 40- 50 жылдарынан жазба деректері кездеседі. Атап айтқанда 1850, 1853, 1862-1864, 1874, 1891 жылдарда Ресейлік құжаттарда хатталған. Мөр басқан құжат 1862 жылғы. Мендегі архивімде Бекет, Аман Өтемісов пен басқаларының есімдері 1891 жылғы құжатта да жазылған. Демек Өтемісовтер аумаққа белгілі азаматтар болғандығын, жұртшылық арасында «Бекет айтса, бекем айтады, соған тоқтайық» деген сөздер де қалыптасқан.
Өтеміс пен Аман Қарақұм жайлауында қайтыс болып, сонда жерленсе, Бекет Ақтайлақ кезең маңындағы қысқы қонысында бақилық болады. Ұрпақтары бейіт басына мұнара тұрғызып, көктастан белгі де қойған. Бірақ та, қар мен жаңбыр, жел мен дауылға шыдас бермей бүгінде құлаған, орнына ұрпақтары бас болып, ел азаматтары қолдап, ескерткіш белгі ретінде мұнара тұрғызып, мрамордан ескерткіш белгі (2003) орнатты. Енді олар Өтеміс биден тараған ұрпақтары «өлі разы болмай, тірлік болмас» дегендей, үлкен ас бермекші.
Сыр сүлейлерінің ұстазы атанған атақты ақын-жырау Балқы Базар (1841-1911) Өтемістің балаларын көріп, дастарқандас сыйлас болған кісі. Базар жыраудың Қаражан болысқа арнауында көптеген белгілі кісілердің есімдері аталған. Соның бірі – Өтеміс ұрпақтары.
«... Баласы би Өтеміс – Бекет, Аман,
Аз ауыл Жайлыбайға тиді панаң.
Әркімнен артық туған ерлер едің,
Сөйлесе сөзге шешен, жолға маман», – дей келе,
«Бекет пен Аман еді шын қазанат,
Жабыдай сүрінбейді арғымақ ат.
Жақсыға өздеріңдей сынатпаққа», – деуінде үлкен мән жатыр, кімнің кім екенін кейінгі ұрпақтар білсін деген бұл өлеңде мақсат бар, бұдан артық баға болмас.
Бекет, Аман билердің өмір жолдарынан бұрындары да хабарым бар болатын. Алайда осы мақаланың дүниеге келуіне Қойбақ, Айтбай би ұрпағы, Байтілеу-Назардың Өтегеннен туған Мырзабайұлы Сұлтанбек ініме алғысымды білдіремін.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
«Құрмет» орденінің иегері,
«Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері»