» » Мәртебелі ұстаз тұғырына қалай көтерілеміз?

Мәртебелі ұстаз тұғырына қалай көтерілеміз?

qarmaqshy-tany.kz Ұстаздық – ұлы есім. Ұстаз – мектептің жүрегі. Ұстаз – ұлы мамандық. Иә, бұл сөздерді біз мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, өміріміздің әр кезеңінде естиміз, айтамыз. Бірақ, шын мәнінде, мағынасына үңіліп, жете түсіне алып жүрміз бе?!

Оқушыларды басқару, оқулықта берілген тапсырмаларды орындату – кез-келгеннің қолынан келетін іс. Ал, өскелең ұрпақпен жұмыс жасау барысында қызметіңе деген жауапкершілікті ғана сезінбей, жүрек түкпіріңде бұғып жатқан қарым-қабілетіңді қоса жұмсап, мейіріміңді төгіп, ынтаықыласыңмен берілу барша ұстаздың бойынан табыла бермесі анық. Ұстаздық еңбек жолымның басында қиналған сәттеріміз де болды. Ол жағы жасырын емес. Теориялық біліміңнің болуы бір басқа, сыныптағы көзі жәудіреп, сенен көмек қолын күтіп отырған оқушының әрбіреуімен жұмыс жасау, оларға баға беру, үздіксіз білім жетілдіру мен іздену тәжірибені, жігерлілікті, табандылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Біле тұрып, сол білгеніңді өзгеге үйрету және оны бағалау немесе оқушымен бірге жүріп, бақ сынап, түрлі бәйгелерге бірге қатысу, бір сөзбен айтқанда, шәкіртіңмен ыстыққа бір күйіп, суыққа бір тоңудың өзі – үлкен еңбек әрі қайталанбас қиын да қызықты сәт.
Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – қоғамдағы педагог мәртебесі. Әлеуметтік желілерден, көгілдір экраннан көріп жүргеніміздей, қоғамда ішінара болса да педагогтың абыройына нұқсан келтіретін, жала жабылатын жағдайлар орын алып жатады. Қарап отырып күйінесің. Дегенмен бұл мәселеге де нүкте қойылды. 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, өз күшіне енді.
Иә, бүгінде қоғам ілгері дамыды. Ақпарат ағымы лезде тарайтын, ақын М.Шаханов жырына қосқандай, «компьютербасты» адамдар заманы қалыптасты. Аға буыннан бастап, өскелең ұрпаққа дейін кез-келген жерде кішкене бір темір құрылғыға кіріп кете жаздап отырғандары. Ғаламтордағы түрлі желілер, сананы жаулаған сансыз суретке толы ойындар, одан қалса, жан түршіктірер жаңалықтар алдыңғы қатарда тұрған кезде, болашақтың тұтқасын ұстар жастарымыздың бойына сапалы білім мен саналы тәрбиені қалай сіңіреміз? Мәртебелі ұстаз тұғырына қалай көтерілеміз? Бұл – бүгінгі ұстаздар қауымының негізгі мәселесі, басты сұрағы.

«Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген ақын Мағжан Жұмабаевтың сөзі өзінің мән-маңызын, өзектілігін ешқашан жоймақ емес. Педагог мәртебесін көтеретін негізгі фактор – ол оқушының білімі. Жаңа заманға сай, бәсекеге қабілетті біліммен қаруланған, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарған оқушының ұстазы да еленбей қалмайды.
Педагог мәртебесін арттыруда білікті, білімді маман болумен қатар, мінез көркемдігі мен түрлі әдіс-тәсілді орынды, тиімді қолдана білудің маңызы зор. Көз алдындағы жас теректей жайқалған оқушыны бөліп-жармай, жан-тәніңмен білім беру, шәкіртіңнің қуанышына ортақтасып, көңіл-күйін бұлт торлаған жабырқау сәттерде шынайы жанашыры, оқушы өз ойын сеніп айта алатындай сырласы, досы бола білу – қазіргі мұғалім бойынан табылуы тиіс қасиеттер. Ұрсып-жеку, ұру – өткеннің ісі. Заман талабы кез келген мәселені сарапқа салып, ақылмен шешуді, білім алушымен етене жақын болуды талап етеді. Түрлі ақпарат көздерімен сусындаған жас өскін құбылмалы, толқымалы, сенгіш, еліктегіш келеді. Осы орайда, отбасындағы ата-анамен бірлесе жұмыс жасап, оқушының болашақта тамырын тереңге жайған алып бәйтеректей болып өсуіне бағыт-бағдар беретін де осы мұғалім мамандығының иелері. Осы қасиеттер арқылы педагогтың қоғамдағы мәртебесі де айқындалмақ.
Үлкен қалалармен салыстырғанда елді мекендер мен ауылдық өңірлерде мұғалімдік мамандықтың қадірлі екені айтпаса да белгілі. Оның үстіне, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек жолын бастауға ауылға бет алған жас мамандарға материалдық көмек пен рухани тұрғыда қолдаудың көрсетілуі оларды жігерлендіріп, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Сонымен бірге ауыл мектептеріндегі мұғалімдер жалақысының қала мұғалімдеріне қарағанда артық болуы да педагогтерді ынталандыру мен мәртебесін көтеруден туындап отыр.
Өзгермелі қоғамдағы мәртебелі педагог – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға, оқушымен тез тіл табыса білетін жан. Осы тұрғыда баса назар аударатын мәселенің бірі – шәкірттің ішкі жан сырын ұстазға сеніп айта алуы, ұстаздың оқушының көңіл-күйін дөп басып, оған ақылмен, өзінің түр-тұлғасымен, өнегелі ісімен үлгі бола білуі болып табылады. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Мен де ұстаздық қызметім барысында осы айтылған талаптар мүддесін толық қамтитын ұстаздар тобынан болуға бар күш-жігерімді жұмсау үстіндемін. Өз бойыма жауапкершіліктің жүгін артып, «мұғалім» деген мәртебелі атты алып жүргеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен педагог деген асқақ мәртебеге ие болудың асқан ыждағаттылықты, жауапкершілікті, білімділік пен біліктілікті қажет ететінін жан-тәніммен ұғынып, өзімнен кейінгілерге жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсететін мерзім деп білемін. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде оқушыларға білім беру барысында түйгенім, алдыма үлкен мақсат қоя отырып шеберліктің шыңына жету, үйренгендерімді үйрету – үлкен жауапкершілікті қажет ететін, сынның елегінен өтіп, үлкен мақсатқа қол созатын игі іс.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
03 қараша 2023 ж. 453 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 301

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 398

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930