Жаңа бекет бой тіктеді
Ауданда кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатарының толығуы қуантарлық жайт. Ал кәсіптің көбеюі өңір экономикасының өркендеуіне жол ашады емес пе? Жақында Төретам кентінде «Гелиос» жанар-жағармай құю бекетінің тұсауы кесілген еді.
Халықаралық автобаннан бой көтерген нысанның құрылысы 2020 жылы басталған. Жүйткіген көліктер өтетін аумақта орналасқан бекет бір уақытта 10 автокөлікке қызмет көрсете алады. Жоба құны 434 млн теңгені құрайды.
– Күре жолдың бойы кәсіпкерлікке кең өріс ашып отыр. Сондықтан, мұндай сервистік нысандардың ашылуы өз кезегінде экономикамызға тың серпін берудің бір тетігі. Жұмыссыздықпен күресте де, кәсіпкерлікті дамытуда да біз толассыз еңбек етуіміз керек. Өйткені, қай мемлекетте де алдымен экономикалық жағдай сарапқа салынады, – деді аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов.
Халықаралық дәліздің жол бойында күніге 5 мыңға жуық автокөлік өтеді екен. Сол үшін жол бойын табыс көзіне айналдырудың барлық мүмкіндігі бар екенін мамандар да жасырмады. Бүгінде жаңадан халық игілігіне беріліп, есігін ашқан «Гелиос» бекеттер желісі Қазақстан нарығында 20 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында Қазақстанның 61 елді мекенінен 270 жанар-жағармай құю бекетін ашқан. Оған қоса, 26 мұнай базасы бар.
– Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру жан-жақты іске асырылып жатыр. Жаңа жанар-жағармай құю бекетінің ашылуы – бәрімізге ортақ қуаныш. Бекет жаңадан бой көтерді. Соның нәтижесінде жолаушыларға ыңғайлы қызмет көрсетудің барлық түрін ұсынып отыр, – деген көлік тізгіндеушілер бекет ұжымына сәттілік тіледі.
Айта кеткен жөн, аудан бойынша барлығы 11 май құю бекеті жұртшылыққа қызметін ұсынуда. Бүгінде сол нысандарда барлығы 113 адам екі қолға бір күрек тауып, нәпақасын көріп отыр. Жаңа жанар-жағармай бекетінде де жергілікті халықтан 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
Айнұр ӘЛИ